Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы төтенше жағдай тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысына қатысты.
Кеңесте Парламенттің қос палатасының өкілдері мемлекеттік қолдау нысандары ретінде жүйе құраушы кәсіпорындардың тізілімін әзірлеу мәселесі бойынша жалпы ұстанымды білдірді.
Отырыста сөз алған Сенат Төрағасының орынбасары жүйе құраушы 361 кәсіпорынның тізімі қоғамда теріс әсер туғызғанын айта келіп, бизнес қауымдастығының бірқатар өкілдері ол жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті мәлімдеме жасағанына Мемлекеттік комиссия мүшелерінің назарын аударды.
А.Шәкіров Сенат Төрағасы экономиканы қалпына келтіру және дағдарыстан кейінгі даму кезеңінде бизнесті ынталандыру мәселелері бойынша жоғарғы Палатада кеңес өткізгені туралы хабардар етті. Экономика салаларын қолдау тұрғысында кәсіпорындарды іріктеудің дәйектелген өлшемдерін белгілеу қажеттігі айтылды.
Осы мәселе бойынша Премьер-Министр Асқар Мамин қазіргі уақытта жүйе құраушы кәсіпорындардың тізбесі әзірлеу сатысында екенін атап өтті және Парламенттің қос палатасының депутаттарына осы жұмысқа қатысуды ұсынды.