Аққора – Қызылқоға ауданындағы елді мекен. Ал Александр осы ауылда тұратын беларусь ұлтының өкілі. Тегі – Стомма. Қазақ даласының бір қиырындағы шағын ауылды мекен еткеніне қырық жылдан асты. Осы ауылдың қызы Сәнжанмен шаңырақ көтеріп, бүгінде ұл-қыздарынан көрген немере-жиендерінің қызығына бөленіп отыр.
Александр Стомманың балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен тұспа-тұс өтті. Туған өлкесі – Витебск облысындағы сол бір қырғынды еске алғысы келмейді. Өйткені оның ата-анасы тұрған үйді фашистердің үйіндіге айналдырғанын ойлағанда, әлі күнге жүрегі қарс айырылады. Дұшпанның ауыр техникаларымен тапталған үйімен бірге ата-анасын да жоғалтты. Әр жерде төмпешік болып қалған үйлердің орнын аралап жүріп, аштықтан талмаусырап құлаған Александрды партизандар тауып алып, балалар үйіне жеткізіпті.
– Соғыстан кейінгі жылдардың да ауыртпалығы ұмытылған жоқ. Ата-анадан да, туыстан да айырылдым. Балалар үйіндегі сүреңсіз күндер қажытып жіберетін. Тәрбиешіміз Қазақстаннан келген адамдарға жолықтырды. Олар бізді механизаторлық мамандық алуға, қазіргі Атырау облысына баруға үгіттеді. Ойланатын несі бар, соларға ілесіп, Қазақстанға тартып кеттім, – дейді Александр Стомма.
Осылайша, кіндік кескен өлкесінен қимастықпен жырақтап, Қызылқоға ауданындағы Сағыз стансасына табан тіреді. Осындағы кәсіптік-техникалық училищенің ұстаздарынан дәріс тыңдап, механизатордың куәлігін алды. Содан соң «Қызыл ту» кеңшарын қалады. Сол кезде бұл кеңшардың аты шығып, даңқы аспандай бастаған еді.
– Кеңшарға келгеніммен, қайда, кімге барарымды білмедім. Бір Одақтың құрамындағы ел болғанымен, бұрын көрмеген жер. Тіпті салт-дәстүрі мен тілі өзге ұлтқа сіңісе аламын ба? Бірақ қазақтың аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңіл, бауырмал ұлт екеніне көз жеткіздім. Менің аңтарылып тұрғанымды көрген болуы керек, ақжаулықты ана жаныма таяп келді. Бастапқыда байқамаппын, құлағыма жағымды дауысын естіп, жалт қарадым. Жасының үлкендігіне қарамай, хал-жағдайымды сұрады. Балалар үйінде тәрбиеленгенімді, ауылға келген себебімді айтып едім, – дейді Александр Стомма. – Жаулығының ұшымен көзін сүрткен сол апа мені құшағына тартып, бауырына басты. «Ұлым, жүре ғой» деп қолымнан жетелеп, үйіне ертіп келді. Дастарқанын жайып, баданадай бауырсағын, дәмі тіл үйірген қою айранын ұсынды. Кеудемнен итермей, үйіне шақырған, ақ дәмін ұсынған ақжаулықты адам – менің екінші анама айналған Намаз апа.
Ауылдағы адамның бәрі бауырмал ғой. Бәрі Александрды бауырына басты. Әсіресе, Намаз апаның ұлы Нұрымның бауырмалдығы өзгеше еді. Ол Александрды туған інісіндей, ал, Александр оны туған ағасындай жақын тартты. Екеуі бір анадан туғандай тату болды. Эстония жеріндегі әскери борышын өтеген соң Александр бірден Намаз апасының отбасына оралды.
– Әскерде Намаз апаның дауысын сағынып жүрдім. Түсіме көп кіретін. Осы шаңырақта қазақтың мейірбандығын, қонақжайлығын бойыма сіңірдім. Қазақ тілін де жетік меңгердім. Мені өз баласындай көрген Намаз апа таңертең жұмысқа шығарып салып, кешке есік алдынан күтіп алатын. Нұрым екеуміз де кеңшарда механизатор болдық. Сәнжандай қазақ қызын осы шаңыраққа келін етіп түсірдім. Намаз апа үйлену тойымды жасап берді. Бұл 1979 жыл еді, – деп еске алады Александр Стомма.
Беларусь жігітінің жапырағы қазақ ауылында жайылып, Сәнжан екеуі жеті ұл-қыз тәрбиеледі. Ұлдары ержетіп, қыздары бойжетті. Бәрі де әр мамандық иесі атанып, өмірден өз орнын тапты. Стомманың әулеті қазақтан келін алып, қыз беріп, құдандалы болды.
– Қазақ еліне, қазақ отбасына әбден бауыр бастым. Намаз апа мен Нұрым ағамнан ешкімнің ала жібін аттамауды, адалдықты үйрендім. Ұрпақ өрбітіп, немере-жиен сүйдім. Мен – бақытымды қазақ ауылынан, қазақ қызынан тапқан жанмын. Әттең, бүгінгі бақытты сәтімді тәрбиесін берген, қолдауын көрсеткен апам мен ағам көре алмады. Олар арамызда болғанда ғой, қуанышты күндерім көбейе түсер еді, – дейді ол.
Атырау облысы,
Қызылқоға ауданы