• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Сәуір, 2020

Тері шаңғы тепкен түркілер

578 рет
көрсетілді

Құс қанаты талатын Ұлы дала. Әмсе түркіге тәж бен тақтан да биік Алтай шоқысы. Бөкендей қарғып, киіктей орғып ақ ұлпа бетіне параллель қос түзу тастай жөңкіген шаңғылы адамның сұлбасы меңмұндалайтындай. Мүмкін, ол нәпақасын тау тағысынан іздеген аңшы болуы да ғажап емес. Самырсынқұстай қойтастардың төбесіне төне келіп, кілт шегініп, тепе-теңдігін жоғалтпай демде қатпар құздардың біреуінен келесісіне сүрінбей жетеді. Мұхитты көктей өткен ұшақтай тау шыңдарын бұйым көрмейтін шаңғышыны көргенде кеуде тұсыңыз бір бүлк ететіні анық. Сонда сіздің санаңызға осы бір шаңғышы салған картина келеді. Неге?

Қарт тарих – таңдайынан сөз бүрлеген һас шешендей ғұлама. Оның ғұлама­лылығын арысы бағзылық балбал тастан, берісі қабат-қабат шежіреден аңдауға болады. Сол құнды жәдігерлердің түу басында «Қазақ ұлтының байырғы тарихи мұралары» кітабы тұрғанын иә білерміз, иә білмеспіз. Білу бар да, айту бар. Тіпті әңгіме мұнда емес. Осы тұста бұл кітаптің біз сөз еткен кәдімгі шаң­ғымен қандай қатысы бар деуіңіз бек мүмкін. Еңдеше қадери-хәлімізше баян етіп көрейік. Бұл кітапта бедерленген тың ақпарат, мәнді дерек көрсеткендей Алтай тауы – бүгінгі қолданыстағы шаңғының тарихи отаны екені расталды.

Мұныңыз жаңсақ десеңіз, техника­ның тілін тапқан, әлемнің зерек ұлттары­ның бірі – жапонның білікті ғалым­дары шаңғыны жете зерттеп, елеулі еңбек жазды. Біздің бөркімізді аспанға атып қуа­натын сәт те – осы. Мұнда тау шаңғы­сы­ның ең алғаш Алтайда пайда болғаны, өзге халықтарға бертінде жеткені жазыл­ған. Сондай-ақ Жапонияның Саппоро қаласындағы мұражайда терi шаңғысын тек Алтай тауындағы халық ойлап тап­қан деген анықтама тұрғаны айтылады. Ал Алтай десе көне түркі, ежелгі ғұн мен сақ елестейтін біз үшін бұл – керемет жаңалық. Осы мезетте ең шешуші сәт келгенде тілін тістеп тұрып қалатын дала баласының әдеті тағы да ырық бермеді. Сол даланың заңды ұрпағы біз едік деп те айтуға шамамыз келмей, үнсіз қалдық. Күні бүгінге дейін Алтайға әлі бір қазақ баласының табаны тимей-ақ қойды.

Жансебіл жапондық ғалымдар түр­тіп көрсеткен «тері шаңғы» деген тір­кеске басымдық беріңізші. Маз­мұн жаңара­тындай. Тері дегенде жады­ңызда ілкімді ақпарат саулай жөнеледі. Мүмкін, іштей таразылап, тері өңдеуді көшпенділер тапқанын айтарсыз. Мүмкін, талқыға тас­­тап, қай теріден қайыс өріп, қай тері­ден ыстап саба ұстағанын тілге тиек етер­сіз. Тек, сіз меңзеген, біз алға тарт­қан сол көшпендінің заңды ұрпағы – қазақ халқы. Таңғаларлығы сол, Алтай тауын­­дағы алғашқы шаңғы – «тері шаңғы».

Осы тұстан артқа бір қадам жасап, көптің көкейіне күдік сепкен «Неліктен Алтай тауы алғашқы шаңғының тарихи отаны деп танылды?» деген сұраққа жауап іздесек. Әлгі жапондық зерттеушіден қай жерім кем деген ниетті алға тастап, келісі бір америкалық ғалым табанын тасқа ұрып, етегін бүргенге ілдіре жүріп сол тауды тағы бір барлап шықса керек. Жұмбағын шешіп, оның сілемі мен жүлгесіне дейін қотарып, сүзіп шығады. Іздеген жетер мұратқа дегендей, тастарға қашалған шаңғының бейнесі ғалымдардың тұжырымын нақтылай түседі. Осылайша, мәшһүр Гиннестің рекордтар кітабына «Алтай тауы – ежелгi тау шаңғысының шыққан жерi. Терi шаңғыны ойлап тапқан – осы тауды мекендеушi халық» деп жазылады.

Бұдан кейін әлем ғалымдарын өзіне қаратқан тың жаңалық тәптіш­тей зерттеледі. Онсыз бола ма? Халықара­лық қыстық олимпиада ойындарының шаңғысыз өтпейтінін бағдарлай бері­ңіз. Оның үстіне «қысқы олимпиада ойындарының сегiз дүркiн жеңім­па­зы норвегиялық Уле-Эйнар Бьёрнда­лен­нің, төрт мәрте олимпиада алтынын ол­жалаған швед Эдди Сикстен Ерн­берг­тiң, екi дүркiн олимпиада чем­пио­ны не­мiс Михаэль Грайстың аяғын­да­ғы шаң­ғының иесi...» кім екенін біл­гі­ңіз кел­мей ме? Осындай құштарлық, оның ішінде саңылау салған әрбір ұлт­тың мүд­десі ғалым атаулыны тыныш ұйықтатпады.

Зерттеу нәтижесі бойынша тасқа қашалған бұл суреттің осыдан он мың жыл бұрын салынғаны айғақталды. Осы­лай­ша, Қытайдағы Алтай тау сілемінде ша­ма­мен он мың жылдың алды-артында жылқы терісімен қапталған алғашқы қар шаңғысының дүниеге келгені анық­талады. Сөйтіп, бұл дақпырт әлем ға­лым­дарын ғана емес, түркі тектес аға­йын­дарды да елеңдеткені бар. Себебі бәрі де осы бір сұлу да бекзат спорттық өнер­дің алғашқы егесі атанбаққа ты­рыс­ты. Сол арқылы өнегелі ұлттың жұ­раға­ты екенін паш еткісі келген-ді. Осы мүдде тартысында бұл өлкенің ба­йыр­ғы тұрғыны ретінде екі-ақ ұлттың «автор­лыққа» таласуға құқығы бар-тын. Оның бірі – қазақ болса, енді бірі, әрине, қазақ­пен көрші қоныстанған моңғол ұлты. Мұндай тарихи байламда тек қана нақты дерекке құрылған бұлтартпас айғақтың ғана көмектесетінін білеміз. Өйткені сонда ғана шешім нық, байлам берік болмақ.

Қызығы сол, түркі туған әкесіндей қарайтын Алтай тауына ежелден қазақ пен моңғолдың қайсысы мұрагерлік еткенін айқындап алу шарт. Ақыры Халықаралық спорт мамандары, археологтар ұзақ уақыт тер төкті. Танымал тарихшылардың туындылары аударылып-төңкерілді. Соңында Қытайдың Шыңжаң өлкелік үкіметі жағынан құрылған тәуелсіз комиссия қар шаңғысының түп атасы қазақ ұлты деген шешімге мойынсұнды.

Енді ойлап көріңіз. Бала күнімізде әкелеріміз айтып отыратын әлгі бір әңгімені. Онда «бұрын бабаларымыз шаңғы жасаудың асқан шебері болыпты. Техникаң ұшқан құстай дамыды деген бүгіндегі бүтін шаңғы сол уақыттағы тері шаңғыға жетпеуші еді ғой. Ол кезде бұл дүние жылқы терісінен, оның ішінде терісі мықты пұшпақтарынан жасалатын. Қылқұйрық терісінің қасиеті – күш алып сырғи жөнелгеніңізде, өзге материалға қарағанда қармен барынша үйкеліссіз, майда жанасатындықтан таңғаларлық жылдамдыққа ие болады. Ал оның бұдан да керемет қасиеті сол – бір бағытқа жатқан «қайратты» тері қылшықтары шаң­ғыны артқа мүлде тайдырмайды. Сол арқылы шаңғышы әуелде орнынан қоз­ғал­ғанда еш қиындықсыз алға ілгерілей ала­ды. Тіпті, тау беткейлерінде сорғалап, келесі беткейге көтерілетін сәтте кенет жыл­дамдық жоғалтып алса да, кері қарай тайып кетпейді. Міне, мұндай қасиеттің төрт түліктің ішінде түбіті аз жылқы тері­сінде ғана болатынын ат жалында өскен көш­пенділер ғана білген. Яки, біздің ата-бабаларымыз» деп отырмаушы ма еді?!

Ақ шаңқан алып дала. Тау баурайынан тері шаңғымен құйындата топ бас­тап бара жатқан қазақ. Көңіл күйінің толғағын шерткен қазақ. Басынан талай дәуір аунатып кешегі бабасының қазынасына қайта қол жеткізген қазақ. Сіз де тарих жаңғырығын естідіңіз бе?