Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов өңірде «COVID-19» инфекциясын жұқтырғандарды емдеу қалай жүріп жатқаны туралы айтып берді.
Батыс Қазақстан облысында күні бүгінге дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған 120 оқиға тіркелді. Олардың бәрі де инфекциялық стационарда ем-дом алды, 7 адам жазылып шыққан. Болатбек Амангелдіұлының айтуынша, вирус жұқтырғандардың бірі – кәмелетке толмаған жас бала.
- Дәл қазір Оралда 113 адам стационарлық ем-дом алып жатыр, оның ішінде 79-ы – аурудың жеңіл түрімен, 33-і – орташа түрімен ауырған. 4 адамға пневмония диагнозы қойылды, бірақ тыныс алуы асқынбаған. Бір әйел ғана интенсивті терапияның жансақтау бөлімінде жатыр. Бірақ ол науқастың да дене қызуы түсті, жақын күндері жалпы палатаға ауыстырылады. Жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған науқас жоқ. Дәрігерлердің жанқиярлық еңбегі арқасында бұл инфекцияның бетін қайтарып, адамдарды бар күш-жігерді салып емдеп жатырмыз. Өкінішке қарай, індетпен күресте алғы шепте жүріп, вирус жұқтырып алған әріптестеріміз де бар, - деді Болатбек Қаюпов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен өңірде күшейтілген карантин режімі күшіне енген. Бұл бойынша Ресей Федерациясымен арадағы шекарадан өткен азаматтар оқшауланып, науқаспен қарым-қатынаста болғандардың бәрі 14 күндік карантинде болды. Әрине, мұндай қатаң шараларға наразы болғандар да кездесті. Кейбіреулер карантинде адамдарға жайлы жағдай жасалмағанына шағымданған болатын.
- Айта кетейін, карантиндік стационар – медициналық мекеме болуы міндетті емес. Ол жерде оқшаулану режімі, жатын орны және тамақтану орны болса жеткілікті. Мұның барлық шығыны медициналық мекеменің есебінен жүргізілуде. Ол стационарлар барлық медициналық персоналмен қамтылған. Қажетті барлық дәрі-дәрмек, құрал-жабдық жеткілікті. Палатада жеке гигиеналық заттар, сабын, қағаз сүлгі бар. Пациенттердің бәрі бір киетін бетпердемен қамтылған. Рас, ол жерде комфорт аз, бірақ біз ол жерде жатқан жерлестерімізге, басқа облыс тұрғындарына уақытша қиындыққа сабырлы болуын сұраймыз. Өйткені бұл шаралардың бәрі сіздердің өздеріңіздің және жақын-жуықтарыңыздың денсаулығы үшін жасалып отыр, - деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Болатбек Қаюпов төтенше жағдай кезеңінде дәрігерлердің ең басты міндеті – коронавируске шалдыққан науқастарды бастапқы кезеңінде емдеу екенін айтты. Бұл қатерлі індетті асқындырмай, ауыр салдарының алдын алу үшін керек.
Батыс Қазақстан облысының дәрігерлері осы кезге дейін әр жақтан келген 16 мың адамды алдынан өткеріп, мониторинг жасапты. 1,5 мыңнан астам адам карантиндік және провизорлық стационарлық оқшаулау шарасынан өткен. Полимерлік тізбекті реакция арқылы 5 мыңнан аса диагностикалық зерттеу жүргізілген.
- Жазылып шыққан адамдардың жағдайы жақсы, күн сайын хабарласып, жағдайын бақылап отырмыз, - дейді Болатбек Қаюпов.
Батыс Қазақстан