Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті еліміздің үздік спортшыларымен, спорт ардагерлерімен және білікті бапкерлермен әлеуметтік желі арқылы спорт жанкүйерлеріне онлайн сұхбат ұйымдастырып келеді. Instagram желісінде өтетін онлайн-сұхбаттың кезекті қонағы велоспорттан Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров болды. «Астана» велокомандасының бас менеджерімен болған сұхбаттың жазбаша нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.
Карантин туралы: Қазіргі таңда велоспортшыларды тасжолға жібермейді. Өйткені карантин кезінде үйден шықпау қажет. Еуропа елдері жабық, сондықтан бәрі де үйде жаттығуда. Дегенмен мұны жаттығу деп айту қиын, формасын сақтауда десек дұрыс болатын шығар. Барлығы мамыр айын күтуде. Олардың қатарында біз де бармыз. Біздің спортшыларға жолда дайындалу үшін мүмкіндік беріп қалар. Бұл үлкен демеу болар еді.
Олимпиаданың келер жылға ауысуы: ХОК пен ұйымдастыру комитеті дұрыс шешім қабылдады. Қазір велошабандоздар әртүрлі жағдайда жаттығуда. Бельгия, Аустрия сынды елдерде жолда дайындалуға рұқсат бар, ал көпшілігінде мұндай мүмкіндік жоқ. Ал кейбіреулері базада оқшаулау режімінде жатыр деп естимін. Сондықтан, Олимпиаданың ауыстырылғаны ең жақсы шешім болды. Олимпиадаға алған жолдама күшін жоймайды, сақталады. Біздің команданың үздігі – Алексей Луценко. Оған көмекшілерді таңдайтын боламыз. Бұл жұмысты келесі жылға қалдырып отырмыз.
Команда құрамы туралы: Команданы жыл басында жасақтадық. Әрбір велошабандоз қай жарысқа қатысатынын білді, соған орай дайындалды. Қазір жарыс өтетін мерзім сәт сайын ауысып жатыр. Мамыр айында өтетін «Джиро» қазанға қалды. Команданың негізгі спортшылары қатарда, әлі ойланамыз. Осы маусымда Лопесті байқағымыз кеп тұр. Ал «Тур де Франс» биыл қиындау. Ниццада басталған соң бірден таулы кезеңдер басталып кетеді. Жарыс кезінде біртіндеп күш алу үшін уақыт берілмейді. Сол Фульсанг пен Луценконың күшіне сенеміз.
Қазақстандағы велоспорттың дамуы: Бізде жақсы балалар бар. Бір командада тоғыз-он спортшы көзге түседі. Сондай-ақ жастар да қатарға қосылуда. Бізге биылдан бастап Пронский қосылды. Жас әрі амбициясы мықты жігіт. Ол құрлықтық командада жүргенде бақылап, былтырдан бері назарда ұстадық. Жас спортшылар кәсібилер арасында бейімделу үшін оларға уақыт беріп, біраз шыңдау қажет. Бізде алға ілгерілеу бар. Бірақ мәселе де жоқ емес. Құрлықтық командалардың көп болғанын, спортшыларда таңдау мүмкіндігі болғанын қалаймыз.
Олимпиада алтыны туралы: Мені топ жарады деп ешкім күткен жоқ, бірақ мен күреске дайын болдым. Сараптап қарайтын болсақ, жеңіске жететін мүмкіндік аз еді. Әр елден бес спортшыдан сынға түсті, ал біз Асан Базаев екеуміз ғана бардық. Мәреге бес шақырым қалғанда Уран екеуміздің алтынға таласатынымыз анықталды. Қуып келе жатқан негізгі топтан алшақтау үшін бар күшіңді саласың, сондағы артық уақытты үнемдеп, бір шақырым үшін жанталасқанда барлығын салқынқанды ойластыру қажет. Сондықтан Токиода топ жару Алексейдің қолынан келеді деп сенемін. Спортшылар таудағы кезеңнің көптігіне байланысты Токио ойындары қиын болады деп болжауда. Ал Луценко тауда жақсы жүреді.
Жазып алған
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»