• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Сәуір, 2020

Сәлем – Құдайдың бір аты!

3299 рет
көрсетілді

Ассалаумағалейкүм, ағайын! Сексенінші жылдардың бас кезі. Жеті-сегіз жасар ойын баласымыз. Бірде жолды кесіп өте бергеніміз сол еді, жетектеп алған апам кілт тоқтады. Алыста аяңдап келе жатқан бір қарияны көзі шалып қалса керек. Небәрі екі метр жолдан өту үшін әлгі кісіні біраз күтуге тура келді. Жасы үлкен кісіге апамның сәлем салғаны, риза болған қарияның бізге мейірленіп бата бергені, содан кейін ғана жолдан өткеніміз есімде қалып қойыпты.

Өзінің жасы елуден асып қалғанына қарамастан, үлкеннің жолын кесіп өтпей сәлем салған апам сол жолы маған естен кетпейтін тәрбие, өмірлік азық болатын тәлім берген еді. Үш кластық қана білімі бар апам сәлем берудің тек жалпақ сөз, жадағай іс емес, өміршең өнеге, салиқалы салт, риясыз рәсім екенін ұғындырып, санамызға сіңірді. Әдеп пен ізеттің, кішілік пен кісіліктің бастауында сәлемдесудің, амандасудың тұрғанын бала болсақ та аңғардық. Ал өркениетті қоғамда өмір сүріп жатқан біздер өз балаларымызға амандасудың әдебін үйрете алдық па?

Ұлтымыздың ар-намысына айналған батыр Бауыржан Момышұлы «Бір жерге барғанда сөзді сәлеммен бастамау – әдепсіздік. Қалтаңда он диплом болғанымен, сәлем парызын білмесең, біліп тұрып оны өтемесең, жолын жасамасаң, нағыз мәдениетсіз адамсың. Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Сәлем беру – ізеттіліктің, кісіліктің баспалдағы. Сәлем беру – сөзбастаудың беташары. Сәлем беру – танысып-білісудің, достасудың дәнекері» деген екен. Бұдан артық қалай айтуға болады?!

Тілімізге арабшадан енген сәлем сөзі жеңіс, есендік, амандық, тыныштық, бейбітшілік сияқты мағына береді. Тән мен жанның дертінен таза, кемшіліктен ада болу дегенге де саяды. Ең бастысы, сәлем, дұрысы «әс-Сәләм» – Алланың 99 есімінің бірі! Ол «әртүрлі кемшілік пен қателіктен, жоқ болудан ада, амандық пен есендік беруші» деген ұғымды білдіреді. Сондықтан күллі мұсылман қауымы «Ассалаумағалейкүм» яғни «Алланың Сәләм есімі сізге болсын!» деп амандасады. Осындайда ойға оралады, кейде жасы үлкен ағаларға «Ассалаумағалейкүм!» десең, болар болмас ернін жыбырлатып «сәметсіз» дейді ақырын басын изеп. Құлықсыз алған «советтік сәлеміне» қынжылып қаласың. 

Исламнан бұрын бабаларымыз «амансыз ба?», «есенсіз бе?» деп амандасқан екен. Қазір де «аман-есенсіз бе?» деп амандық, саулық сұраймыз. Есен сөзі әсіресе сібірдегі бауырларымыз арасында кең таралған. Бұл да біздің мұсылмандықпен бірге сәлемдесу салтымызды сақтап қалғанымызды айғақтайды. Бір қызығы, арабшадан енген «сәлем» мен түркілік «есен» сөздері амандық, есендік, тыныштық деген ұқсас мағыналар береді екен.

Есендік сұрау көбіне солтүстік-шығыс тамырлас халықтарға ортақ болса, батысқа қарай бауырлас елдердің «арма?», «армысыз?» деп амандасатынын білеміз. Бұл да көне түрк жазбаларында, Қашғарлы Махмұттың әйгілі сөздігінде кездесетін, «ер, таза, мықты, кіршіксіз, адал» деген мағыналарға келетін төл сөзіміз, мағынасы – «ерсің бе, тазасың ба, адалсың ба» дегенге тіреледі. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» дейтін, ар-намысты бәрінен жоғары қоятын жоралғылы жұртымыз бұл амандасуды көбіне Ұлық Ұлыс дәуірінде қолданған сияқты. Пайымдауымызша, тіршілігі алдындағы азын-аулақ малға тіреліп, ол да жұтта жұтылып кете берген күрмеуі қиын күрделі кезеңдерде халқымыз «мал-жан аман ба?» деп амандасуды әдетке айналдырған. Ал оңтүстіктегі тамырлас жұрттар мен оғыз тобына жататын туыс­тар «жақсысыз ба?», «игісіз бе?» деп амандасып жатады. Біздің амандық-саулықтан кейін қарттарға «күйлі-қуаттысыз ба, бақуаттысыз ба?» деген сәлеміміздің төркіні де осындай жағдай сұрауға барып тіреледі.

Жылқының жалында өскен жауынгер жұртымыз ер-азаматтың бойында құт бар деп, оның басын сипатпаған, жауырынын қақтырмаған, иығы мен қолын ұстатпаған. Осыған байланысты батыр бабаларымыз қол беріп амандаспаған, оң қолын кеудесіне, жүрек тұсына қойып сәлемдескен. Төс қағыстырып амандасу да кең тараған. Қыздар тізесін бүгіп, әйелдер басын иіп амандасуды жөн көрген. Ал қол беріп амандасу даламызға мұсылмандықпен бірге енген. Одан бері де кеңестік кезеңде бет түйістіріп, шөпілдесіп, сүйісіп амандасу үрдіске айналды. Әсіресе ер мен ердің ерінмен сүйісіп амандасуы – тіпті ерсі-ақ көрінеді. Тазалық тұрғысынан да мұның дұрыс емес екенін білеміз. Ал ең сорақысы, қазір сәлем бермейтін, берген сәлеміңді сүлесоқ алатын немесе үн-түнсіз келіп қолыңа жармасатын адамдардан тұратын біртүрлі қоғамға айналып барамыз. Амандасудың өзара хал-жағдай сұрасу, есендік біліп, бір-біріне жақсылық тілеу сияқты тұтас салттың сипаты екенін ескеріп, сәлемдесіп жүрейік.

Сәлеміміз түзу болса – әлеміміз де түзу болары анық...