Кеше Арқалық қаласында 84 жастағы әжей көз жұмды. Артынша әлеуметтік желілерде кейуананың қазасына байланысты сан-саққа жүгірткен әр түрлі әңгіме көбейіп кетті.
Өйткені алғаш өңірлік жедел ақпарат штабы зейнеткердің індеттен көз жұмғанын мәлімдеп: «20 сәуір күні қан қысымы көтеріліп кеткен соң, зейнеткер үйіне дәрігер шақыртқан. Учаскелік дәрігер кейуананың тыныс алуы ауырлап, өкпесі қабынғанын анықтап пневмония деген диагноз қояды. Алайда зейнеткердің ұлы анасын ауруханаға жатқызудан бас тартқан. 25 сәуір күні науқастан алынған талдау қорытындысы шығып, COVID-19 диагнозы анықталады. Сол күні зейнеткер үйінде жатып көз жұмады. Науқаспен байланыста болғандар анықталып жатыр» - деген ресми ақпарат таратқан.
Артынша жедел штаб бұл ақпараттың жаңсақ болуы мүмкін екенін, зейнеткер қазасының себебін түбегейлі анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
Хабарламада: «ҚР Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша Қазақстанның барлық өңірінде Денсаулық сақтау басқармалары жанынан коронавирусты жұқтырған науқастардың өлім жағдайын зерттеу жөніндегі комиссиялар құрылды.
Комиссия науқас өлімінің тікелей себептерін анықтау үшін медициналық құжаттамаға талдау жүргізеді.
Арқалықта үйінде қайтыс болған 84 жастағы науқасқа қатысты талдау жұмыстары 27.04.2020 ж. жүргізіледі.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша науқас өлімінің тікелей себебі анықталады.
Бүгінде науқас туралы барлық қажетті медициналық құжаттар Арқалық қалалық емханасынан және облыстық жедел жәрдем қызметінен сұратылған. Талдау нәтижелері кейінірек қосымша жарияланады» деп жазылған.
Қостанай облысы