Елордада «Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың гендерлік аспектілері» атты семинар-кеңес болып өтті. Оған Президент кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Кенжеболат Жолдыбай, сондай-ақ, бірқатар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

«Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты ел халқына Жолдауында және Үкіметтің биылғы жылғы қаңтарда өткен кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында Қазақстанда зейнетақы жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту жүргізілуде», деді отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова. Сондай-ақ, ол жаңғыртудың мақсаты зейнетақымен қамсыздандырудың көп деңгейлі үлгісін сақтап, жоғалтылған табысты зейнетақы төлемімен алмастыру мөлшерлемесін арттыра отырып, азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы тұтас мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылатындығын тілге тиек етті.
Жиында БАҚ өкілдері тарапынан да бірқатар мәселелер көтерілді. Мәселен, демографияны көтеруде босанған әйелдердің қасында еріне кемінде 40 күндік демалыс берілу керектігі жайында ұсыныс айтылды. Қалалы жерлерде туған-туыссыз босанған әйелге аяқ-қолын бауырына алғанша ерінен басқа кім қарайды, сондықтан мұны да ескерген жөн деген пікірлер де назардан тыс қалмады.
Семинар-кеңесті қорытындылаған Президенттің кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіқалықова аталған шараға БАҚ өкілдерінің арнайы келіп қатысып, ұсыныс-пікірлер айтқанына ризашылығын айта келе, көтерілген мәселелер жөнінде жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».