• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2013

Құт мекен

990 рет
көрсетілді

немесе Асан Қайғы бабаның мұраты баяндалған алғашқы қазақ рок-операсы – «Жерұйық» дүниеге келді

Атының өзі бұрын-соңды көп естілмеген тың нәрсені адамның көруге, білуге ұмтылып тұратын әдеті. Роктың не екенін білеміз, опера да қазаққа жат жанр емес, ал енді осы екеуінің қосылуынан өмірге басқа бір өзгеше сарынды өнер туындысы келеді дегенге сену қиын. Себебі, классика мен қазіргі заманғы музыканы біріктіруге бола ма? Көне мен жаңа қабыса ма? Кешегі сарын даланың бүгінгі үнімен қосылғанда қалай бүтінделеді? Ескілікті естілікке айналдыруға бола ма? Жоба авторлары көрерменді өзіне несімен тартты десек, міне, сол өткен мен бүгіннің арасын жалғастыратын соқпақты таба алуымен деп қысқа тұжырған абзал.

немесе Асан Қайғы бабаның мұраты баяндалған алғашқы қазақ рок-операсы – «Жерұйық» дүниеге келді

Атының өзі бұрын-соңды көп естілмеген тың нәрсені адамның көруге, білуге ұмтылып тұратын әдеті. Роктың не екенін білеміз, опера да қазаққа жат жанр емес, ал енді осы екеуінің қосылуынан өмірге басқа бір өзгеше сарынды өнер туындысы келеді дегенге сену қиын. Себебі, классика мен қазіргі заманғы музыканы біріктіруге бола ма? Көне мен жаңа қабыса ма? Кешегі сарын даланың бүгінгі үнімен қосылғанда қалай бүтінделеді? Ескілікті естілікке айналдыруға бола ма? Жоба авторлары көрерменді өзіне несімен тартты десек, міне, сол өткен мен бүгіннің арасын жалғастыратын соқпақты таба алуымен деп қысқа тұжырған абзал.

Қашанда жаңа нәрсе туралы көкейге түйген-жиған әсерді сыртқа түгел шығарған дұрыс емес. Алғашқы қойылым несімен есте қалды? Бәрін біз де түгендеп бере алмағанымызбен, біразына тоқтала кетейік.  

Біріншіден, Бейбітшілік және келісім сарайында тұсауы кесілген сахналық туындының либреттосын қазақтың Қадыр ақыны (Мырза-Әлі) жазғандықтан көпшілікке бұл идея әу бастан-ақ өте қатты ұнағаны байқалады. Осы арада айта кетейік, 1980 жылы ақын осы аттас жыр жинағы үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағына ие болған еді.

Екіншіден, музыкасын белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов жазса, тың туындыны сахналауға Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан құрамында режиссер, Ресейдің Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Юрий Александров, суретші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Вячеслав Окунев, хореограф Ирина Шаронова, жарық суретшісі Ирина Вторникова мен бейнеарт Виктория Злотникова сияқты майталмандар бар шығармашылық топ қатысқан.

Үшіншіден, басты рөлдерді әртістермен қатар әншілердің де сомдауы көрермен үшін бұрын­да­ры кездеспеген тың жаңалық бо­лып сана­лады. Мысалы, Асан Қай­ғы­ның бейнесін – Қа­зақ­станның ең­бек сіңірген қайраткері Нұр­­лан Өнербаев, Дударды – Бауыр­жан Исаев, Мәриямды Светлана Васина сомдады. Жұрт Әзәзілді ойнаған «Жастар» театрының әр­­ті­сі Бауыржан Нұрымбетовке тек­тен-текке қошемет білдірген жоқ. Рок-опе­раны сах­нада қалыптастыратын, тиянақтайтын, өмі­рін жалғас­тыратын негізінен әртістер десек, сол талапқа жас өнерпаздың қабілеті мен шеберлігі сай келіп тұрғаны еш күмән туғызбайды.

Төртіншіден, рок-операны ха­лыққа жақындатқан тағы бір нәрсе – қазақ эстрадасының қарлығашы «Дос-Мұқасан» вокалды аспапты ансамблінің сүйемелдеуімен небір маржан жырлар орындалды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Құсайынов бастаған майталман музыканттар «Жерұйыққа» алғаш тап келіп отырған жоқ. Бұл композиция сонау сексенінші жылдары дүниеге келген көрінеді. Ол кездегі “Жерұйықты” әйгiлi “Дос-Мұқасан” ансамблімен бірге Нұрлан Өнербаев сынды саңлақ әншілер орындаса, арада бірнеше жылдар өткен соң алғашқы үлгіге қарағанда көп өңделген, көп байытылған, жан-жақты дамытылған рок-операның кейінгі нұсқасына тағы бірталай белгілі өнер ұжымдары мен талантты орындаушылар қосылып отыр. Олардың қатарында Мәриям мен Дударды балеттік кейіпте сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Басбаева мен Рүстем Сейітбеков, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрынан Үш жүздің хандары мен батырларын ойнаған Жәнібек Мұсаев, Жанқалдыбек Төленбаев, сонда й-ақ, «Жастар» театрынан Бекжан Кәрібаев сынды өнер шеберлері бар. «Наз», «Терра» би театрлары мен теміртаулық «Брэйк Данс» би тобы жоба идеясының ойдағыдай орындалуына айтарлықтай үлес қосты.

Бесіншіден, рок-операны ха­лықтық шығармаға айналдырған ендігі бір ерекшелік – «Дудар-ай» сияқты жұрттың жүрегіне жақын інжу-маржанға қоса, мұндағы басқа да әндер мен билерден, күйлерден даланың жұпар исі аңқып тұрады.

Алтыншыдан, данышпан абыз Асан Қайғының жерұйықты іздеу сыры қазақтың қазіргі Арқаның алтын беліне қонған ұлы көшімен сабақтасып жатады. Туындыда Жерұйық адамдардың теңдігі мен бірлігінің, тату-тәтті тіршілігінің баянды бесігі болуға тиіс деп түйінделеді. Жер бетінде адамзат ақыл-ойының тек керемет жемістері самсап тұрса деген арман-үміт паш етіледі. Ел-жұртының бақыты мен болашағы жолында желмаясымен жер-жаһанды талмай шолған абыз бабаның сол құтты қонысты іздеп тапқаны шаттыққа кенелтеді. Ынтымақ пен өзара бірлік туынан басқа байлықтың өзгесі халық үшін соншалық қымбат емес. Сыйластық пен бірліктің тамырына айбалтасын сайлаған арамза ойлы дұшпанға жем болып кетпес үшін ішкі тыныштық пен бейбіт тұрмысты қадірлеу парыз. Алты атанға жүк артып, жылы, жайлы қоныс іздеген дала ойшылы ақыры өзінің діттеген межесіне қол жеткізеді. Зұлымдықты, Әз-әзілді жеңген елдің жаңа ұрпағы жаңғырып, жерұйығын табады. Авторлар идеясы бойынша Асан Қайғы бабамыз аңсаған Жерұйық қазіргі елдің жаңа астанасы қоныс тепкен құт мекен екен. Арманы орындалған қазақтан асқан бақытты халық бар ма деген асқақ рухты жүрекке жеткізетін туындыны тамашалап отырып, ертеңгі нұрлы күнге сенімің нығаяды. Сол Жерұйыққа сенің де тезірек жеткің келіп тұрады.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар