• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Сәуір, 2020

Су басу қаупі азаюда

351 рет
көрсетілді

Бүгін Есіл өзені тасуының барысы туралы кезекті брифинг болып, оны ТЖ департаментінің табиғат апаттардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Серік Наурызбаев берді.

Оның айтуына қарағанда қазір су тасқынына төтеп беру жағдайы, құтқару бөлімшелерінің дайындығы, азаматтық қорғау қызметтерінің осындай жауапты кезеңдегі өзара іс-қимылы қалыптасқан тәртіпте өтіп жатыр. Облыстағы су тасқынының жағдайы тұрақты, өткен аптада су деңгейінің барынша көтерілуі 24-26 сәуір аралығында Есіл өзеніндегі Петропавл су қоймасының Тепличное селосының аумағында байқалып, онда күрделі жағдай қалыптасқан. Қатты көтерілген жел биік толқындар тудырып, бөгеттерге қауіп төндірген. Осыған қарсы құм және минералдық заттар толтырылған қаптар үю арқылы нығайту шаралары жүргізілді. Бұған  Ұлттық ұлан мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері мен құралдары тартылған. Соның арқасында су басу қаупі азайған. Осындай жағдай Заречный кентінде де қалыптасыпты.

«Қазіргі сәтте Петропавл су қоймасындағы деңгей төмендеуде. Оның азаюы - тәулігіне 3-4 см. Бірақ Соколовка ауылының аумағында судың артуы керісінше өсіп келеді. Жақын арада күтіліп отырған екінші толқын айта қаларлық зиян әкеле қоймас деген үміттеміз», деді маман.

Сонымен бірге ол республикалық маңызы бар «Челябі-Новосибирск» автожолының 528 бен 529 км аралығындағы учаскесі мен Петропавлдан Заречный кентіне баратын жолдың суы азайғанымен әлі ашылмағанын айтты.

Сөзінің соңында С.Наурызбаев: «Су ағыны еш бөгетсіз, толассыз ағылуда. Тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ. Есіл өзені суының көтерілуі оның жайылмасына орналасқан тұрғын емес саяжай учаскелерін ғана су басудан туындады. Бұл құбылыс жыл сайынғы маусымдық сипатқа ие», деді ол.

Солтүстік Қазақстан облысы