• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
18 Қыркүйек, 2013

ҚХР Төрағасының аузына іліккен ұлан

398 рет
көрсетілді

Қазақстанда қыркүйектің 6-8-і аралы­ғында мемлекеттік сапармен болған Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин екі ел халықтары арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың бір үлгісі ретінде ауызға алып, мысалға кел­тір­ген Аспанасты елінде оқып жатқан қазақ­стандық студент Руслан Төленовтің атағы мен даңқы бір ғана пәсте күллі әлемге жайылып, екі елдің бірдей жұлдызы болып шыға келді.

Қазақстанда қыркүйектің 6-8-і аралы­ғында мемлекеттік сапармен болған Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин екі ел халықтары арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың бір үлгісі ретінде ауызға алып, мысалға кел­тір­ген Аспанасты елінде оқып жатқан қазақ­стандық студент Руслан Төленовтің атағы мен даңқы бір ғана пәсте күллі әлемге жайылып, екі елдің бірдей жұлдызы болып шыға келді.

ҚХР Төрағасы біздің елімізде болған ке­зін­де Хайнань университетінің 21 жасар қазақ студенті туралы өте тартымды да жү­рекжарды әңгіме айтып берді. Оның баяндауынша, өте сирек кездесетін қанның иесі Руслан оқу ордасында өте жақсы оқумен бірге, науқас жандарды ажалдан арашалап қалуға айрықша көмек көрсеткен екен.

Кейін анықтай келгенде, бұл жігіттің Атырау қаласының тумасы екені белгілі болды. Руслан осы мұнайлы астананың Авангард деген жеріндегі №30 орта мектепті бітіріпті. Мектептен кейін Каспий өңірінің заманауи колледжіне оқуға түскен. Бірақ кейін Қытайға барып оқуға бел буады. Бұл талабы да орындалады. Ал Хайнань аралындағы университетке қабылданғаннан кейін Аспанасты елінде «панда қаны» деп аталатын теріс резус-факторлы өз қанын тапсырып донор бола бастаған.

– Хайнань университетіне оқуға түсу үшін Руслан екі жыл қытай тілін үйренді. Қазір ол сондағы «Бизнесті әкімшілендіру және басқару» бөлімінің 3-курсында оқиды. Көп уақыты мен күшін оқуға арнайды, – деп әңгімелейді Русланның анасы Фарида Ержанова қазір. – Оқудан басқа университетте баскетбол және волейбол ойнайды, сол жердегі КВН-ге ұқсас ойынға қатысады. Қытай БАҚ-тары Руслан туралы ҚХР Төрағасының сөзін жарыса таратқаннан кейін, оны Хайнань провинциясының Мәдениет және білім министрі өзінің қабылдауына шақырды. Ал университеттің ректоры оның құрметіне түскі ас ұйымдастырды. Оған университетте 1-курстан бастап оқығаны үшін төлеген ақшалары қайтарып берілді. Диплом алғанша тегін оқу грантын бөліп, магистратура мен докторантура курстарын тегін оқуды ұсыныпты.

Міне, Қытай Төрағасының аузымен бүкіл әлемге қас-қағым сәтте аты танымал бола кеткен қазақстандық студенттің қазіргі ахуалы осындай.

Мұрат АЙТҚОЖА.

Соңғы жаңалықтар