Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен «Әйелдер шығармашылық бастамасы лигасының» ұйымдастыруымен ерте әрі күштеп қиылатын неке құбылысының алдын алу тақырыбында халықаралық конференция өтті.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс бойынша еліміздің тұрғындары 18 жастан бастап және некеге тұратын екі адамның ерікті келісімі бойынша отбасын құра алады.
Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен «Әйелдер шығармашылық бастамасы лигасының» ұйымдастыруымен ерте әрі күштеп қиылатын неке құбылысының алдын алу тақырыбында халықаралық конференция өтті.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс бойынша еліміздің тұрғындары 18 жастан бастап және некеге тұратын екі адамның ерікті келісімі бойынша отбасын құра алады.Бірақ, кәмелеттік жасқа толмай шаңырақ көтеруге асығатын жұптар да жоқ емес десек, оның ішінде белгілі бір тараптың күштеуімен, зорлық көрсетуімен некесін қиғызатын жас қыздар бар екендігі жиын барысында айтылды. «Әйелдердің, қыздардың оқу-білімде, өнерде, саясатта жеткен жетістіктері туралы сөз қозғайтын болсақ, әрине, бірқатар табысымыз туралы айтып шығуға болар еді. Бірақ, бұл қоғамымызда қыздардың ерте некеге тұруы мен зорлық-зомбылық салдарынан жеке тұлға ретінде қалыптаса алмауы, денсаулықтарының сыр беріп, өмірмен ерте қош айтысуы сияқты фактілерді ақтай алмайды. Статистика агенттігінің мәліметінше, елімізде жоғары оқу орындарында оқитын қыздардың саны ер балаларға қарағанда басым. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің 58 пайызы әйелдер. Бірақ, ерте қиылатын некенің салдарынан жас әйелдердің арасында ана өлімі жоғары. Бұған денсаулық сақтау саласы кінәлі емес, ерте жастан бала көтеруге жас ананың ағзасы дайын еместігі себеп болуда. БАҚ-тарда ерте қиылатын некелердің сәтсіздігі жайында материалдар жиі ұшырасады. Интернетте кәмелеттік жасқа толмаған әйелдеріне жәбір көрсету жайындағы жантүршігерлік бейне түсірілімдер толып жатыр. Осының барлығы бізге ой салуы тиіс. Адамзаттық қарым-қатынасқа сай келмейтін әрекеттерге жол бермеуді көздейтін түбегейлі шараларды қолдануымыз қажет», – деді Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина бұл проблеманың кез келген құқықтық, өркениетті қоғамды айналып өтпегенін, қазіргі таңда әлемде кәмелетке толмаған жастардың шаңырағы саналатын 50 миллиондай отбасы бар екенін тілге тиек етті. «Еліміз 60-тан аса халықаралық құқықтық және әлеуметтік құжаттар мен пактілерге қол қойған. Әйелдер мен балалардың құқын қорғау үшін көптеген шаралар атқарылып жатады. Әйтсе де, өкінішке қарай, кәмелетке толмаған қыз балаларға зорлық-зомбылық жасау, күштеп некеге отырғызу сияқты оқиғалар ұшырасатыны жасырын емес. Бұл бірлі-жарым ғана оқиға емес, кәдімгідей тенденцияға айналып отыр» – деді депутат. Ол сарапшылардың бірқатары осы құбылысты әлеуметтік-мәдени жағдаймен, екінші бір тобы діни көзқараспен, кедейшілікпен, білім алуға мүмкіндіктің жоқтығымен байланыстыратынын баяндады. «Бұл жағдайда ең сорақы нәтиже: жас қыздардың құқығы бұзылуы. Соның салдарынан өзін-өзі өлтіруге дейін баратын жантүршігерлік оқиғалар орын алуда. Статистика бойынша елімізде кәмелетке толмаған жас қыздардың бес пайызы ерте жастан некеге тұрады. Бұл бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуға да болады», – деді депутат.
Ал, Білім және ғылым министрлігі, Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Бақыт Әлібаева елімізде кәмелет жасына жетпеген 2 миллионға жуық қыз бар екенін, ол халықтың бестен бір бөлігін құрайтынын алға тартты. Соның ішінде 100 мың әйелге шаққанда бала тапқандардың арасында кәмелет жасына жетпей және заңсыз бала табу 23 пайызды құрайды екен. Төрағаның орынбасары ерте некеге тұру жағдайы, әсіресе, өзбек, ұйғыр, тәжік, әзерба йжан, түрік ұлттары арасында жиі кездесетінін айтты.
Аталған мәселе Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Грузия, Пәкстан және Түркіменстан елдерінің депутаттарының, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, халықаралық сарапшылардың қатысуымен талқылануда.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.