• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 29 Сәуір, 2020

Шикізат пен азық-түлік бағасы теңесуі мүмкін бе?

604 рет
көрсетілді

Жаһанды жаппай COVID-19 пандемиясы белең алғалы экономикасы шикізатқа тәуелді елдердің жағдайы күн санап қиындай түсуде. Энергетика мен бағалы металдар бағасының арзандауы өз алдына, қара алтын саналатын мұнайдың құлдырауы тізімнің көшін бастап тұр. Дүниежүзілік банктің дайындаған кезекті баяндамасында жақын арадағы әлемдік экономикалық ахуалға болжам жасалып, дамушы елдердің ендігі басымдық беруі тиіс секторлары айқындалды.

Болат өндірісінің жартысынан астамы Қытайға тиесілі

Дүниежүзілік банктің қаржы және институттар жөніндегі вице-президенті Джейла Пазарбасиоглудың айтуынша, коронавирус індеті адам денсаулығына қауіп төндірумен қатар, мемлекеттер­дің қаржылық мүмкіндіктерін тежеп, әсіресе шикізатқа тәуелді елдердің жағ­дайын қиындатып отыр.

– Бүгінгі саяси шешімдердің ішінде энергетикалық субсидиялау рефор­маларын жүргізудің қаншалықты маңызды екенін көріп отырмыз. Бұл рефор­малар қоғамның неғұрлым осал топтарын қорғауға бағытталуы тиіс. Сая­саткерлер сауда-саттық сала­сын­дағы шектеулері тоқтатып, азық-түлік қауіпсіздігіне мән беру керек, – дейді Джейла Пазарбасиоглу.

Банк келтірген мәлімет бойынша, шикі мұнайдың қаңтар-наурыз айларындағы орташа бағасы 50 пайызға төмендеді. Сәуір айында қара алтын құны тарихи минимумға жетті. Десе де, жыл соңына дейін мұнай бағасы орташа есеппен барреліне 35 долларды құрайды деген болжам бар. Сонымен қатар тұтастай алғанда энергия көздерінің (табиғи газ бен көмірді қоса алғанда) бағасы биыл орташа есеппен 40 пайызға төмен болады деп күтілуде. Дегенмен Дүниежүзілік банктің болжамы оптимистік көзқарасқа қарай ауысып, 2021 жылы баға біршама тұрақтайды деген пікірге саяды.

Әлемдік дағдарыс салдарынан биыл бағалы металдардың құны да құлдырап тұр. Әсіресе мыс пен мырыштың бағасы арзандаған. Биыл жыл соңына дейін әлемдік өнеркәсіп саласы тұра­лап, металл бағасы шамамен 13 пайызға қы­с­қарады деп болжануда. Жалпы, метал­ға сұраныстың көп бөлігін Қытай қам­та­масыз етіп отырғаны бел­гілі. Бұл елге тасымалданатын шикі­зат түр­лері шекарада шектеліп, логис­тика­­лық тізбек уақытша «үзіліп» тұр. Авто­мо­биль тасымалдарының тежелуі, порт­­тар­дағы кептелістердің орын алуы Қытай­дағы кіріс және шығыс сауда­­сының тежелуіне әкеп соқты. Осы­ған байла­ныс­ты өнер­кәсіп пен құры­лыс саласында ши­кізатқа сұраныс айтар­лықтай төмендеген.

Лондон металдар биржасында мыс, никель және мырыш бағасы жыл басынан бері 9-14%-ға төмендеді. Темір кенінің 62%-ы ақпан айының басында бір жыл ішінде ең төменгі деңгейді көрсеткен болатын.

Сарапшылар эпидемия басталғанға дейін былтырғыдай темір кенінің бағасы 2020 жылы да жоғары болады деген болжам айтқан. Алайда індеттің жаппай белең алуы инвес­торлардың ойын онға бөлген сыңайлы. Қытай шикі болат өндіру­де жетекші мемлекет. Өткен жылы әлем­дік өндірістің 54 пайызы осы елге тиесілі болған еді. Қытай металлургия өнеркәсібі қауымдастығының мәліметтері бойынша, былтыр елдің құрылыс секторы болаттың 54 па­йызын қолданған. Күншығыс еліндегі құ­ры­лыс саласы бүгінде тоқтаған. Бұл дегеніміз болаттың да сұранысы төмен­­деп кеткенін аңғартады. Соны­мен қатар автоөндіріс саласында жиі қол­­­данылатын литий мен кобальт эле­мент­терінің де бағасы құнсыз­дан­­ға­ны анықталып отыр. Тағы бір айта ке­тер­лігі, Оңтүстік Кореяның Hyun­dai компаниясы Қытаймен бірле­сіп, ав­то­­бөлшектер шығарады. Қазіргі Қы­тай­­­­дағы жағдайдың салқыны атал­ған ком­­панияға да кері әсер етіп отыр­ғаны анық. Дегенмен биыл Қытайда авто­көлік сатып алушылар көлемі артуы мүмкін. Карантин кезінде қытай­лық­тар қоғамдық көлікке отырудан гөрі жеке көлікпен қатынау қауіпсіз екенін ескеріп, сұраныс артуы ықтимал. Бұл жағдайды алдын ала болжаған Қытай билігі эпидемия басталғанға дейін Қытай өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі биыл шілдеден бастап электромобильдерге субсидия беру туралы шешімді кейінге қалдырыпты. Бұл жағдай тіпті,  аккумуляторлар үшін қолданылатын литий гидроксидінің бағасын 10%-ға артуына оң әсер етіп отыр. Айта кетерлігі, Қытайда литий мен кобальт өңдеу зауыттарында қазір қор жеткілікті. Былтыр бұл эле­менттердің айтарлықтай деңгейде артылып қалғаны, биылға азық болуда.

 

Арпа-бидай ас екен...

Егер астықтың тоннасы кенеттен мұнай тоннасымен салыстырғанда артық бағаланса, онда әлемдік шикізат пен азық-түлік нарығы тұрақсыздыққа тап болғанын көрсетеді.

Дүниежүзілік банк келтірген мәлі­метте әлем бойынша биыл жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің қоры жеткілікті болып, жалпы баға тұрақты деңгейде сақталады делінген. Азық-түлік бағасында тұрақ­тылық сақталғанымен салада кем-кетік мәсе­лелер орын алу бек мүмкін. Мысалы, тыңайтқыштардың жетіспеуі, иә болмаса жұмыс күшінің қолжетімді болмауы күтілуде. Бұдан бөлек, логис­тика саласында бірқатар мәсе­ленің туын­дауы дамушы елдердің нарығына жі­берілетін гүлдер, жемістер мен көк­өніс­­тер сияқты тез бұзылатын өнім­дер­дің экспортын тежейді.

Пандемия мен оған қарсы күрестің салдары аграрлық өнім өндірушілер үшін де, тұтынушылар үшін де әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Германияда шекараның жабылуы маусымдық ауыл шаруашылығы жұмысшыларына кедергі келтіріп отыр. Неміс шаруа одағының (DBV) басшысы Йоахим Руквидтың айтуынша, негізгі азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесінде қиындықтар болуы мүмкін емес, бірақ көкөністер мен жемістерге қатыс­ты кейбір дақылдардың тапшы болуы кәдік. Өз кезегінде өнімнің жетіс­пеушілігі бағаға әсер етеді.

Ал негізігі азық саналатын азиялық­тардың күріші алдағы жоспарланған уақытқа жетпей қалуы да ықтимал. Биыл күріш бағасы Таиландта алты жылдан астам уақыт ішінде ең жоғары деңгейге дейін көтерілген. Вьетнам үкіметі 25 наурыз күні халықты қамта­масыз ету және резервтер жинау үшін күріш экспортына уақытша тыйым салды. Індетке дейін Вьетнам мен Тайланд әлемдік нарыққа күрішті экспорттап отырған көшбасшы елдер санатына жатқызылып келген еді.

Әлемдык нарыққа бидай экспор­тын тұрақты жүргізіп отырған Ресей 1 сәуір­ден бастап Еуразиялық эконо­мика­лық одақ (ЕЭО) шегінен тыс елдерге негізгі дәнді дақылдар – бидай, қара бидай, арпа, жүгері экспортына шек­теу енгізді. Бұған дейін біздің ел де би­дайды сыртқа шығаруға тыйым сал­ғанын білеміз. Кейін квота арқы­лы, яғни шектелген көлемде экспорт­талатыны белгілі болды. Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі шекарадан шы­ға­руға тыйым салынған ауыл шаруа­шы­лығы тауарларының толық тізімін жасап, қарақұмық, қант, картоп, сәбіз, қы­зылша, күнбағыс майы сынды өнім­дер квота арқылы экспортталып отыр.

БҰҰ індеттің соңы тыйылмаса, әлем бойынша азық-түлік жетіспеуі орын алып, тіпті осы жылдың соңына қарай жер жаһандағы 265 млн адам ішер асқа жарымай қалуы мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының басшысы Максимо Торероның айтуынша, ауыл шаруашылығы дамыған елдерде егін жақсы болғанымен, бұл салада қызметкерлер саны жетіспеуі мүмкін.

– Бұл жағдай бағаға әсер етіп, тарифтер қымбаттайды, әр ел алдымен өз халқын қамтамасыз ету үшін өнім экспортына шектеу енгізеді. Жағдай күрделенсе, Үкіметтің азық-түлік ағынын шектеуі мүмкін. Еркін сауда ағыны енді бақылауға алынады. Бұл жағдай елдер арасындағы нарық­­қа таластың тууына, түйткіл­ді мәселе­ле­р­­дің орнауына алып келуі мүмкін. Ха­лық­ты азық-түлік­пен қамтамасыз ету­­мен қатар, өнім өндіру­шілердің дағ­­да­рысқа ұшырамауын қадағалау да аса маңызды. Әсіресе одақтас елдер өз өнімдерін көрші елдерге көптеп өт­кізуге тырысуы мүмкін. Түптеп келген­де шиеленістен қашып, әлем бойынша азық-түлік ағынын қорғайтын уақыт жетті, – деді БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының басшысы.