• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Сәуір, 2020

Еріктілер ел ертеңі үшін еңбек етуде

1445 рет
көрсетілді

Қазақтың қанында бар қасиет ұрпақтың жадынан ешқашан өшпейді. Қолда барымен бөлісу, өзгеге көмектесу де адамшылықтың, кісіліктің көрінісі. Жалпы, ұлттың бұл ұлы қасиеті халықтың көне дастандарында, ертегі-аңыздарында, бір сөзбен айтқанда ауыз әдебиетінде кеңінен дәріптелген. Кейінгі кезеңде де қаламгерлердің шығармашылығы адам жанын ізгілікке тәрбиелеу, тазалыққа баулу сияқты қасиеттерді насихаттады. Бұл тұрғыда бүгінде жастарды жақсылыққа, кісілік пен кішілікке тәрбиелеуде мемлекеттің де алға қойған мақсаты айқын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Волонтер жылы» деп жариялаған болатын. Ұрпақты ұлттың ұлы қасиетін дәріптеуге баулитын шешімнің шынында да әрбір азаматтың көкейіне кісіліктің көркем мәмілесін ұялатқаны анық.

Бүгінгідей әлем әбігерге түсіп, көпшіліктің көкейі күпті болып тұрған кезде де бір-біріне болысып, барымен бөлісіп жатқан жақсылар бар. Бұл да өзгенің ақысын өз ақысынан жоғары қоя білетін баба-мінездің көрінісі. Өз еркімен елдің қамын ойлаған еріктілік. Жуырда Тараз қаласында кәсіпкерлердің тарапынан әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, қарт және мүмкіндігі шектеулі кісілерге азық-түлік, ыстық тамақ сияқты қажеттіліктер таратылған кезде де ерікті жастардың бұл іске қолғабыс жасап жүргенін көзіміз көрді. Яғни, олар азық-түлікті, ыстық тамақты белгіленген мекенжайға жеткізуді өз мойындарына алған. Сол сияқты қиын кезеңде медициналық бетперде тігумен, ас пісірумен және өзге де оңды шаруалармен айналысқан азаматтардың бұл әрекеті қазақтың бойындағы көргенділік пен кісілікті көрсетеді. Мәселен, Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, төтенше жағдайға байланысты облыс аумағында барлығы 550 ерікті азаматтардың тізімі жасақталып, нақты жұмыстар жүргізілуде екен. Сонымен қатар, өңірде волонтерлікпен барлығы 13 ұйым айналысады. Олардың құрамында 6000-нан аса еріктілер базасы жасақталған. Бұдан бөлек, облыс аумағындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 36, Тараз қаласы мен барлық аудандық «Жастар ресурстық орталықтарының» жанынан 11 волонтерлық топ құрылған. Әрине, сауапты іспен айналысу дұрыс нәрсе. Тіпті, бүгінгідей сәтте көмекке зәру жандар көп. Сондықтан да өңірде жастарды жақсы іске тарту, сол арқылы ұлттың болмысында ғасырлар бойы қалыптасқан қайырымдылық қасиеттерін насихаттау мақсатында бүгінде тиісті жұмыстар атқарылуда. «Облыс аумағында карантин режимінің енгізілуіне байланысты біздің басқарма жанынан «Әулиеата жастары» волонтерлық штабы құрылды. Штабтың негізгі мақсаты – қиын-қыстау кезеңде облыс тұрғындарына жан-жақты қолдау көрсету. Қазіргі таңда штабта барлығы 550 волонтер қызмет атқаруда. Тараз қаласы мен облыстың аудандарында 10 волонтердан бар. Барлық штаб жеке автокөлікпен қамтамасыз етілген. Тараз қаласында 3, ал барлық аудандарда 2 жеңіл автокөліктен қарастырылған», дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.

Халқымыз «Көп түкірсе – көл» дейді. Сауапты істің үлкен-кішісі болмайды. Бірақ, ірілі-ұсақты көптеген шаруаның көптің көмегімен бітетіні тағы бар. Бүгінге дейін өңірде еріктілердің көмегімен 5500 адамға азық-түлік қораптары, 495 адамға дәрі-дәрмек жеткізіліп берілсе, жалғыз қалған 321 қарияның тұрғын үйлерінің шаруашылық жұмыстарына қолғабыс жасалған. Сонымен қатар, 65 жастан асқан 1137 қарияның зейнетақысы мен жәрдемақысы үйлеріне жеткізілсе, төтенше жағдай жарияланған уақыттан бері облыста 64 мың 284 медициналық маска тұрғындарға тегін таратылған. Мұның бәрі де еріктілердің ерік-жігерімен жүзеге асып жатқан жұмыстар. Сондай-ақ, қазіргі кезде облыстық Полиция департаменті мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы бірлесіп, «Қоғамдық сақшы» жобасын жүзеге асыруда. Бүгінде еріктілердің күшімен Тараз қаласының көшелерінде, ықшамаудандардың тұрғын үйлері мен ғимараттарының қабырғаларында есірткі заттарын жарнамалайтын 300-ге тарта граффити жазулар мен құпия сөздер жойылған. Қазіргі кезде жамбылдық еріктілердің жұмысы негізінен коронавирус індетінің алдын алу бағытында ұйымдастырылуда. Бұл ретте «Jas Otan» Жастар қанаты мен «Ақ сұңқар» қоғамдық бірлестігі облыстық Төтенше жағдайлар департаментімен бірге 500-ге жуық тұрғын үйдің тұрғындарына өрт қауіпсіздігі бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгенін де айта кеткен жөн. Сонымен қатар, коронавирус індетіне қарсы карантин жарияланған күннен бастап еріктілердің күшімен Тараз қаласындағы ойын-сауық орталықтарына, кафе, ресторан және өзге де нысандарға 15 рейд жүргізіліп, тұрғындарға 30 мың дана ақпараттық бүктемелер мен медициналық маскалар таратылған.

Жамбылдық жастар бүгінде жаңа форматта іс-шаралар ұйымдастыруды да қолға алуда. Олардың ішінде әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай посттар байқауы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы және де түрлі онлайн жарыстар мен оқыту шаралары бар. Ұлы данышпан Әбу Насыр әл-Фараби «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді», дейді «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы» трактатында. Шынында да адам болмысында жүректің орны ерекше. Жүрекпен атқарылған жұмыс та жүректерді жібітіп, жылылыққа толтырады. Сондықтан да бүгінгі еріктілік жастарды ертеңгі елдік тұлға деңгейіне дейінгі биікке көтереді. Еріктіліктен – елдік тұлғаға дейінгі аралық бата һәм алғыспен ғана жалғасады.

 

Жамбыл облысы