Елге ел қосылса – құт. Егемендіктің елең-алаң шағында Екібастұздың Бәйет, Сарықамыс, Қарасу, Атығай, Парамонов ауылдарына, сол кездегі аудан әкімі Даниял Ахметовтің тапсырмасымен марқұм Мейрам Балтабай, Еламан ағалар бастаған көш келіп жетті. Бұл күндері ауыл, ел іші орныққан, қонысы қоңды, арқа-жарқа, бала-шаға өсіп келеді.
Елге ел қосылса – құт. Егемендіктің елең-алаң шағында Екібастұздың Бәйет, Сарықамыс, Қарасу, Атығай, Парамонов ауылдарына, сол кездегі аудан әкімі Даниял Ахметовтің тапсырмасымен марқұм Мейрам Балтабай, Еламан ағалар бастаған көш келіп жетті. Бұл күндері ауыл, ел іші орныққан, қонысы қоңды, арқа-жарқа, бала-шаға өсіп келеді.
Екібастұздың түбінде орналасқан Бәйет ауылы сыр бүгіп, биік төбенің басында тұрғандай. Ауылдық аумаққа қарасты Атығай ауылының да өткені шежірелі. Бұл жерлерде қатпарлы құпиясы ашылмай Бәйет, Бозшакөл, Атығай қорғандары жатыр. Тарихи ескерткіштер ретінде биыл ғана қорғауға алынды. Бір күн болмаса-бір күн археологтар, тарихшы зерттеушілер де келер. Ауылға кіреберісте шаңырақ бейнеленген биік тұғыр қарсы алады. «Көк тудың желбіргені бойыма қуат береді..» деген Ермұрат Зайыпханның ән жолдары еріксіз тіліңе оралады.Үлкен жолдың бойынан автобуспен, көліктерімен өтіп жатқан жолаушылар оралман ағайындар тұратын ауыл деп Бәйет жаққа жылы ілтипат білдіре қарайды.
Негізі, бір ауыл-ел болып, елге келген ағайындардың бірге қоңсы тұрғандары дұрыс па деп те ойлайсың. Қалаға үдере көшіп кеткен жергілікті халықтың орнына ауылдарымызды сақтап қалу үшін көшіп келгендей. Елде болса, ерінге тиеді. Бір-бірін сағалап көшіп келгендер ауылды берекелі ортаға айналдырып отыр. Бәйет пен Атығайды қосқанда 1500-дей халық тұрады. Өңірдегі 25 үлгілі тірек ауылдардың тізіміне былтыр Бәйет ауылы да қосылды. Ауыл әкімі Доқтырхан Амантайұлының мамандығы политолог. Әкім қазақтың санын көбейту, демография мәселелері жөнінде көп ой қозғайды. Елге алғаш келген патриот оралмандардың бірі. Бізге дәл осы қазір елім, жерім деп жеткен ұлтына, қазағына қызмет жасайтын жігіттердің төрге озғаны қажет.
Ал, Доқтырханның досы, Екібастұз қаласы әкімінің қала ішіндегі оңтүстік аудан бойынша өкілі болған, қазір қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінде жұмыс жасайтын Тұрдыақын Ескермесұлы да елге бет алған ағайындармен бірге келді. Көшаман, Керейгүл, Еламан деген үш баласы бар. Өзі де, әйелі де Кеңес өкіметі кезінде Моңғолиядан келіп, бірі Түменде, бірі Украинаның Харьков қаласында технологиялық жоғары оқу орындарын тау-кен инженері мамандықтары бойынша бітіріп, сол жақта жұмыс жасаған. Өндірісті Екібастұзды таңдаулары да тегін емес-ті. Қазақ техниканың тілін білмейді дегенді оралмандар да жоққа шығарды.
Жалпы, ағайындар ұл-қыздарын оқытуды ойлап, өздеріне жұмыс табылады деп қалаға жақын ауылдарға орналасқанды жөн көреді. Ал, Екібастұздың Бәйет пен Атығай, Сарықамыс сияқты басқа да ауылдары оралмандар үшін іздегенге – сұраған. Айнала қаптаған зауыт, алып стансалар, өндіріс орындары жетеді. Алтын шыққан жерді белден қаз. Иелері өзгелер болса да, жұмыс қолын қажетсінбейтін қожайын жоқ. Әрі ағайындардың арасында да Моңғолияда жүргенде техникалық жоғары оқу орындарында оқығандары, көмір шахталарында, өндірісте жұмыс жасағандары бар. Сондықтан өндірісте жұмыс жасау, кенішке түсу таңсық емес. Қазір Екібастұздың Бозшакөл даласында Бозшакөл кен байыту комбинатының құрылысы жүргізілуде. Комбинат құрылысында Бәйет ауылының бүкіл жастары, ағайындардың 110 отбасының балалары еңбек етуде. Күнде арнайы автобус жүріп, тасымалмен жұмысшыларды алып кетіп тұрады. Кәсіпорын өнімділігі жылына орта есеппен алғанда 75 мың тонна мысты құрамақ. Бас мердігер – «Аларко» түрік компаниясы қорыту корпусын тұрғызды, жоғары технологиялық қондырғылар сатып алынды. Инфрақұрылым нысандары құрылып, жұмысшыларға арналған үйлер салынуда. Қазір автомобиль және темір жолдар құрылысы жүріп жатыр, жұмысшылар кенті бой көтеруде.
Мал бағамын дегенге Атығайдың да, Бәйеттің де жайылымдық жері мол. Сиыр, қой-ешкі, жылқы дейсің бе, ағайындарда мал жетеді. Қазір ауыл 2 жарым мыңдай қара мал, 700 жылқы, 6 жарым мың қой өсіріп отыр. Ет те, сүт те, ақ та ағыл-тегіл, тіл тимесін, дастарқан мол. Ауылда бірнеше шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Арпа-бидай, көкөніс өсіретін алқаптары, егістік жерлері өнімді. Бәйет пен Атығайдың 55 тракторы, 5 комбайны, 30-шақты жүк таситын мәшинелері бар. Мысалы, «Алтайхан» деген шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы аясында 18 миллион, «Азамат» шаруа қожалығы 8 миллион теңге несие алыпты. Ал, жалпы ауыл бойынша 50 миллион теңгеге жуық несие алып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Енді наубайхана ашатын, Екібастұзбен арадағы жолаушылар тасымалына арнап автобус алу үшін де несие алып, кәсіпкерлікті дамытуға үлес қоспақшы жігіттер де бар. Жеке үй саламын дегендерге қазір жер телімдерін беру қарастырылуда. Енді бір екі-үш жылда Бәйет ауылы да өндірісті кентке айналар. Ал, ауылға су құбырын тарту жүйесіне биылғы жылы көктемде қала бюджетін анықтау кезінде қаржы бөлінбекші. Су шығатын жерлерді бұрғылап тексеріп те кетіпті. Енді су құбыры әр үйге тартылады. Бұған дейін ауылдың ішімен ағып өтетін «Ертіс – Қарағанды» каналы үстінен салынған көпірді жөндеу мұң болған еді. Бұл мәселе де шешімін тапқан сыңайлы, өткені, ауылішілік және ауылға кіреберіс 4 шақырым жолды жөндеуге қаражат бөлінді. Жол жөндеуге бөлінген қаржы көпірдің мәселесін шешіп береді.
Айтпақшы, ауылда бір-біріне қатарлас салынған ғимараттың бірі – «Әлемнұр» сауда үйі, екіншісі «Тойхана» деп аталады. Бұл үйлердің иесі, кәсіпкер оралман жігіт Қайса Мұқитжан мен әйелі Сәулегүл екен. Ауылдағы жиын-той, мерекелердің демеушілері деген сөз.
Біз танысып, сөйлескен Жәнібек Базанайұлы, Раушан Амангелдіқызының туған елге, қазағына деген патриоттық сезімдері жоғары. Екеуі де 5 жастарында елге оралған оралман отбасыларының балалары екен, бүгінде бірі ауылдағы мектеп мұғалімі, ал Жәнібек ауыл клубын басқарады. Екібастұздық кәсіпкер Айхан Жәкенов бәйеттіктер үшін мешіт салып берді. Күмбезі алыстан жарқырап ауылға сән беріп тұр.
Ал, Атығай орта мектебіне келген екі мұғалім тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, бір реттік көтермелеу жәрдемақыларын алыпты. Өткен жылы клуб ашылыпты. Мәдениет үйінің ашылуына қалалық бюджеттен 2,5 миллион теңге бөлініпті. Ағайындарымыздың шеттерінен өнерлі екені белгілі. Бір ғана Бәйет ауылының өнерпаздары жыл ішінде 75 рет мәдени шара өткізіп, оған 5542 көрермен келіпті.
Ауылда 70-ке жуық «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері алтын құрсақ аналарымыз тұрады. Олардың арасында 10 балалы Дәметкен Бесікбай, Росхан Бизэвхан, Назерхан Чалей, Тұмар Сапах, Ырымжан Тажмағанбет, Сәлима Қобдабай, 11 баласы бар Шәрипа Пану, 8 балалы Бабен Мерзетхан, Алтанхан Дохой, Жапан Замерхан, Шарав Лай, Күлай Санселхан, Айман Садвахас, Ханзада Мамай, Жамила Тұнғанбай, Дәмелхан Сейтхан сияқты аналар бар. Доқтырхан әкімнің айтуынша, қазір 6-7 бала тапқан Елеусіз Азамат, Аман Айна, Тұрдыхан Гүлнәр, Адиша Солтахан, Күпай Сағилаш, Декей Рысхан және бұған қоса тағы да 30 ананы алдағы уақытта болатын марапаттаулар тізіміне алып, дайындап жатқан көрінеді. Қазақ саны көбеюде деген осы. Қуанасың.
Иә, бұл күндері оралмандар үшін, шеттегі қазақтың елге оралуына, Елбасы тапсырмасына орай барлық жағдайлар жасалып жатыр. Әрі қарай да көш жолы бұзылмай, жалғаса береді деп сенеміз.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.