Бүгін, 19 қыркүйетеі жұмыс сапарымен Францияда жүрген Қазақстан Премьер-Министрі Серік Ахметов Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесті. Бұл туралы Премьер-Министрдің сайтынан хабарланды.
Кездесудің басты тақырыбы Қазақстан мен ХКБ-ның өзара іс-қимылы, сондай-ақ Астанада ЭКСПО-2017 өткізуге дайындық барысы болды.Халықаралық көрмелер бюросымен ынтымақтастықтың стратегиялық сипатына тоқталған, Үкімет басшысы Қазақстан үшін ЭКСПО-2017 өткізудің маңыздылығын атап көрсетті.
«Қазақстан тарапынан көрмені сапалы өткізуге дайындық бойынша қажетті шаралардың бәрі жасалуда», - деді С.Ахметов.
Премьер-Министр В.Лоссерталеске үстіміздегі жылдың желтоқсанында ХКБ-ға ұсынылатын, көрменің сәулеттік эскизіне конкурс өткізу бойынша Тіркеу досьесінің аяқталу кезеңі туралы хабарлады.
«Халықаралық конкурсқа әлемнің әр түрлі елдерінен 50 ден астам маман қатысты. Конкурстың қортындысы бойынша ЭКСПО көрмесі кешенінің негізі болмақшы эскиз-идея анықталады», деді С.Ахметов.
В.Лоссерталес Астанада ЭКСПОНЫ өткізуге дайындықтың жоғарғы деңгейде жүргізіліп жатқанын айтып, осы орайда Мемлекет басшысының рөлінің айрықша екенін атап көрсетті.
«Мен Астанада Қазақстан Президентімен кездестім. Сонда Нұрсұлтан Назарбаев көрмеге дайындық барысының оның тікелей бақылауында болатынын айтқан еді», - деді Бас хатшы.
ХКБ Бас хатшысы «жиырма жылдан артық мен осы бағытта еңбек етіп келемін, көрмелер өткізем, менің тарихымда мұндай тез, жедел және тиімді түрде іске кірісіп кеткен ел болған жоқ»-деп сөзін жалғастырды.
Кездесу соңында, В.Лоссерталес Қазақстан жағына мамандандырылған көрмені өткізу барысында табыс тіледі.
Анықтама үшін
Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) көрмелерді ұйымдастырушылар мен қатысушылардың міндеттері мен құқықтарын бекіткен 1928 жылы Париж қаласында қол қойылған халықаралық дипломатиялық Конвенциямен құрылды. ХКБ қызметі Халықаралық көрмелерге қатысты Конвенция өтінімдерін қамту мен бақылауды жүзеге асыруға бағытталған.
Бірінші дүниежүзілік әмбебап көрме 1851 жылы Лондонда өтті. Бүгінгі таңда ХКБ-ға 163 ел кіреді. Қазақстан оған 1997 жылы мүше болды.
2012 жылғы 22 қарашада ХКБ-ның 152-ші Бас Ассамблеясында жасырын дауыс беру нәтижесінде 103 қолдаушы дауыс (44 қарсы) алып, Астана Бельгияның Льеж қаласынан озып, «ЭКСПО-2017» өткізу орны ретінде жарияланды