Елімізде төтенше жағдайға байланысты шаралар дер кезінде қолға алынды. Қытайда оқып жатқан және сол елге сапарлап барған азаматтарымызды ауру жұқтырмастан бұрын тегіс елге әкелгені індеттің алдын алудың өте бір мықты қадамы болды деп есептеймін. Оны басқа елдер жасады ма, жасамады ма білмеймін, ал біздің азаматтардың індет өршіп тұрған жерден Отанына қайтуы нағыз халыққа жасалған қамқорлық болғаны анық.
Президент Қ.Тоқаевтың төтенше жағдайды 11 мамырға дейін ұзарту жөніндегі шешімі де өте құптарлық, өйткені ауру өршу шыңына әлі жеткен жоқ. Кейбір жерлерде вирус жұқтыру төмендегенімен, кей өңірлерде шырқау биігі әлі алда, сондықтан да ұзарту саясатын қолдаймын. Тіпті мамырдың 11-нен кейінгі қадам жөнінде де бір ойланып алу қажет болар. Осы шаралар арқылы бүгінде елімізде ауырғандар саны да, қайтыс болғандар саны да өзге елдердей шығандап кетпеді. Швеция, Швейцария, Беларусь Республикасы сынды мемлекеттер ауруға қарсы шараларды қарастырмап еді, енді оның салқынын, зардабын тартып жатыр. Қазақтың «Алынбайтын қамал, жеңілмейтін жау жоқ» деген сөзі рас. Ел болып оқшауланып едік, бұл бағыттағы іс нәтижелі болып жатыр. Әйтпегенде көптеген азаматымыздан айырылып қалар едік.
Президент бұл жолы да медицинаға деген көзқарас өзгеретінін, саланы қаржыландыру күшейетінін, медицинаны дамыту, реформалау қажеттігін баса айтты. Бұл – өте дұрыс шешім. Яғни көзге көрінбейтін вирус тек медицинаға емес, жалпы адамзаттың өмірлік көзқарас, ұстанымына да өзгеріс енгізіп жатыр.
Осы қиын күндерде медицина қызметкерлері майданның алғы шебіндегі сарбаздардай еңбек етуде. Төтенше жағдай орын алған кезде, алдымен құтқарушылар зардап шекпей ме, сол тәрізді біздің дәрігерлер мен мейірбикелеріміз алғы шепте аянбай еңбек етуде. Мемлекет медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуді қарастырды. Жоғары деңгейдегі үстемеақы төленіп жатыр. Бұл денсаулық күзетіндегі жандарға жасалған үлкен құрмет, қамқорлық деп санаймын. Біз дәрігерлер қауымы мұны өте жоғары бағалаймыз.
Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор