Ең алғаш Қытайдың Ухань қаласында анықталып, жаңа жылдан бастап миллиардтар елінің есін алған індет іле-шала әлем халқын бір қауыздың ішіне сыйдырып, оқшау отырғызып қойды.
Еуропаны есеңгіретіп, АҚШ-ты абдыратқан коронавирус кесірінен Қазақстанда да төтенше жағдай жарияланды. Жұғымтал вирусты тізгіндеудің бірден-бір тиімді жолы темірдей тәртіпті сақтап, әркім өз үйінде оқшаулану екенін адамзат баласы түсінді.
Елімізде алдын алу шараларының уақтылы жасалып, дер кезінде карантин жариялануы арқылы іргеден тараған індет бізге бірден лап қойған жоқ. Дегенмен бір жарым ай ішінде ат төбеліндей халықтың 2 жарым мыңнан астамы індет жұқтырды. Өткен аптада ғана Қазақстанның бас санитары Айжан Есмағамбетова ауру жұқтырғандардың саны сәуір айының соңында 2700 адамға, мамыр айының аяғында 4 мыңға жуықтайды деген болжамды айтқан болатын. Болжам бұлжымай келіп жатқанына қарағанда, қонақжай қазақстандықтарға босаңсу әлі ерте сияқты. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайды 11 мамырға дейін созды.
Осы ретте адамдар қауіпсіз қарым-қатынас жасауды үйренбейінше, Үкімет қатаң шаралар қолдануды жалғастыра беретінін жеткізген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың дәл қазір қауіпті кезеңде тұрғандықтан, карантин ұзартылуы мүмкін деген сөзі еске түседі.
Осы орайда карантин жариялаған Ұлыбритания мен карантинсіз ауруды ауыздықтаған Оңтүстік Кореяның жағдайын осы елдерде қызмет істеп және оқып жатқан медицина мамандарынан сұрап көрген едік.
Ұлыбритания ауыр халдегі науқастарды ғана ауруханаға алады
«Англияда карантин 5-6 апта бұрын жарияланды. Қазір барлық дүкендер, мекемелер жабық. Әр тұрғынның үйіне не істеу керектігі туралы хаттар келді. Мысалы, сол хатта тек қана медициналық көмек немесе азық-түлік алу үшін және күніне бір рет спортпен айналысу үшін ғана шығуға болатыны жазылған. Тек key worker, яғни маңызды қызметкерлер ғана жұмысқа шығады. Оған медицина қызметкерлері, қоғамдық транспорт жұмысшылары, құқық қорғау қызметкерлері, волонтер ретінде қоғамдық жұмыстарға атсалысатын адамдар, жерлеу рәсімдерін өткізетін және көшелерді жөндеу, коммуналдық қажеттіліктерге қызмет көрсететін жұмысшылар жатады. Жалпы, Ұлыбритания елі коронавируспен күресу жолын төрт сатыға бөлді. Біріншісі – contain. Яғни вирустың таралуын тізгіндеу кезеңі. Қазір біз сол сатыдамыз. Екіншісі – delay (тежеу). Мұнда вирустың таралуын жаз айларына дейін тежеп отыру көзделген. Үшіншісі – research. Мұнда коронавирус қалай жұғады, қалай емдеуге болады деген мәселелер бойынша ғылыми зерттеулер жасалмақ. Төртінші mitigate кезеңінде ғылыми зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып мәселені шешу жұмыстары жүргізіледі. Бізде карантинді 7 мамырға дейін созған. Қазір Үкімет тағы созуды қарастырып, екінші кезеңге көшуді жоспарлап жатыр», дейді Лондон университетінің Неврология ғылыми зерттеу институтының докторанты, невролог дәрігер Рауан Қайыржанов.
Оның айтуынша, Тұманды Альбион елінде коронавирусқа жеңіл шалдыққандар өз үйлерінде емделеді. «Қазақстанда науқастармен байланыста болғандардың барлығын ауруханаға карантинге алады ғой. Мұнда ондай емес. Ұлыбритания үкіметінің веб-сайтында барлық нұсқаулықтар беріліп отырады. Егер коронавирустың белгілері болған жағдайда өзіңізді бір апта оқшаулауыңыз керек және отбасы мүшелері екі апта үйден шықпауы тиіс. Сондай-ақ ауру жұқтырған адам call-center-ге хабарласып кеңес алады. Ал ауруханаға жағдайы нашарлап, тыныс алуы қиындаған науқастарды ғана жатқызады», дейді Р.Қайыржанов.
Ал Ұлыбританияның Нюкасъл қаласы Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің (NHS) физиотерапевті Боран Рахымбекұлы бұл елде медициналық жүйенің мүлдем басқа екенін айтады. «Ұлыбританияда коронавирус кезінде ғана жеңіл науқастарды ауруханаға жатқызбай жатқан жоқ. Бұрыннан бұл елдің медициналық жүйесі солай. Емдеу тегін болғандықтан тек ауыр науқастарды ғана ауруханаларда емдейді», дейді ол.
Халықтың дүрлігіп, уайымға бой алдырмауы үшін психологиялық қолдаудың жақсы жүріп жатқанын жеткізген қазақстандық невролог Р.Қайыржанов: «Менің байқауымша, Қазақстанда карантин шаралары қатаңдау сияқты. Лондонда тұратын ұлттардың саны өте көп. Олардың менталитеттері де әртүрлі болғандықтан карантиннің екінші аптасынан бастап халық далаға шыға бастады. Үкімет көшеде маскамен жүруді міндеттемегендіктен маска тағатындар да аз кездеседі. Есесіне бұл жақта психологиялық қолдау жақсы дамыған. Мысалы, мен білім алып жатқан оқу орнының басшылығынан күніне екі рет студенттерге көрсетіліп жатқан көмек бойынша поштаға хаттар келеді. Кеше ғана біздің ректордан өзінің жалақысының 20 пайызын студенттерге беріп отырғаны туралы хат келді. Сондай-ақ осындай қиын кезде психологиялық күйзелістерді қалай жеңуге болатыны туралы күнделікті кеңес электронды поштамызға келіп тұрады. Бір қызығы, бес апта бойы күнделікті кешкі сағат сегізде барлық адамдар терезелерін ашып, қол шапалақтап, ысқырып коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне деген өздерінің құрметін көрсетіп келеді», дейді.
Корея карантиннің орнына жаппай тестілеу жүргізді
«Денсаулық Тур» медициналық туризм компаниясының директоры, эпидемиолог Гүлнұр Пасаттың айтуынша, Оңтүстік Корея карантиннің орнына жаппай экспресс-тестілеу жүргізген. Нәтижесінде індеттің таралуын ауруды ерте анықтап, уақтылы емдеу арқылы тізгіндей алған. «Карантиннің орнына бұл ел жаппай тест жасауды қолға алды. Яғни науқаспен байланыста болғандардың барлығын тесттен өткізді. Күніне 15 мыңдай адамды тексерді. Сөйтіп вирус жұқтырғандарды тез анықтады. Басында науқастардың көптеп тіркелуі де осы жаппай тест жасаудың нәтижесі болатын. Тест тапсыру өте оңай болды. Көшелерде шатырлар тігіліп, машинадан шықпай-ақ тест тапсырып жүре беруге жағдай жасалды. Ал өз еркімен тексерілгісі келгендер ақылы тесттен өтті. Бірақ ол адамнан вирус анықталса ақшасын қайтарып береді. Сосын әрі қарай емдеу тегін жүрді. Тек симптомы бар және науқастармен қарым-қатынаста болғандарға ғана тегін болды», дейді ол.
Гүлнұр Наматуллақызының сөзіне қарағанда, Корея халқы тәртіпке бағынған құл болмайды ұғымын бойына сіңірген халық екенін бұл жолы да дәлелдеген сияқты. «Бізде қаңтардың ортасында індет қатты тарала бастады. Күніне мыңға жуық адамнан қосылды. Қазір тәулігіне 5-6 адам ғана тіркеледі. Ең бастысы, маска тағып жүру міндеттелді. Кез келген жерде кіреберісте арнайы мамандар тепловизормен тексеріп, видеокамераға түсіріп отырды. Кореяның халқы тәртіпке жақсы бағынады. Сондықтан да індет тез тізгінделді деп ойлаймын», дейді ол.
Ал Ұлыбритания болса науқастармен байланыста болғандардың кез келгеніне тест жасап, ауруханаға жатқыза бермейді. «Мұнда тек қана ауырған адамдарға және симптомдары бар екені дәлелденіп, жағдайы нашарлаған кісілерге, сондай-ақ маңызды жұмысшыларға ғана тест жасайды. Қазір күніне 100 мың маңызды жұмысшыға және олардың отбасы мүшелеріне тегін тест жасау жоспарланған. Әзірге күніне 28-29 мыңға жуық адам тест жасатады. Мысалы, кеше тест жасалған 23 мың адамның 5 мыңында ауру анықталды. Ал коронавирус алғаш анықталғаннан бүгінге дейін 640 мың адамға тест жасалды. Соның ішінде 148 мыңынан ауру анықталды», дейді Р.Қайыржанов.
Біздің елде де коронавирусқа жаппай тест тапсырылып жатыр. Мәселен, елордада 9 сәуірден бастап жаппай экспресс-тестілеу жүргізу басталған болатын. Жұма күні өткен онлайн брифинг кезінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен бас қалада 12 752 адам тапсырғанын айтты. Ал 41 мың экспресс-тест квота бойынша арнайы медицина, полиция, Ұлттық ұлан қызметкерлері, әскерилер, қала тіршілігін қамтамасыз ету жүйесі мен коммуналдық қызметтердің жұмысшылары арасында үлестірілген. А.Есмағамбетованың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің ғимаратындағы қызметкерлерге коронавирус инфекциясы бойынша тестілеу екі аптада бір рет жүргізіледі.
Қазақстанда дәрігер мен дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды
«Ұлыбританияда халықтың саны 70 млн-нан асады. Сондықтан дәрігерлер аз. Сол себепті коронавируспен күреске зейнетке шыққан 20 мыңнан астам медицина қызметкері жұмысқа шақырылды. Сондай-ақ еріктілер де атсалысуда. Мені де көмекке шақырған хаттар поштама бірнеше рет келді. Бірақ менің бұл елде медициналық қызметті атқаруға лицензиям болмағандықтан бара алмадым. Ал бұл елдегі медициналық мақсаттағы бұйымдардың тапшылығына келетін болсақ, бастапқыда қорғаныш заттары, аппараттар жетіспегені рас. Бұл жетіспеушілік әлі де бар. Сондықтан да медицина қызметкерлері де індет жұқтырып, біразы қайтыс болды», дейді Р.Қайыржанов.
Ал Боран Рахымбекұлы Қарттар үйіндегі қариялардың қатты қиналғанын айтады. «Шарықтау шегі кезінде жағдай өте қиын болды. Он күннен бері қалада ауру азайып келеді. Мысалы, Нюкасълдегі Royal Victoria ауруханасының өзінде 24 наурыздан бастап 1500 төсек орынды босатып, төрт тікұшақ қонатын футбол алаңын дайындағанбыз. Қазір ең қажетті кәсіпорындар жұмыстарын ақырындап бастап жатыр. Әсіресе Қарттар үйінде дайындық жақсы болмағандықтан бір аптаның ішінде он адамға дейін қайтыс болған жағдайлар болды», дейді Б.Рахымбекұлы.
Кореяда болса, тек маска тапшылығы аздап туындаған. «Ауру алғаш таралғаннан бастап маска тағып жүру міндеттелді. Қазір де маскасыз жүрген адамды кезіктіру қиын. Басында маска тапшылығы болды. Бірақ ол мәселе де тез арада шешіліп, кез келген орыннан маска алуға мүмкіндік туды. Оңтүстік Кореяда медицина жақсы дамыған, клиникалар да жеткілікті болғандықтан төсек-орын, аппарат жетіспеушілігі болмады. Тек медицина қызметкерлерінің жүктемесін жеңілдету үшін індет қатты таралған қалаларға басқа қалалардағы ақ халаттылар жұмылдырылды», дейді Г.Пасат.
Бұл ретте біздегі жағдай тұрақты көрінеді. Бас санитар А.Есмағамбетова елімізде коронавируспен күреске тартылған дәрігерлердің жеткілікті екенін айтқан болатын. «Медициналық ұйымдарда дәрігерлердің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында әр өңірде 10 пайыздан бастап 20 пайызға дейін резерв қарастырылған. Сондықтан бүгінде медицина қызметкерлері жеткілікті», деді ол. Ал дәрі-дәрмектерді еліміздің медициналық ұйымдарына жеткізу жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын жеткізген «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп тапшылық болмайтынын айтты. Осы мысалдарға қарап, елімізде де дамыған елдердегідей қауіпті індетпен барлық тарапта жан-жақты күрес жүргізіліп жатқанын байқауға болады. Өйткені мемлекеттің қамқорлығы қашанда маңызды.