Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушылары жазғы сессияның емтихандарын қашықтан қабылдай бастады.
Аталған оқу орнының күндізгі, күндізгі-қысқартылған және сырттай (бакалавриат, магистратура, докторантура) бөлімдерінде 12 801 студент оқиды. Оқытушылар мен студенттерге онлайн-вебинарларда «қашықтан өтетін» сессияның тәртібі туралы айтылды. Ректордың міндетін атқарушы Еркебұлан Тажбаев тікелей эфир жүргізіп, емтихандарды жаңа форматта тапсыруға қатысты барлық сұрақтарға жауап берді.
ҚарМУ-дың оқу ісі жөніндегі проректор Бекболат Нүсіпбеков сессияның алғашқы күні үш мыңға жуық студенттің емтихан сынағынан сәтті өткенін мәлім етті.
– Сессия енді ғана басталды. Дегенмен, алғашқы күн дистанциялық технологияларды қолданудың өзіндік артықшылықтары бар екенін көрсетті. Студенттің өзіне сенімді болуына үйреншікті үй жағдайының айтарлықтай көмектесетінін айта кеткен жөн, – деп атап өтті ол.
Жалпы, ҚарМУ-да төрт мыңнан астам емтихан өтеді. Ал бірінші күні техникалық себептерге байланысты желіден ажыратылып қалған 20 студентке емтиханды қайта тапсыруға мүмкіндік берілген.