• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Экология 27 Сәуір, 2020

Қоршаған ортаға қамқорлық керек

5628 рет
көрсетілді

Қазақстан әлемдегі басқа елдер секілді қоршаған ортаның лас­тануы бойынша өткір мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Осы салада туындаған қауіп-қатерлердің себеп-салдарларымен күресу еліміздің алдындағы басты міндеттердің бірі.

 

Экологияны ірі кәсіпорындар бүлдіреді

Қоршаған ортаны қорғау ба­ғытындағы міндеттерді еңсеру тиім­ді заңнамалар қабылдаумен тіке­лей байланысты. Жал­пы, елі­міздің заңнамасындағы эколо­гия саласына байланысты нор­малардың басым бөлігін, әсіресе өндірістік кәсіп­орын­дарға қатыс­ты талаптарды уақыт талабына сай өзгерту аса маңызды. 

Қоршаған ортаны қорғау саласында қоғамды толғандырып отырған мәсе­лелердің бірі – өн­діріс орындарынан алынған эко­логиялық төлемдердің көп бөлігі қор­шаған ортаны қорғауға емес, бас­қа бағыттарға жұмсалуы. Сон­дай-ақ кәсіпорын­дарды «жасыл» технология енгізуге, өндірістік қал­дықтарды қай­та өңдеуге ынталандыру өз шешімін тап­қаны жөн...

Кейбір деректер бойынша, елімізде бүгінде тұрмыстық қатты қалдық (ТҚҚ) төгілетін 3500-ден астам орын бар. Со­ның 82,4 пайызы экологиялық және санитарлық нормаға сай келмейтін кө­рінеді. Жыл сайын миллиондаған тонна тұрмыстық қалдық төгілетін орындардың талап­қа сәйкес болмауы қоршаған ор­та­ға үлкен қауіп төндіреді. Шын мәнін­де, қазіргі таңда қоқыс алаңдары мәсе­лесін оңтайлы шешетін қандай да бір бағдарлама қабылданар емес.

Былтырғы 28 қарашада Сенат­тың Аграрлық мәселелер, таби­ғатты пайдалану және ауыл­дық аумақтарды дамыту коми­тетінің ұйымдастыруымен «Тұр­­мыстық және өнеркәсіптік қал­дық­­тарды жинау және өңдеу» тақырыбында Үкімет сағаты өткізілген-ді. Онда біраз мәселе қаузалған еді. Сенаттың Аграр­лық мәселелер, табиғатты пай­далану және ауылдық аумақ­тарды дамыту коми­тетінің мүше­сі, сенатор Әбдәлі Нұралиев сол жиында қаралған мәселелер жөнінде қысқаша былай деп еске алады: «Министр сенаторларға Қазақстанның «жасыл эконо­микаға» көшуі жөніндегі тұжы­рымдама аясында 2030 жылға қарай елдегі қалдықтарды өңдеу үлесі 40%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізілуге тиіс екенін хабарлады. Өз сөзін­де Сенат Төрағасы Дариға Назар­­баева тұрмыстық және өнер­кәсіптік қал­дықтарды жинау, кәдеге жарату және қайта өңдеу мәселелерін шешу ісіне баса назар аударып, экологиялық проблемаларды шешу үшін, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу қажеттігін жеткізді. Соны­мен қатар Д.Назарбаева Қазақ­стан аумағында орналасқан радиоактивті қалдықтар проблемасын өз алдына жеке қозғады. Ал Сенаттың аталған комитетінің төрағасы Әли Бектаев өз сөзін­де елімізде өндірістік және тұр­мыстық қалдықтар бойынша мониторингті, қайта өңдеуді және кәдеге жаратуды қамтитын қалдықтарды басқарудың кешенді жүйесі іс жүзінде жоқ екенін атап өтті. Бұл елдің тұрақты дамуына кедергі келтіретін жайт...».

Қазіргі таңда елімізде 130-дей қоқыс өңдеу кәсіпорыны бар. Олардың басым бөлігі ірі қалаларда орналасқан. Олар­дың көпшілігі шағын кәсіпорындар. Мұндай өңдеу орындарының шағын қала­лар мен аудандарда болмауы ондағы кәсіпкерлерді қалдықтарды ірі қалаларға тасымалдауға мәжбүр етуде. Бұл, әрине, шаруасы шағын кәсіпкерлерге қосымша шығын болатыны түсінікті. Сондықтан еліміздің әр қаласында, аудандарда қалдықтарды қайта өңдеуге арналған инфрақұрылым болғаны қажет-ақ.

Экология жөнінде сөз қоз­ғағанда өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесіне тоқ­талмай өте алмаймыз. Ескі зауыттар мен түрлі өндіріс ошақтары қоршаған ор­таны ластау көзіне айналғалы қашан. Бірінші санаттағы ірі өнер­кәсіптік кәсіп­орындардың көбі әлі күнге ескірген технологияларды қолданады. Ресми мәлімет бойынша, бұл санатта 2405 кәсіпорын бар. Олардан жыл сайын шамамен 3,9 млн тонна зиянды заттар шығады. Бұл Қазақстанда жыл сайын қоршаған ортаға 4,9 млн тонна зиянды зат шықса, оның 80 пайызы ірі кәсіпорындарға тиесілі екенін көрсетеді.

Өткен жылы білікті сарапшылар мен бизнес-қауымдастық ең үздік халықаралық тәжірибеге негізделген жаңа Экологиялық кодексті әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Құжат Үкіметтің кезекті отырысында ма­құл­данды. Кодекстегі негізгі өзгерістердің қысқаша мазмұны мынадай: «Қоршаған ортаға әсерді бағалау тәртібін (ҚОӘБ) барлық табиғат пайдаланушыларға емес, «бірінші санаттағы» ірі кәсіпорындарға ғана қолдануды қарастырады. 2025 жыл­дан бастап «бірінші санаттағы» ірі нысандарға кешенді экологиялық рұқсаттар (КЭР) қолданылмақ және қор­шаған ортаға шығарындыларды азайтуға бағытталған ең жақсы қолжетімді техно­логиялардың (ЕҚТ) тетігі енгізілетін болады. ЕҚТ-ға өткен компаниялар эмиссиялар үшін төлемнен босатылады, ал қалғандарына шығарындылар үшін төлем мөлшерлемелері 2028 жылдан бастап әр үш жыл сайын 2, 4, 8 есе біртіндеп өседі (2025 жылдан бастап топ-50 ірі кәсіпорын үшін). Жаңадан қосылған кәсіпорындар үшін КЭР алу міндетті болып саналады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар қор­шаған ортаны қорғау шараларын 100% көлемінде түсетін экологиялық төлемдер есебінен қаржыландыруға міндетті. Соны­мен бірге, экологиялық құ­қық бұзушылық үшін салынатын әкімшілік айыппұлдар 10 есеге арттырылады...».

 «Жасыл экономика» ғана жарылқайды

Экологиялық мәселелерді еңсеруде «жасыл экономикаға» көшу үдерісін жылдамдату аса маңызды. Мұны дәлел­деп жатудың өзі артық. Сондықтан ал­дағы уақытта салаға байланыс­ты қабыл­дануы тиіс құжаттар «жасыл экономика» қағидаларын сапалы түрде іске асырудың тиімді құралына айналғаны абзал. Сонда ғана еліміздегі экологиялық күрделі мәселелер шешімін тауып қана қоймай, «жасыл экономика» жас құрақтай жай­қалуға бет бұрады.

Елімізде жаңартылатын энергия көз­дерін ендіру бағытында кешенді жұмыс­тар жүргізілуде. Жаңартылатын энергетика, таза технологиялар мен инфрақұрылымды ілгерілету мақсатында көптеген халықаралық қаржы мекеме­сімен тиімді қатынас орнатты. Еліміз­дің «жасыл экономикаға» көшу тұжы­рымдамасы қабылданып, жалпы электр энергиясын өндіру ісінде ЖЭК үлесін 2030 жылға қарай 10%-ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға дейін ұлғайту көзделуде.

Осы орайда сенатор Әбдәлі Нұралиев саланы заңнамалық тұрғыда қолдау өзіндік оң ықпалын тигізіп отырғанын айтады.

«Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заң Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасын қалыптастыруға мүмкіндік берді, оның шеңберінде жаңартылатын энергия үлесі 2050 жылы 50% құрауы тиіс. Қазақстанның үлкен аумағы жағ­да­йын­да электрмен жабдықтауды орта­лық­тандырудың тиімсіздігін ескере отырып, ЖЭК-ті пайдалану шалғайдағы елді мекендерді электр энергиясымен қам­тамасыз етуге арналған шығындарды азайтуға жол ашады», дейді сенатор.

 Конвенция табиғатты қорғай ала ма?

Еліміздің экология сала­сындағы ха­лықаралық конвен­ция­ларға қосылуы және халық­аралық хаттамаларды ратификациялауы қоғамымыз үшін өте маңызды. Бұл орайда сенатор Әбдәлі Нұралиев соңғы уақытта атқарылған осы бағыт­тағы жұмыстар жөнінде былай дейді: Сенатта «Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қа­тысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияға Ластауыштардың шығарындылары мен тасы­малдарының тіркелімдері туралы хаттаманы рати­фи­кациялау туралы» заң жобасы тал­қыланды. Қазақстан 2000 жылдан бастап Ақпаратқа кіру, шешімдер қабыл­дау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияның (бұдан әрі – Орхус конвенциясы) қатысушысы. Хаттама – Орхус конвенциясының бір бөлігі. Хаттама Киевте өткен «Еуропа үшін қоршаған орта» бесінші министрлер конференциясы шеңберінде 2003 жылғы 21 мамырда Орхус конвенция­сы тараптарының кезектен тыс кеңесінде қабылданған. Хаттама – ластауыштардың шы­ға­рындылары мен тасы­малдарының тіркелімдері туралы (ЛШТТ) алғашқы заңдық тұрғыдан міндетті халықаралық құжат. Хаттамаға қосылу жұрт­шылықтың ақпаратқа қол­жетімділігін кеңейтуді қам­тамасыз етеді әрі жұртшылықтың қор­шаған ортаны қорғауға қатысты мәсе­лелер бойынша шешімдер қабылдау про­цесіне қатысуына ықпал етеді. Заң 2019 жылы 21 қарашадағы Сенат отырысында қабылданып, оған Қазақстан Президенті 2019 жылы 12 желтоқсанда қол қойды».

Сенатор Ә.Нұралиевтің айтуынша, мемлекет халықтың қоршаған ортаны қорғау, экологиялық түйткілдерді шешу ісіне белсене араласуын қолдауы керек. «Қазіргі кезде Мәжілісте қара­лып жатқан жаңа Экологиялық кодекс жобасының 3-тарау, 23-бабының 2-тармағында: «Әрбір адамның, қазіргі және болашақ ұрпақтың денсаулығы мен әл-ауқаты үшін қолайлы қоршаған ортада өмір сүру құқығын қамтамасыз ету мақсатындағы құқықтарын мемлекет таниды және кепілдік береді» делінген. Аталған заң жобасы бүгінде Мәжілісте тал­қылануда, бізге, Сенатқа әлі түскен жоқ. Десек те, талқы­ла­нып жатқан заң жобасында жұртшылықтың экологиялық заңбұзушылықтар бойынша сотқа жүгіну құқығына, мемлекет пен халықтың эко­логиялық мәселелерді бірлесе шешуіне заңнамалық тұрғыда негізді мүмкіндік береді деп ойлаймын», дейді сенатор.

 Қазақстан 101-орында тұр

Экологиялық мәдениет – жалпы адамзат мәдениетінің құрамдас бөлігі, ол табиғатты қорғау және танумен байланысты. Ә.Нұралиевтің айтуынша, еліміздегі экологиялық жағдайдың нашарлауы және табиғат ресурстарының сар­қылуының бір себебі – қоғамның экологиялық мәдениет деңгейінің төмендігінен. Қоғамды, оның ішінде жастар мен балаларды экологиялық мәдениеттілікке тәрбиелеу ұдайы назарда болуы тиіс. Қоғамда экологиялық жауапкершілікке қатысты оң көзқарас қалыптастыру қажет.

Сенатордың сөзіне қарағанда, жа­ңа Экологиялық кодексті дайындау барысында әлемдегі өркениетті елдердің экологиялық заңнамаларына талдау жүр­гізілген. «Еуропа елдерінің заң­намасында қоршаған ортаны қорғау сол елдердегі әлеуметтік-экономикалық саясаттың ажырамас бөлігі саналады, алайда жекелеген табиғи нысандарды қорғаудағы басымдылық әр түрлі: Румы­нияда, Болгарияда, Венгрияда әуе, су, басқа та­биғи ресурстар бірінші кезекте. Германия заңында, осы уақытқа дейін заңбұзушылық үшін жауапкершілік туралы ережелер болған жоқ, ал Ру­мыния заңы бірқатар экологиялық құқық бұ­зушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті белгі­лейді. ҚХР Экологиялық кодексінің маз­мұнында қатаңдық және ережелерді қатал сақтау ерекшеліктері басымдыққа ие. Олардың заңы айыппұлдар салудан басқа, экологиялық заңдарды өрескел бұзған ірі кәсіпорындарды жабуға дейін мүмкіндік береді. Кәсіпорынның инфрақұрылымын қаладан тыс жерге көшіру тәр­тібі де заңмен қарастырылған және ол мүлтіксіз орындалады. Қалай десек те, біз әлемнің дамыған бір қатар елдерінің озық тәжірибелерін зерделей келіп, өзіміздің табиғатымыздың, қоғамымыздың ерекшелігіне бейімделген үлгілерге жүгінуге тырысамыз», дейді сенатор.

Осындайда қоршаған ортаның таза­лығы мен лас­тануына қатысты жасалатын түрлі индекстер бойынша көрсеткіштер ойға оралады... Йель университетінің (АҚШ) екі жылда бір рет жасайтын The Environmental Performance Index-тің экологиялық тұрғыда таза мемлекеттер рейтингінде еліміз 2018 жылы 101-орынға жайғасыпты. Бұл елімізде қор­шаған ортаны қорғау саласында қордаланған мәселелердің көп екенін көрсетеді. Сондықтан атқарушы билік пен халық мәселенің мәнісін түсіне отырып, бірлесе қимылдағаны абзал.