Отыз күнде отыз баспана. Дәл осындай атаумен Рамазан айында «Харекет» қайырымдылық қоры республикалық акциясын жүзеге асыруда.
Ізгі ниеттің арқасында тағы бір көкшетаулық отбасы баспаналы болды. Бұл жолы үш бөлмелі пәтердің кілті көпбалалы Сұлтановтар әулетіне табысталды.
Сұлтановтар отбасында 8 бала бар. Тұңғышы 19-да болса, сүт кенжесі 2 жаста. Осы уақытқа дейін бұл отбасы қала іргесіндегі Нұрлы көш ауылында баспана жалдап келген. Үй кезегінде тұрғандарына он жылға жуықтаған. Ал, қасиетті айда «Харекет» қоры акциясының аясында баспаналы болып, ақ түйенің қарны жарылды.
–Сіздерге ақ алғысымды айтамын. Балаларым да қуанып жатыр,–дейді қала тұрғыны Асқар Сұлтанов.
«Харекет» қорының ықпалымен Көкшетауда бесінші отбасы баспаланы болды. Осыған дейін Бурабай ауданында және Көкшетау қаласында төрт отбасы қоныс тойын тойлаған.
Осыған дейін «Харекет» қоры «1000 теңгеге баспана» акциясын да сәтті жүзеге асырған. Акция аясында республика бойынша 200-ге тарта отбасы пәтерге қол жеткізді. Бұл осы акцияға қатысып, өз үлестерін қосқан бұқараның еңбегі. Халық көңіліне қуаныш ұялатып, мерейін асырған жобалар әлі де жалғаса бермек.