• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Сәуір, 2020

Ерсін Жүнісов: Коронавирусқа шалдыққан науқасты әлемде әлі қолданылмаған әдіспен емдедік

5123 рет
көрсетілді

Қолдан жасалған құрылғы тура зауыттан шыққандай болып шықты.

– Ерсін Тұрсынханұлы, өзіңіз басқарып отырған Семей медицина университетінің ғалымдары жақында қазір күллі әлемді алаңдатып отырған коронавирус инфекциясымен күресте қолдануға болатын жаңа құрылғы ойлап тапты деп естідік. Бұл қандай құрылғы?

– Құрылғы жөнінде айтпас бұрын университетімізде дүние жүзін дүрліктірген індетке қарсы қолға алынған жұмыстар жөнінде аз-кем тоқталғым келеді. 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайдың Ухан қаласында жаман індет шыққаннан кейін әлем елдері жұқпалы дерттің емін іздей бастады. Елімізде де дер кезінде тиісті шаралар қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық медицина ғылымын дамытуды тапсырғаны белгілі. Қазір біздің оқу орны Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен аналитика, яғни талдау бойынша жұмыс істеп жатыр. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен келісе отырып, университет қабырғасында медициналық штаб құрдық. Инфекциялық, карантиндік, провизорлық ауруханаларға өзіміздің цифрлы технологияларымызды, телемедицинаны бейне камераларымыз бен планшеттеріміз арқылы ұйымдастырдық. Осы жерде айта кетер дүние, Өскемен және Семей қаласындағы ауруханаларға қосымша 4G планшеттерді жергілікті меценаттар мен қалалық және облыстық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының мүшелері де артығымен алып берді. Ал енді біздің ғалымдарымыз ойлап тапқан құрылғыға келсек, бұл – қарапайым ғана құрылғы. Құрылғыны науқас өздігінен тыныс ала алмай, ауыр жағдайда болғанда интубацияны тезірек қою үшін қолдануға болады. Бұл – бір. Екіншіден, құрылғы дәрігерлердің инфекция жұқтыру мүмкіндігін төмендетеді. Мәселен, осы құрылғыны қолданған жағдайда наркоз беретін реаниматолог науқастың тура үстінде тұрмай алысырақ тұрады, сол кезде инфекция жұқтыру деңгейі төмен болады.

 

Зауытта шығатын құрылғыны қолдан жасап шықтық

 – Түсінікті. Енді осы құрылғының қалай жасалғанын, идея қайдан келгенін айтып берсеңіз.

– Бұл құрылғыны жасауға дәстүрлі ларингоскоп, камера және смартфон пайдаланылды. Біздің университеттің реаниматолог дәрігерлері жас резиденттермен ақылдаса отырып ларингоскоптың үстіне штатив қойды да, смартфонға жалғады. Камера қоятын орын істеді. Қолдан жасалған құрылғы тура зауыттан шыққандай болып шықты. Әрине, бұл жұмыс оңай болған жоқ. Тоғы бар, камерасы бар, оның бәрін ларингоскопқа дұрыстап бекіту керек қой. Өйткені, бұл науқастың аузынан өкпесіне дейін кіретін құрылғы. Ларингоскоптың желкесіне камераны қою үшін көліктерде терезеге жабыстырылып тұратын ұялы телефонға арналған бекітпенің жартысын қиып алдық. Телефон мен камераны үйлестірудің де өзіндік қиындықтары болды. Бізге бәрінен де қиын түскені – камера. Мұндай камера біздің елімізде шығарылмайды. Гонконгта, Қытай мен Германияда шығады. Камераның бір данасын Гонконгтан тапсырыспен алдырдық, тағы да тапсырыс бердік. Осы жаңалығымызды естіген Семейдегі «Нұр Отан» партиясының мүшелері, әріптестерім қосымша жеңілдікпен алдыртып береміз деді. Кеше 3 камераны тауып, бізге сыйға тартты. Негізі зауыттан шығарылған, дайын тұрған бейне ларингоскоптар Швейцария мен Германияда бар. Олардың бағасы 1,5 миллион теңгеден 8 миллион теңгеге дейін барады. Бұл құрылғыны қазіргі жағдайда сатып алу, жеткізу мүмкін емес. Сондықтан біздің ғалымдар осындай қадамға барып, осы құрылғыны ойлап тапты. Ал бағасы барлық қосалқы заттарымен қосқанда 12 мың теңге ғана. Бұл дегеніңіз мемлекеттің денсаулық саласына бөлінетін қаражатына да үлкен үнем, яғни, экономикалық тұрғыдан тиімді әрі медициналық көмектің сапасына керемет әсер етеді.

– Бұл құрылғыны тексеріп, коронавирус инфекциясына қарсы қолданып көрдіңіздер ме?

– Бір камера дайын тұр. Кез келген уақытта қолдануға болады. Бірақ мұны әзірге қолданған жоқпыз. Өйткені, бізде құрылғыны қатты қажет ететін реанимациялық жағдай жоқ. Болмай-ақ қойсын. Құдай бетін аулақ қылсын. Жалпы, бұл құрылғыны тек коронавирус емес, басқа да ауруларға қолдануға болады. Біздің университеттің Реаниматология кафедрасының ассистенті Дәулет Сабыржанұлы Төкенов жас дәрігерлермен бірге құрылғыны бірнеше ауруға қолданып көріп, нәтижесі сәтті болғанына көз жеткіздік. Содан кейін біз мұны көпшілікке жария етіп, құрылғыны заңды түрде тіркету үшін халықаралық патент ұйымына жібердік. Қазір құрылғымызға қызығушылық танытып жатқан адамдар аз емес. Егер басқа өңірлердегі әріптестерімізден сұраныс болса, ларингоскоптарын әкелсе, камераны тегін орнатып беруге дайынбыз. Бізде оны қоятын инженерлер мен медициналық техниктер бар. Бұл – ұжымдық еңбек. Денсаулық сақтау министрлігі ғалымдардың еңбегін құптап, «өте жақсы шешім» деп жоғары баға берді.

 

12 бағыт бойынша әдістемелік нұсқаулық дайындадық

– Білуімізше, сіздер құрылғыдан бөлек бірнеше бағытта әдістемелік нұсқау әзірледіңіздер.

– Халықаралық университет болғандықтан көптеген шет елдің оқу орындарымен серіктеспіз. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің (АҚШ, Қытай, Израиль, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Түркия)  ғалымдарымен тығыз байланыстамыз. Желтоқсан айының соңынан бері әлемдегі ахуалды, коронавирусты емдеу барысындағы жетістіктерді, қолданылған озық технологияларды жіті бақылап отырмыз. Әсіресе, Ухан, Оңтүстік Корея, Жапония мен Израиль елдеріндегі емдеу шараларын мұқият зерттеп-зерделедік. Облыс пен қала деңгейіндегі жүргізіліп жатқан жұмыстардан бөлек әлемдік деңгейде аналитика жасай бастадық. Министрлік бізге талдау бойынша тапсырма бергеннен кейін әлемдік клиникалық хаттамаларды, Қазақстанда шыққан хаттамаларды қарастыра отырып, індетпен күрестің тиімді жолдарын іздестірдік. Осы мақсатта университетте талдау тобын құрдық. Бір жарым ай бұрын ғылыми кеңесте аналитикалық топтың жұмысы негізінде 12 бағытта әдістемелік нұсқаулықтар шығаруымыз керек деп шешім қабылдадық. Осы бағыттар бойынша оқу орнымыздағы 46 кафедра 12 топқа бөлінді де, ғалымдардан командалар жасақталды. Эпидемиологиялық ошақтарды қалай зарарсыздандыру керек, бұл бағыттағы жұмыстарды қалай ұйымдастыру қажет, реанимациялық-интенсивтік терапия қалай жүзеге асады, ауруханалар ішіндегі инфекциялық-эпидемиологиялық бақылау қалай жүруі керек, жүкті әйелдерді қалай емдеу керек, цифрлы технологияларды қалай қолдану қажет деген секілді бағыттар бойынша тәжірибелік дәрігерлерге әдістемелік нұсқаулықтар әзірледік.

Оларды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде даярлап шығарып, елімізге, дүние жүзіне тегін таратып жатырмыз. Әдістемелік нұсқау дүние жүзіндегі қолданылған әдістердің жиынтығы және өзіміздің ғалым клиницистердің, басқа да ауруларды емдеу диагностикасының негізгі принциптеріне сүйене отырып дайындалды.

– Қазіргі уақытта біздің облысымызда да Қытайдан тараған індетті жұқтырған науқастар бар. Біразы жазылып та шықты. Жазылып шыққан адамдарға сіздер әзірлеген әдістемелік нұсқаулықтардың көмегі тиді ме?

– Әрине, пайдасы болды. Жақында Семейдегі коронавирус инфекциясын жұқтырған 1956 жылғы науқастың жағдайы ауырлап, демала алмай, қан қысымы көтеріліп, есінен танып қала жаздады. Сол кезде өкпесіне жасанды желдету аппараты қойылды. Оған ем тағайындауға біздің ғалым дәрігерлермен қоса қаланың, облыстың білікті дәрігерлері де атсалысты. Нәтижесінде әдістемелік нұсқауда көрсетілген емді қолданып, науқасты өте ауыр жағдайдан қалыпты жағдайға түсірдік. Бұл жерде әлемде қолданылған әдістер де, өзіміздің аналитикалық талдау арқылы да дәл тауып қолданған әдістеріміз де бар. Өңірдегі коронавирусқа шалдыққан адамдар жатқан ауруханаларға біздің университеттің бейне камералары мен қосымша алынған планшеттері алдын ала қойылған. Елімізде коронавирусқа қарсы күресте цифрлы медициналық технологияларды алғашқы болып қолданудың арқасында ошақта жүрген дәрігерлермен, кейде науқастың өздерімен де сөйлесіп отырамыз. Осының арқасында біздің әдістемелік нұсқаулықтарымызды күнделікті науқастарды емдеуде бірден қолданып жатырмыз яғни, медициналық қызметкерлер ошақта жүріп іске асырып жатыр.

 

Індет жұқтырған адамдармен де сөйлесіп отырамыз

– Сонда сіздердің ғалымдарыңыз індетпен күресіп жатқан дәрігерлермен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр екен ғой.

– Иә, өйткені, медициналық штаб біздің университетте тұр. Штабқа кабинетімді босатып бердім. Өйткені, халық денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Көп жылдар Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істегенде бізге, жас ғалымдарға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан «Әрқашан халыққа адал қызмет етіңдер»  деген сөзі ылғи есімде жүреді. «Кабинетімді коронавирусқа қарсы медициналық штабтың қызметіне пайдаланыңыздар» деген ұсынысым облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қолдау тапты. Штаб арқылы коронавирусқа шалдыққан әрбір науқаспен тікелей байланысқа шығып, сөйлесіп, хал-ахуалын біліп отырмыз. Бейне камералар көмегімен дәрігерлердің не істеп жатқанын тәулік бойы бақылай аламыз. Біз әзірлеген әдістемелік нұсқаулық Өскемендегі науқастарға да қолданылып жатыр. Барлық клинцист профессорларымыз өз ақыл-кеңестерін беруде. Өскеменде де коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарда бір-екі қиын жағдай болды. Одан да бәріміз ақылдаса отырып сәтті шыға білдік.

– Коронавирусқа шалдыққан науқасқа қолданған, оң нәтиже берген әдістеріңіз қандай? Бұл әлемдік тәжірибеден алынды ма, әлде өздеріңіз ойлап тапқан әдіс пе?

– Жасыратыны жоқ, әлемде әлі ешкім қолданбаған бір-екі әдісті қолданып көрдік. Қуаныштысы, әдісіміз өз нәтижесін берді. Сурфактант деген дәрі бар. Өкпеде демалған кезде ауадан барған оттегіні қанықтыратын альвеолла деген жұқа мембрана бар. Вирус сол мембрананы бұзады. Сурфактант соны қорғайтын фермент. Оның дәрілік түрі бар. Біз коронавируспен ауырған науқасқа соны пайдаландық. Әлемде мұны ешкім пайдаланған жоқ, өйткені,  әлемдік ғылыми баспаларды, патенттік бюроларды толық зерттеп, қарап отырамыз. Біз Қытайдағы, Израильдегі дәрігерлермен телекөпір арқылы сөйлесіп отырамыз. Соңғы рет Израиль профессорларымен телекөпір болғанда:  «Сіздер сурфактантты қолдандыңыздар ма? деп сұрағанымызда: «Жоқ, қолданған жоқпыз. Ойланып отырмыз. Қолдану керек секілді» деді. Ал ол уақытта біз қолданып, одан оң нәтиже алған болатынбыз.

– Сонда бұл сурфактантты әлгіде өзіңіз айтқан ауыр жағдайда болған семейлік науқасты емдеуге қолдандыңыздар ғой.

 – Біздің медициналық штабта реанимациялық команда бар. Сол жерде ақылдастық. Ақылдаса келе «Осы дәрі осыған ұқсас жағдайларда қолданылады, осыны байқап көрсек қайтеді» деп сурфактантты пайдаландық.  Витаминдерді де, иммунитетті көтеретін иммуноглобуллин сияқты пентоглабин деген препаратты да қолдандық.

Орайы келгенде айта кетейін, біздің ғалымдар ғылыми зерттеулермен де шұғылданып жатыр. Жақында АҚШ президенті Д.Трамп коронавирусты зерттейтін ғалымдарға 5 миллиард долларға грант жариялады. Осы грантқа еліміздің атынан Түркия, Қырғызстан мемлекеттерімен бірге біздің университет қатысқалы жатыр. Халықаралық деңгейдегі ғалымдар болса грантты ұтып алу мүмкіндігі жоғары. Тіпті, бізге Силикон алқабынан хабарласып, дүние жүзіндегі осы індетпен ауырған науқастарға қатысты ақпараттарды жинап, диагностика жасауды ұйымдастыру үшін жасанды интеллект бағыты бойынша жұмыс істейік деген ұсыныспен шықты. Бұл  –  дүние жүзі бойынша жүретін үлкен жоба.

СЕМЕЙ