• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2013

Мағыналы болашақтың маңызды бастауы

380 рет
көрсетілді

Жуырда ғана Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аяқталды. Қазақстан-Қытай байланысы жылнамасындағы кезекті тарихи оқиға және татымды тармақ болып табылатын бұл сапар біздің елдеріміз басшылары арасындағы бұрыннан қалыптасқан жақсы өзара пікір алмасу дәстүрін жалғастырып, екіжақты қарым-қатынастың жаңа келешегі көкжиегін ашып берді. Маған ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі ретінде осы сапардың барлық буынындағы өзімді керемет әсерге бөлеген кездесулерге қатысу бақыты бұйырды.

Жуырда ғана Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аяқталды. Қазақстан-Қытай байланысы жылнамасындағы кезекті тарихи оқиға және татымды тармақ болып табылатын бұл сапар біздің елдеріміз басшылары арасындағы бұрыннан қалыптасқан жақсы өзара пікір алмасу дәстүрін жалғастырып, екіжақты қарым-қатынастың жаңа келешегі көкжиегін ашып берді. Маған ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі ретінде осы сапардың барлық буынындағы өзімді керемет әсерге бөлеген кездесулерге қатысу бақыты бұйырды.

Аталған сапар қауырт, жемісті және айрықша қалыпта өтуімен бірге, бұрын болып көрмеген бірқатар күтпеген қызықты да тағылымды оқиғаларымен ерекше есте қалды. Осылардың өзі кез­десудің мазмұны мен мәнін асқақтата түсті. Үш күндік сапар барысында ресми реңктегі ке­ліссөздер, кездесулер мен қа­былдаулар да, ашық-жарқын және еркін галстуксыз ұшырасулар да болды. Екі елдің көшбасшылары Астананың кешкі көріністерін бірге тамашалап, бірге қыдырды. Олар ресми іс-шараларға қатар барып, бизнесмендермен және студенттермен бірге дидарласты. Сапар соңына қарай Си Цзиньпин мен Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына да арнаулы ұшақпен бірге ұшып барды. Ал Қытай дипломатиясының тарихында екі мемлекет басшысының бір әуе кемесінің бортында бір жаққа бірге ұшып бару дерегі өте сирек кездесетін жағдай. Осының өзі біздің басшыларымыз арасындағы қысқа мерзім ішінде қалыптасып үлгерген жеке жоғары деңгейлі өзара сенім мен терең достықтың көрінісі болды.

Екі елдің басшылары осы үш күннің ішінде 14 сағаттан астам уақытты бірге өткізді. Осы сағат­тар­да олар екіжақты қарым-қаты­нас, мемлекетті басқару жайлары, сондай-ақ, күн тәртібіндегі екі жақ­тың да мүддесіне сай келетін ай­мақтық және халықаралық мәсе­ле­лер жөнінде жан-жақты пікір алмас­ты. Бұл мәселелер бо­йынша өзара маңызды түсіністікке қол жеткізген мемлекет басшылары екіжақты қарым-қатынастың орта және ұзақ мерзімді кезең­дері­нің стратегиялық жоспарын­ белгіледі. Тараптар «ҚХР мен ҚР арасындағы жан-жақты стра­те­гиялық әріптестікті одан әрі да­мы­тудың бірлескен декларация­сы» мен инвестицияның жалпы көлемі 30 млрд. долларды құрайтын 20-дан астам саяси құжаттар мен келісімдерге қол қойды.

Толық табыспен аяқталған атал­ған сапар екіжақты байланыс пен көп қырлы әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, Қы­тай-Қазақстан жан-жақты страте­гия­лық әріптестігінің соны көк­жие­гін белгілеп берді. Сапар қорытындылары бойынша біздің елдеріміз қарым-қатынасы жаңа тарихи дәрежеге шығуымен бірге, онда үш негізгі ерекшеліктердің бой көрсете бастағанын да атап өтуіміз керек.

Бірінші ерекшелік – стратегиялық сипат

Екі елдің көшбасшылары сапар барысында бір-бірімен ұзақ және түбегейлі кеңесіп, аймақтық және халықаралық жағдайлар жөнінде еш бүкпесіз пікір алмасты. Олар шын мәнінде де бір-бірімен өте жақсы үйлесіп кетті. Мұның өзі қытай-қазақ қарым-қатынасының стратегиялық сипатына шүбәсіз әсер етіп, екіжақты байланыстың одан әрі салиқалы да тұрақты қалыпта дами түсуіне маңызды кепіл және тоқтаусыз қозғаушы күш болды.

Біздің көшбасшыларымыз екі ел даму стратегиясының көп жағ­дайда бір-бірімен сәйкес келе­тінін бірауыздан атап өтті. Төр­аға Си Цзиньпин бастамашысы­ болып отырған қытай ұлтын қай­та жаңғырту жөніндегі қытай нә­сілінің арманы Президент Нұр­сұл­тан Назарбаев алға тартқан «Қазақстан-2050» Стратегиясымен мазмұн жағынан да, оны жүзеге асы­ру мерзімі жағынан да үндесіп жатыр. Біз бұл мақ­саттарымызға жету жолында бір-бірімізге толық қолдау көр­сете аламыз. Осыған орай, біз­ге­ Қазақ елі көшбасшысының Қытай Төрағасына қарап айтқан: «Егер Қытайдың ж ағдайы барлық жа­ғынан жақсы болып жатса, Қа­зақ­стандағы ахуал да жақсы болады», деген сөзінің мәні түсінікті бола түседі. Сондықтан біздің Төр­ағамыз бұл пікірге: «Қытай тарапы Қазақстанның өсіп-өркендеуін шын жүректен тілейді. Біз үшін тұрақты, қуатты және өркендеген Қазақстанды көру қуаныш», деп ағынан ақтарыла жауап қайтарды.

Екінші ерекшелік – іскерлік сипат

Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстанның іскерлік ынты­мақ­тастығы өте жылдам дамып келеді. Бұл орайда біздің қол жет­кізген нәтижелеріміз керемет, оған теңдес табу қиын. Осы ар­қы­лы біз көп көрсеткіш бойынша Қазақстанда «бірінші» деген өлшемге ие болдық. Айталық, Қы­тай – Қазақстанның саудадағы бірінші әріптесі. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 25 млрд. доллар дерлік деңгейге жетіп, біздің дипломатиялық қарым-қа­ты­насымыз басталған кезеңнен 70 есеге асып түсті. Қазақстан Қытай инвестициясын тарту жөнінен де бірінші орын алады. Біздің елдің мұндағы тікелей инвестициясы қазір 20 млрд. доллардың белесінен өтіп кетті. Сол сияқты, Қытай-Қазақстан мұнай және газ құбырлары тиісінше Қытайдағы бірінші орындағы трансшекаралық осындай жоба болып табылады. Ал екі ел шекарасындағы Қорғас халықаралық орталығы Қытайдың құрғақтағы бірінші осындай орталығы болып отыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бой көтерген бірінші Мойнақ су электр стансасын Қытай компаниясы салып шықты.

Мұндай белгілі нысандардың қатарында қазір салынып біткен және құрылыстары жүріп жатқан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» ав­томагистралі, «Чунцинь-Сицзянь-Еуропа» халықаралық темір жолы, «Қорғас - Алтынкөл» темір жолы, Атыраудағы жұпар иісті көміртегі өндіру кешені, Павлодардағы алюминий (қалайы) зауыты, Ақтаудағы битум зауыты секілді көптеген бірлескен ірі жобалар бар. Қытайдың CNPC компаниясы мұнай қоры жағынан әлемдегі екінші, ал Қазақстанда бірінші болып отырған Қашаған кен орнындағы үлесін сатып алу үшін 5 млрд. доллар инвестиция құйды. Сол сияқты, Қазақстанның Қытайдағы Ляньюньган портынан жалға терминал алып, құрылысын салуы жайына келсек, бұл нысан қазақстандық тауарлар үшін нағыз стратегиялық дәліз болмақ. Бұл дәліз Қытай мен Еуропаның арасындағы қашықтықты 3,5 есеге дейін қысқартуға жол ашады.

Үшінші ерекшелік – халықтық сипат

Қытай-Қазақстан ынты­мақ­тас­тығы екі елдің халықтарының түсіністігі мен қолдауынан еш уақытта бөлініп кеткен емес. Алдағы уақыттарда да солай болып қала береді. Біздердің қарым-қатынастарымыз халыққа қарап бағыт ұстап, халыққа сүйенуі және халыққа қызмет етуі керек. Бұл орайда қашанда мәселенің ұшар басына халықтың мүддесі шығарылып, шын мәнінде жұмыс халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында жасалуы тиіс. Төраға Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары барысында біздің екіжақты қарым-қатынастарымыздың ха­лық­тық сипаты айқын көрі­ніс тапты. Ол Назарбаев Универ­си­тетінде сөйлеген сөзінде жан те­бірентерлік үш тарихи оқиғаны атап көрсетті. Бұлардың барлығы да екі ел халықтары арасындағы байланыстың нақты үлгісі болып табылады, олар және біздің арамыздағы шынайы сезім мен­ берік достықты барынша ашып көрсетеді. Бұл оқиға екі ха­лық­тың арасын бұрынғыдан бетер жақындастыра түсті. Бұл туралы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде талай мәрте жазылды. Қазір сол мақалалардың кейіпкері, өзінің сирек кездесетін қанын берген Руслан Қытай мен Қазақстанға бірдей «жұлдыз-студент» атанып отыр.

Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстанның визаларын тіркеу кезіндегі қиындықтар жұрт­тың назарын өзіне көп аударып жүр. Төраға Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары қарсаңында екі елдің Сыртқы істер министрліктері арнайы консультациялық кездесулер өткізіп, қорытындысында бұл үдерісті жеңілдетудің жолдарын жасайтын болып келісті. Екі ел арасындағы байланыстың халықтық сипатын танытатын бұдан да басқа деректер баршылық.

Лэ ЮЙЧЭН,

Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі.

Соңғы жаңалықтар