• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 29 Сәуір, 2020

Халық өмір сүрсе, мемлекет те өмір сүрмек

224 рет
көрсетілді

Бауырлас Түркия еліндегі замандастардың пандемия кезіндегі жұмысын білу үшін Түркия Республикасы Жастар және спорт министрлігіне қарасты Самсун Атакум жастар бірлестігінің жетекшісі Талха Дамен әңгімелескен едік. Қазақстандық студенттердің елге қайтуына көмектескен Түркиядағы волонтер жастардың жұмысы туралы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Жастар ұйымдары тө­тен­ше жағдай кезінде қан­дай қызметтер атқаруда?

– Коронавирус пандемия­сы Түркияны да әбігерге салды. Еліміз бұл сынақты мейлінше аз шығынмен өткеруі үшін тө­тенше жағдайға ерте қам­да­нып, вирусқа қарсы түрлі іс-шараны қолға алды. Ең алдымен, оқушылар мен сту­денттер онлайн оқуға көшіп, үйлеріне қайтарылды. Біз­дің жұмысымыз жастармен байланысты болған соң, біраз жоспарды кейінге ше­ге­­руге тура келді. Осы кез­де жастар қауымы елге қан­дай көмегімізді тигі­зе­міз деп, қолдан келер мүм­кін­дік­те­рі­міз­ді ұсындық. Түр­киядағы жас­тардың әрбір ұйымы өз үле­сін қосуға тырысты. Аз уақытта жоспарымызды дайындап, іске кірістік. Жастар ұйымдары министрлікпен байланысты болған соң бір-бірімізден хабар алып отыру да, бірлесе іс-қимыл жасау да ыңғайлы.

Төтенше жағдай ережесіне сәйкес, Түркиядағы 65 жас­тан асқан зейнеткерлер мен 20-ға толмағандарға да­лаға шығуға тыйым салынды. Оларды азық-түлік, дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз ету мәсе­лесі азаматтық қоғам, жас­тар ұйымдарымен қоса мем­ле­кет­тік деңгейде назарға алынды. Жастар ұйымдары алғашқы күні-ақ қажетті бетперде, анти­сеп­тик таратуға кірісті. Оған қоса діни құрылымдар өкіл­дері далаға шыға алмайтын азаматтарымыздың жала­қы­сын банктен арнайы көлік алдырып, үйлеріне жеткізіп берді. Жастардың тағы бір тобы азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізумен айналыса­ды. Жастар орталығында әлеу­мет­тік дүкендер жасақ­тал­ды. Бұл жүйе әр аймақта қа­лып­тасқан.

Осындай кезеңде ден­сау­лы­ғын қатерге тігіп жұмыс істеуге мәж­бүр болған аза­мат­­та­ры­мыз­ға: медицина қызметкерлері, дү­кендегі са­тушылар мен әс­ке­­­рилер, полицияларға бет­перделер тараттық. Бір ғана Самсун қаласында бір күнде 1000-1200 бетперде та­ра­­ты­лады. Осыған дейін 15 000­ бетперде тігіліп, таратылды. Бұл да өзінше бір қолдау. Бір медицина қызметкерін дерттен аман алып қалу мемлекет үшін үлкен олжа. Өйткені қа­зір­­гідей науқас саны еселеп ар­тып жатқан уақытта әр медицина қызметкерінің орны бі­лі­неді.

Қазіргі таңда мемлекет «Халық өмір сүрсе, мемлекет те өмір сүрмек» ұранымен жұ­мыс істеп жатыр. Яғни мемлекет үшін әр адамның орны маңызды. Сондықтан жо­ғарыда айтылған шешімді қабыл­дауға мәжбүр болды.

Медицина қызметкерлері де дамылсыз жұмыс істеп жа­тыр. Полиция мен әскер­ле­ріміз де халыққа қыз­мет жұ­мыстарына жұ­мыл­ды­рыл­ды. Олар да ауылдар мен қа­ла­лар­дағы тұрғындарды азық-тү­лікпен қамтамасыз етуде. Карантинге байланыс­ты туған күндерін тойлай алмай көңіл күйі түскен балалар туралы жиі айтылады. Осы орайда әскеріміз бала­қайларды туған күнімен арна­йы барып құттықтап, көңілін көтер­ді. Осы сынды халықтың көңі­лін көтеретін акциялар да ма­ңызды.

АҚШ, Ұлыбритания, Қы­тай мемлекеттері Түр­кия­дан гуманитарлық көмек сұрады. Түркиялық инженерлер 14 күнде 5 000 өкпеге арналған жа­санды желдеткіштер жа­сап шығарды. Әсіресе Ұлы­бри­танияға үлкен көлемде көмек жеткізілді. Медицина құ­рал­дарын жеткізуге тасымалмен айналысатын 4 ірі компания атсалысты. Біздің меди­цинаның жоғары деңгейде екеніне көз жеткізгендей болдық.

– Әлеуметтік дүкендер ту­ра­лы айтып өтсеңіз?

– Әлемде дағдарыс басталды деген әңгімелер тарап жатыр. Бұл дегеніміз халықтың өмір сапасының төмендейтінін білдіреді. Халықтың жағдайы қиындайтыны анық. Бүгінге дейін Түркия үкіметі 4 млн отба­сыға ақшалай көмек та­ғайын­дады. Әлбетте бұл жоқты жамауға жеткіліксіз. Сон­­дықтан волонтерлер кә­сіп­­­керлермен бірлесе отырып әлеу­меттік дүкен ашуды қолға алды. Жастар орталығындағы кітапхананы дүкенге айнал­дыр­дық. Кәсіпкерлер мен бас­қа да азаматтарымыз қол­­да­рынан келген көмекті көр­сете алады. Яғни бұл – аль­тур­из­мге негізделген жоба. Мемлекет тарапынан ешқандай қолдаусыз, азамат­тардың бір-біріне деген жана­шырлық сезімімен қолға алынды. Дүкеннен наннан бастап, дақылдарға дейінгі тамақ түрлерін таба аласыз. Онда келген әрбір қажеттілігі бар адам қалағанын ала алады, еш шектеу қойылмайды. Бұрын Осман империясында да «Садақа тасы» деген үрдіс болған. Яғни біз ата-бабамыздың дәстүріндегі танымды жаңарттық. Байлар әлгі тастың үстіне артылған тамағын қойып, қажет еткен адам сол жерден емін-еркін алатын болған. Рамазан айында бұл да отандастарымыздың сауап жинауына мүмкіндік беретін амал деп білеміз. Мұқ­таж­­дар да, көмек беру­ші­лер де әлеуметтік дүкендер ашылған күннен бері келіп жатыр.

– Қазақстандық студент­тер­­дің елге қайтуына атса­лы­­сып­сыздар...

– Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан сияқ­ты бауырлас елдердің жас­тарын қолдаумен айналыса­тын, Жастар министрлігіне қарасты сенім ұйымы бар. Біз шетелдік студенттердің репатриациясына көмектестік. Алғашқы медициналық тек­се­ріс, ақпарат алу, қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету секілді жұмыстарға жұ­мыл­дық. Жалпы, шетелден келген кез келген адамды ка­ран­­тинге жатқызу қолға алын­ған. Олардың барлық шығыны мемлекет тарапынан өтеледі.

Осыған дейін Ыстанбұл әуежайында шетелде жазасын өтеп жатқан 1000-ға жуық африкалықтың қалып қойғаны туралы ақпарат келді. Оларды өз мемлекеттері де қабылдай ал­майтынын хабарлады. Со­дан біздің еліміз оларды Ка­ра­­бүк облысына жеткізіп, өз қарауына алды. Оған да жас­тар­дың волонтерлік штабтары көмектесті.

– Мемлекет онлайн бай­л­анысқа көш­ті, осы орайда басқа қан­дай шаралар қолға алынды?

– Жастар онлайн бағ­дар­ла­ма­ларға жұмылып, түр­лі бағ­­дарламаларды жүр­гізіп жа­­т­ыр. Үйдегі азамат­тар­дың жағдайына да көңіл бөл­дік. Жастар ұйымы ретінде жас­тардың уақытын тиімді өткі­зуге қатысты бағ­дар­ла­ма­­лар­ды бастадық. Бүгінде барлық республика бойынша түрлі онлайн жарыстар, ма­рафондар өтіп жатыр. Үз­дік­­теріне сыйлығымыз да бар. Бапкерлер ар­найы видео­лар дайындап әлеу­меттік же­лідегі түрлі топ­­т­ар арқылы та­ратып, сол арқылы жас­тар­дың ден­сау­­лығын да назардан тыс қал­дыр­ған жоқ­пыз. Бұл кезеңнің өтері сөзсіз, алайда жаңа ке­зең­ге дені сау жастармен аяқ басуымыз маңызды. Олар­дың психологиялық ден­сау­лығына да көңіл бөлдік. Арт-терапияны негізге алып, музыкаға ден қойдық. Түрлі курстар жүр­гізіліп жатыр. Бұл са­бақ­тар республикалық арналардан тікелей эфирде көр­се­тіледі. Оған қоса отбасымен са­палы уақыт өткізуге қатыс­ты педагогтар жасаған бағ­­дарламалар таратылуда. Яғни оқушылар мен студенттер тек оқу бағдарламасымен шек­те­ліп қалмауы үшін таң­дау мүм­кін­дігін ұсындық.

Рамазан айында республика бойынша Құран оқу курсын бастадық. 4 адамнан құрылған топтар бірдей уақытта Құран оқиды. Ережеге сәйкес, 1 ай ішінде бір топ Құранды то­лық оқып бітіруі керек. Мен тұ­рып жат­қан Самсун қала­сын­да 16 топ Құран оқуда.

Сонымен қатар облыс­та­ғы 81 жастар ұйымы, респуб­ли­каның қай айма­ғын­да қан­дай шара болып жат­қа­ны­нан оңай ақпарат ала ала­тын бағдарлама жасап шы­ғардық. Оны шетелде де қол­да­на ала­­­сыз, жүктеп алып, бар­лық бағдарламаға қаты­су мүм­кіндігіне ие бола­сыз. Онда мектеп бағдарламасын оқытудан бастап, тіл үйрену, түрлі аспаптарда ойнау, спорт үйір­ме­лері де бар. Бұл да жас­тар­­дың әлеуметтенуіне жол ашады. Бағдарламаға 1000 түр­лі іс-шара қосылған. Кіш­кен­­тай балақайларға ерте­гі оқу бағ­дарламасы іске қо­сыл­­ды. Күніне жарты сағат түрлі ертегі оқылады. Сонымен қатар ерек­ше қажеттілігі бар аза­мат­тар­ға хабар тарату да қа­рас­тырылған. Яғни әр бағ­дар­ла­ма­ның сурдо аудармасы бар.

Жастардың мемлекет үшін маңызды кезеңде кө­мек көр­се­те алуы жақсы мүм­­­кіндік. Бұл кезеңді тек бір­лесіп, ере­же­лерді сақтау арқы­лы же­ңе­тініміз анық. Әр жас өзін мемлекетке керек екенін сезі­ніп, көмек бере алатынын тү­сінген кезең болды дей ала­мын. Бұл бірлігімізді ны­­ғай­тып, жастардың ой ұшқыр­­лы­ғын дамытуға жол ашты. Тек төтенше жағдай емес ел бола­ша­ғына үлкен үлес қо­са­тын жо­ба­ларға жұ­мы­­латын күн алыс емес деп сенемін!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Cветлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»