• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2013

Түсінбестік түйткілі

291 рет
көрсетілді

жұмыс беруші мен еңбеккерлер арасында жиілеп барады

Бұл күнде «Арселор Миттал Теміртау» АҚ туралы айтыла қалса, алдымен шилыққан даулы жағдайлар ауызға алынатын болды. Әрине, алып өндіріс орны саналатындықтан, сан мың еңбеккер ортасы болғандықтан, мұндай жайлар ұшыраспай тұрмайтын шығар деп ойлағанмен, бірі басылса, екіншісі ушығып жатуы, айлар, жылдарға жалғасып, дауласушы жақтар жүйкесін тоздыруы бастапқыда кең құлаштылау тәрізді компанияны басқаша таныта бастағандай қазір.

жұмыс беруші мен еңбеккерлер арасында жиілеп барады

Бұл күнде «Арселор Миттал Теміртау» АҚ туралы айтыла қалса, алдымен шилыққан даулы жағдайлар ауызға алынатын болды. Әрине, алып өндіріс орны саналатындықтан, сан мың еңбеккер ортасы болғандықтан, мұндай жайлар ұшыраспай тұрмайтын шығар деп ойлағанмен, бірі басылса, екіншісі ушығып жатуы, айлар, жылдарға жалғасып, дауласушы жақтар жүйкесін тоздыруы бастапқыда кең құлаштылау тәрізді компанияны басқаша таныта бастағандай қазір.Металлургтердің еңбекақысы көтерілуі жөнінде ұзақ уақытқа ұласқан тартыс ақыры аяқталғандай болса, кезінде өндірістік жарақат алып, мүгедек болып қалған кеншілердің тиісті жеңілдік төлемге қол жеткізе алмай жүруіне байланысты текетірес тарқамай тұр енді. Солардың бір тобы Қарағандыдағы көмір департаменті ғимараты алдында апта сайын наразылық шарасына жиналып, өздеріне назар аударылуын талап етумен жүр. Алайда әзірге құлақ асу, көңіл қою шамалы. Компания басшыларының мәлімдеуіне қарағанда, «Альянс полис» қамсыздандыру мекемесі есебіне регресшілер үшін төлем қаржысы жеткілікті көлемде аударылған сыңайлы. Ал қамсызданушылар регресшілдер саны кемітіліп берілгенін алға тартады. Қайсының сөзіне сенерін білмей екі ортада дал болған 100-ден астам мүгедек шахтердің жүгінер жері қалмағандай. Олардың орынды күмәні бойынша шынымен өз өндіріс орындары тарапынан төлемдерін өтеуге қаржы бөлініп, бірақ берілмей отырса «Альянс полистің» неліктен заң жолымен жауапкершілікке тартылмауы таңдандырады. Қалай болғанда да осындайда алдымен еңбеккерлердің мүддесі қорғалуы керек қой, солай болуға тиіс емес пе деген ой ашындырады. Күш-жігерлерін аянбай еңбек етіп, денсаулықтарына да нұқсан келтіріп, қиындыққа ұшыраған шақтарында сенген орынның сырт айналуы күйінішті бәрінен. « Міне, екі жылдан бері өтемақы қолыма тимей қойды. Еңбекке жарамды кезімізде керек едік, енді елеусіз қалдық. Артық ештеңе сұрамаймыз. Заңды түрде белгіленген төлемнің өтеліп тұруын қалаймыз», дейді Костенко шахтасының бұрынғы кеншісі Валерий Мавров.

Бүгінде ұжым мүшелерінің өкпе-ренішін туғызушы мәселе бір бұл емес. Бұған дейін «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-тың қарауындағы «Шахтер Испат Қармет медициналық санитарлық бөлімшесі» ЖШС-ге былтырдан бері көмек-қолдауды тоқтатуға деген әрекеті кеншілер қауымын тағы алаңдатып келеді.Талай жыл кеншілердің денсаулықтарын түзеу орталығы ретінде танымал орынның тағдыры не болары белгісіз. Екіжақты шартқа сәйкес компания жыл сайын аталған мекеме қызметін жүргізуге 270 миллион теңге бөліп келген болатын. Көмір өндірушілер арнаулы ауруханада емделіп, күш жинап, жұмысқа ширап оралып жатушы еді. Бұдан былай қарай дағдылы мүмкіндіктен айырылып қалу қаупі бар. Компанияның топшылау­ынша, кейінгі кезде осынау емдеу орны ісінде біраз олқылықтар орын алған. Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті тексерушілері тарапынан «болжанған» кемшіліктер анықталмады. Соған қарамастан, кеншілерге ертеден үйреншікті әрі бұл салада кәсіби мекеме тұрғысында танылған бөлімшені тарату қаупі сейілмей тұр.

Айта кету керек, әлеуметтік мәселелер төңірегіндегі тартыс көп ретте көміршілердің «Қорғау» кәсіподағымен арада туып, шиеленісіп жатады. Бұл ұйымға әлеуметтік-тұр­мыс­тық нысандарды тікелей бас­қа­руға және іс-қызметіне жанама фирмалар тартуға тырысады деген айыптар тағылады. Кәсіподақшылар мұнымен келіспейді. Керісінше, жұмыс берушінің еңбек заңдылықтары мен ұжымдық шарт жағдайларын бұзуына өкпелері қара қазандай. Сондықтан экономикалық сотқа жүгіну арқылы «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-тың шахтерлерге медициналық қызмет көрсетуге көмегін тоқтатпауын тілейді. Аты да, заты да дардай компания өз мүддесін де, еңбеккерлері мұқтажын да тепе-тең ойлап, еңбек қатынастарын өскелең уақыт талап-талғамына сай үйлесімді қалыптастыруы қажеттігі күннен-күнге барынша сезіледі.

Рас, қазір осынау өндіріс дамуды былай қойғанда, жұмыс ырғағын сақтау бойынша да қиындықтарды бастан кешіруде. Маусым айы аяғында Үкімет бас­шысы Серік Ахметовтің қатысуы­мен қомбинатта өткен кеңесте талданып, сыналғандай техноло­гиялық жарақтанудағы, өнім­дерді әртараптандырудағы, құрал-жабдықтарды жөндеудегі, қазақ­стандық тұтынушылар сұранысын өтеудегі кемшіліктер орынсыз дағдарысқа жол беруде. Соның салдарынан табыс та толымды болмай тұр. Солай болғанымен әлеуметтік саланы тұқыртудың не жөні бар деп ойлайсыз. Есесіне әрбір металлургтің, кеншінің көкейіне қонатын, құлағына кіретін сөз айтылса, қай-қайсысы жағдайды түсініп, ортақ ұмтылысқа қосылуға құлшынары анық. Сондықтан да түйткілді тарқатқан орнына күшейте түсуі қынжылтады жұртты.

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ҚАРАҒАНДЫ.

Соңғы жаңалықтар