Коронавирустық инфекцияның қазіргі жағдайы, қаладағы кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын қалпына келтіру жөніндегі шаралар туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мәлімдеді.
Жиын барысында ол қаладағы коронавирустық ахуалға тоқталып өтті.
«Қалада коронавирус инфекциясының 599 жағдайы тіркелді. 332 науқас стационарларда жатыр. 214 адам емделіп шықты. Үйдегі карантинде 2576 адам бар. Өкінішке қарай, індеттен үш адам қайтыс болды. 9 сәуірден бастап жаппай экспресс-тестілеу жүргізіле басталды, оны 15 528 адам тапсырды. Қазіргі уақытта 10 науқастың жағдайы тұрақты ауыр халде, оның ішінде 5 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Қазіргі уақытта жалпы 29 680 лабораториялық зерттеулер жүргізілді. 9 сәуірден бері 15 528 адам экспресс тестілеуден өтті», деді Б.Мәкен.
Сонымен қатар ол аулада серуендеу кезінде ұстанатын негізгі ережені түсіндірді. Бұдан бұрын хабарланғандай, елорда тұрғындарына 27 сәуірден бастап аулаға шығуға рұқсат етілді. Көшеде 3 адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салынады.
«Бұл жерде отбасы мүшелері саналмайды. Ата-анасының біреуі немесе 18 жастан асқан жақыны қасында болмаса кәмелетке толмаған балалар аулаға шыға алмайды. Серуенге шыққан тұрғындарда медициналық маска мен қолғап болуы тиіс, сондай-ақ жеке куәлігі болуы керек. Сонымен қатар қала тұрғындарына тұрғын үй маңындағы аулада сағат 06:00-ден 20:00-ге дейінгі аралықта серуендеуге рұқсат етіледі. Бұл тұрғыда міндетті санитарлық нормаларды ұстану керек. Осы орайда егде жастағы адамдарға (65 жастан асқан) әрі созылмалы ауруы барларға аса қажет болмаса, көшеге шықпағандары абзал. Айта кететін тағы бір жайт, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі сейілмегендіктен, адамдар көп жиналатын орындар, яғни сауда және ойын-сауық орталықтары, клубтар, мейрамханалар мен дәмханалар (тек онлайн тапсырыс) жабық болады. Сонымен қатар, қоғамдық көлік жұмысы карантин аяқталғанша қайта іске қосылмайды», деді Б.Мәкен.
Баяндама барысында ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдай кезеңінде табысын жоғалтқан азаматтарға әлеуметтік көмек беру жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
«28 сәуірдегі жағдай бойынша 42,500 теңге әлеуметтік көмекті 275 мың тұрғын алды. Жалпы, аталған төлемге 594,7 мың адам өтінім берді. 301 мың адамның өтінімі мақұлданбады. Сонымен қатар «Біз біргеміз» акциясының екінші кезеңі аясында төлемдер жүргізіліп жатыр, оның аясында 28 073 адам қамтылды. Айта кетейік, «Біз біргеміз» акциясының алғашқы кезеңінде, яғни 19 наурыздан 23 сәуірге дейін елорданың 14 478 тұрғыны 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек алды», деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынба- сары.