Бүгінде аудан, ауыл-аймақтарда жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындар мен жобалар өте көп. Міне, осыларға инвестиция тартып, қайта жандандыру мақсатында жақында «Оңтүстіктің инвестициялық жобалары» атты бесінші көрме өткізілді.
Бүгінде аудан, ауыл-аймақтарда жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындар мен жобалар өте көп. Міне, осыларға инвестиция тартып, қайта жандандыру мақсатында жақында «Оңтүстіктің инвестициялық жобалары» атты бесінші көрме өткізілді.
Оған Шымкент қаласы мен Ордабасы және Сайрам аудандарындағы 30-ға жуық инвестициялық жобалар көрсетіліп, өз кезегінде әр аудан әкімдері жобаларды таныстырып өтті. Тағы бір ерекшелік – инвесторларға жобалар туралы ғана емес, аудандардағы пайдалы қазба кен орындары туралы да толық ақпараттар жария етілді.
– Бұл көрме облыс аумағында кәсіпкерлік нысандардың көбеюіне ықпалын тигізіп отыр, – дейді облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев. – Бүгінгі күні Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына қатысуға ниет білдірген кәсіпкерлер саны 101-ге жетті, бұл республика бойынша өтініш берушілердің 40 пайызын құрап отыр. Былтырғы жылы бізге тек 102 өтініш келіп түскен болатын. Қазір аудандардағы пайдалы қазбалар қорлары игеріле бастады, мысалы, Бәйдібек ауданында травентин тасы кен орнын игеруге 7 кәсіпкерден өтініш түсіп отыр. Бүгінгі күні сол кен орнының аумағын индустриялық аймаққа айналдыру қарастырылуда.
Ал, облыстық Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Нұржан Алтаев «Бір ай көлемінде инвесторларға тиімді әрі маңызды деген 30-40 жобалар ұсынылған болатын. Өткен көрмелердегі жобаларға қызығушылық танытып, меморандумға қол қойған инвесторларға біздің орталық пен ауыл әкімдіктері тарапынан жан-жақты көмек көрсетілуде. Мысалы, Түлкібас, Төле би аудандары мен Түркістан қаласының әкімдіктері кәсіпкерлерге жобаларды іске асыруға қажетті жер телімдерін бөліп берді. Түлкібас ауданында 100 гектар аумақта интенсивті бау-бақша отырғызылып, 5 гектарға «жерқұлақ» саңырауқұлағы өсірілетін болды. Түркістанда кәсіпкерлерге индустриялық аймақтан кірпіш зауытын соғуға, балық шаруашылығына арналған аймақ, шыныдан жасалған шөлмек шығаратын зауыт салуға жер бөлінген. Айтып өту керек, аталған жобалардың қаржыландыру мәселесі осы біздің орталық арқылы жүзеге асуда», деп бұл көрменің қол жеткізген жетістігі көп екенін айтып өтті.
Көрмеде Сайрам ауданында құрамажем шығаратын зауыт құрылысы, «жасыл» технологияны қолдану арқылы жібек жібін өндіретін шаруашылықты ұйымдастыру, кілем шығаратын фабрика құрылысы, интенсивті алма бақ өсіру, Ордабасы ауданында шұжық цехын салу, балық шаруашылығын дамыту және өндеу жобасы, Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта» ұсынылатын шарттар, қуаттылығы 10 МВт жылу және электр стансасын салу, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, суды тазалайтын қондырғылар дайындайтын зауыттарын салу секілді бірқатар жобаларды ұсынды.
Сөйтіп, инвесторлар мен әкімдіктер арасында 23 меморандумға қол қойылды. Егер бұл жобалар қолға алынса жалпы сомасы 37,6 млрд. теңгеге инвестициялық жобалар іске асырылып, аталған аудандарда 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деген үміт бар. Ал, «Оңтүстіктің инвестициялық жобалары көрмесінің» жалпы қорытындысы бойынша құны 110,9 млрд. теңгені құрайтын 70 меморандумға қол қойылып, облыста 6 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.