Street workout чемпионы 25 жастағы Ильдар Ягьяев спортқа кездейсоқ келген жоқ – балаң қиялындағы қайратты азамат болып жетілсем деген ой-арманы жігерін жани түсті. Осы сенім-жігер спорт жолында кездескен қиындықтарды жеңіп отырды, ол жеңілістер мен сәтсіздіктерге мұқалған жоқ. 10 жасынан бастап Ақтау қаласының тұрғыны атанған ол 16 жасқа толысымен өз бетінше ойын алаңдарында жаттығуды бастады.
– Жетекші-жаттықтырушым болған жоқ, мені алға құлшындырған спортқа, әсіресе осы спорт түріне деген қызығушылығым болды. Оның үстіне белтемірге тартылу барынша қолжетімді еді, әрбір үйдің ауласындағы ойын алаңдарынан белтемірді табуға болады. Мен тынбай жаттықтым, үнемі алға ұмтыла бердім, нәтижелі көрсеткішке қол жеткізуге тырыстым, – дейді Ильдар Сейітназарұлы.
Ауладағы алаңда Ильдар әрбір күні өзімен өзі қарсылас, өзімен өзі бәсекелес болды деген сөз. Бүгінгі көрсеткішін ертең басып озуға ұмтылу – жақсы әдіс және мақтанарлық жетістіктерге жеткізді. Бүгінде Ильдар – Street workout бойынша тартылудан Қазақстан Республикасының чемпионы, SW бойынша ел чемпионы (жаңа рекорд), Street workout-тың төрт түрінен Ресей Федерациясы чемпионы, Қазақстан Street Workout федерациясының мүшесі.
2013 жылы Aktau Open Fest фестивалінде Ильдар «Freestyle: күрделі элементтер» аталымында үшінші орын алған, «екі қолмен көтерілу» күштемелі жаттығулары мен беліне 32 килограмм қосымша жүк байлап тартылудан чемпион болды. Сол жылы Ильдар Қазақстанның алғашқы чемпионатында street workout бойынша ел рекордын орнатты. Ол «Белтемірге беліне қосымша 32 килограмм жүк байлап тартылудан» 15 рет тартылып, жеңімпаз атанды. Өзі қызыққан аталған спорт түріндегі жетістіктері жалғаса берді – 2014 жылдың желтоқсанында Қазақстан құрамасы құрамында street workout бойынша әлем чемпионатына қатысса, 2016 жылдың қыркүйегінде Aktau Open Fest фестивалінде белтемірге тартылуда өзінің 2015 жылғы рекордын жаңартты. Ол беліне 32 килограмм жүк байлап 17 рет тартылды. Араға екі жыл салып, 2017 жылдың тамызында ол ел чемпионатында street workout-тан жаңа ректорд орнатты.
Тынымсыз жаттығулар жолда қалдырған жоқ, 2018 жылдың көктемінде Ильдар стритлифтинг бойынша Ресейдің ашық кубогында төрт жүлделі орынға ие болып стритлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды. Сол жылы ол бүкіл Қазақстан бойынша өткен Challenge Street Workout-қа қатысып, туған қаласына спорт алаңын жеңіп алды. 2018 жылдың тамызында Ильдар Ягьяев Бүкіләлемдік стрит воркаут және стритлифтинг президенті Денис Мининнің басшылығымен өткен халықаралық «Workout Fest-2018» спорт фестивалінде стритлифтингтен таңғаларлық нәтиже көрсетіп, яғни белтемірге 90 килограмм қосымша салмақпен тартылып, қоссырықта 120 кг қосымша салмақпен кеудесін көтеру арқылы екі дүркін әлем чемпионы болды. Додаларда топ жарып жүрген жалынды жас жігіттің есімі сол жылы еліміздің «100 жаңа есім» жүйріктері қатарында аталып, қуанышын еселей түсті. Жеңімпаз болғандығын елордадан арнайы телефон арқылы хабарлағанда таңданысын жасыра алмаған. Бұл жаңалық оған үлкен әсер беріп, одан әрі қанаттандыра түскен және тоқтап қалмай тек алға ұмтыла беру қажеттігін ұғындырған.
Арнайы құралдармен жабдықталған спорт кешендерінде жаттықпай-ақ, көше спортынан зор жетістіктерге қол жеткізген Ильдардың өмірі көпке, әсіресе жастарға үлгі.
– Жастарға мақсатқа жету үшін тынымсыз еңбектеніп, нәтижеге қол жеткізу үшін талпыну қажет дер едім. Мақсат пен жігер болса жас жігіт кез келген арманына қол жеткізеді дер едім, дейді жуырда әке атануда үмітті Ильдар Ягьяев.
Барынша қолжетімді спорт түрін жастарға насихаттаған Ильдар салауатты өмір салтын ұстанудың денсаулыққа қаншалықты қажетті екендігін еске салды.
Маңғыстау облысы