Қазақстан Президенті Іс басқармасының Алматыдағы медициналық орталығында Ресей медицина академиясының корреспондент-мүшесі, Еуропа геронтология және гериатрия қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Владимир Хавинсон тәжірибе-сағатын өткізіп, адам ағзасының тез қартаюына әкелетін жайттар жайында кеңінен ақпарат берді.
Қазақстан Президенті Іс басқармасының Алматыдағы медициналық орталығында Ресей медицина академиясының корреспондент-мүшесі, Еуропа геронтология және гериатрия қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Владимир Хавинсон тәжірибе-сағатын өткізіп, адам ағзасының тез қартаюына әкелетін жайттар жайында кеңінен ақпарат берді.
Соңғы 10 жылда еліміздегі ана өлімі 3 есе азайып, сәбилердің шетінеуі – 1,5 есе кеміген. Ал халықтың орташа өмір сүру жасы 69-ға жеткен. Міне, бұл көрсеткіштер Қазақстанда адам дамуы индикаторының жетістігіне, халықтың денсаулығын қорғау жүйесіне қосылған үлкен үлес. Ресейдің геронтология ғылымы саласындағы көрнекті ғалымының аталмыш ауруханаға келіп тәжірибе-сағатын өткізуінің өзіндік сыры бар. Қазақстан Президенті Іс басқармасының медициналық орталығының бас дәрігері Әмір Ахетовтың айтуынша, мұнда медицина ғылымдарының докторы, профессор В.В.Бенбериннің жетекшілік етуімен қартаюдың тіндік, гуморальдық, нутрициональдық және патогенетикалық тетіктерінің дамуы, сондай-ақ, гериатрия саласында клиникалық ғылыми жұмыстар жүргізуде бұрынғы мемлекеттік қызметкерлерге тұрақты медициналық қызмет көрсететін емдеу орны негізгі база болып табылады. Соның нәтижесінде Орталықтағы медициналық кызмет көрсететін контигенттердің орташа жасы 80-ге жетті. Мұнда 90 және одан да жоғары жастағы 158 адам тіркелген.
– Ғалымдар әдемі қартаю мен жастықты сақтаудың жолдарын, әдістерін мыңдаған жылдар бойы іздеп келеді, – дейді профессор Владимир Хавинсон. – Дәлірек айтсақ, бұл ғылымның, оның ішінде фундаментальды ғылымның еншісінде. Қазіргі кезде ғалымдар қартаюдың әртүрлі анықтамаларын табуда. Біреулері қартаюды жасушалық заттың физико-химиялық құрылым өзгерісі десе, өзгелердің ойынша, қартаю ішкі және сыртқы ортадан қорғанудың, физиологияның төмендеуі дейді. Бірақ, қалай десек те, қартаю – табиғи құбылыс.
Профессор геронтология мен гериатрия бойынша Кореяда өткен соңғы дүниежүзілік конгреске жүз мемлекеттен бес мың делегат қатысқанын, олар әрқайсысы өз жетістіктерін ортаға салғанын айтты. Сондағы түйгеніміз дейді ол, қартаюдың негізгі емі – дәрі-дәрмек емес, саламатты өмір сүру салты мен мәдениеттіліктің, ағарту ісі мен тәрбиенің деңгейіне байланысты екен.
Тәжірибе сағаты барысында профессор Қазақстанда жоғары технологиялық медицина саласы қарқынды дамып келе жатқанын әрі дәрігерлердің біліктілігі артқанын, бұл мәселеге Президент Н.Назарбаевтың ерекше көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырғанын атап көрсетті.
– Әрине, Ресей мен Украинада геронтология және гериатрия институттары, кафедралары бар, бірақ Қазақстан ТМД елдері бойынша осы салаға үлкен көңіл бөліп отырған үшінші мемлекет. Ендеше, бұл мәселенің күрделілігін, болашағын түсініп, оны қолға алып отырған ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығы мен оған жетекшілік етуші профессор В.В.Бенбериннің жаңа технологияны, жаңа білімді Қазақстанға әкелуді ойластырып, осыншама жұмыс атқарып жатқаны, әрине, өте құптарлық әрі қуанарлық жайт, – деді ол.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».