Қара малдың ғана сүтін кәдеге жаратқан жалпақ жұртқа ешкі сүті таңсық. Дегенмен Шекшек ата сүтінің құнары, адам ағзасына пайдасы әлдеқашан дәлелденген. Есіктен кіріп төрге озған коронавирус індеті кезінде әр ұлт өзінің ұлттық тағамдарын пайдаланғаны дұрыс деген пікір орынды айтылып жүр.
Қажымұқан ауылындағы «Зеренді» ешкі шаруашылығы төрт жылдан бері табиғи таза ешкі сүтін өндіріп, тұтынушыларына ұсынуда. Таңсық асты талғап ішетін кірпияз тұтынушы да бұрын еміс-еміс естігенімен, ешкі сүті таңдайына тимегендіктен, алғашқыда тосырқағандары да рас. Кейін ағзаға пайдасы туралы естіген соң сұраныс арта түсті.
Коронавирус індеті адамды ғана емес, шаруашылықтарды да қырына алған. Індет екпініне шыдай алмаған кейбіреулері әлсіздігін мойындаса, бұл шаруашылық өндіріс желілерін қайта жасақтап, ықшамдалған күйі жағаларына жармасқан қиындыққа төтеп беруде. Негізгі қолбайлау, дайын өнімді өткізудегі қиындық. Бұрын ешкі сүтінен дайындалған өнім Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, Қарағанды, Жезқазған, Қостанай қалаларының сауда сөрелеріне қойылатын еді.
– Амал жоқ, қазірдің өзінде біршама шығынға батып отырмыз. – Басты қиыншылық тауарды тұтынушыға жеткізу, – дейді жоба жетекшісі Азамат Тұрмағамбетов.
Ешкі фермасы Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамту белдеуіне енген. Кәсіпорын осы уақытқа дейін әлеуметтік маңызы бар нысандарды шипасы мол тағаммен қамтамасыз етіп келді. Сүт қадірін білетін жамағат епсекті жандар дайындаған ешкі сүтімен сәбилерді де тамақтандырады.
Асыл тұқымды ешкі шаруашылығында өндіріс көлемі бұрынғыға қарағанда азайғанымен, енді сақтау мерзімі ұзақ өнім дайындауға көбірек көңіл аударып отыр. Сонда өндірген өнімдері ысырап болмайды ғой. Ұжым басшысының айтуына қарағанда, шаруашылықты жүргізудің алғышарты – тұтынушының көңілінен шығу. Сондықтан тапсырысты уақытында орындап, ел сеніміне ие болуға ұмтылады.
Бүгінгі таңда кәсіпорын балмұздақ шығаруды қолға алды. Оған қоса, май, сүзбе, ірімшік, құрт та өндіріледі. Халқымыздың сан ғасыр бойы ақ дастарқанынан арылмаған ұлттық тағамның қуаты індеттің бетін қайтаруға септесіп жатса, ғанибет емес пе?!
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы