Биыл Аршалы ауданының диқандары 186 мың гектардан астам алқапта дән сіңірмек. Алқаптың негізгі бөлігіне дәнді және бұршақ дәндес дақылдар себіледі. Ал, 133 мың гектар жерге жаздық бидай егіледі деп жоспарланған. 38 мың гектардан астам жерге арпа, сұлы, жасымық өсіріледі.
Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін 227 кәсіпорын бар. Қазіргі таңда егістік алқаптарда ылғал жабу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл «Питковский» шаруа қожалығында бұрынғы техникадан басқа жаңа екі «Мюллер» кешені мен «Омичка» дән сепкіші бар «К-700» алқап басына шығады. Олар бір тәулікте шамамен 400-450 гектар алқапқа дән сіңіреді. Өткен жылы серіктестік «Мюллер» техникасын «Агратор» себу кешенімен бірге сатып алған. Техника паркі 90 миллион теңгеге «ҚазАгроҚаржы» компаниясының жеңілдіктері арқылы жаңартылды.
– Қолда бар тұқым бірінші сұрыпқа сәйкес келеді. Бидайдың үш сортымен бірге арпа да егеміз. Былтыр Ресейдің Элита, Өскеменнің Амгал және Любава сортының тұқымдарын сатып алдық. 500 гектар алқапты парға қалдырамыз, – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Петр Питерсий.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Аршалы ауданында егіс алқаптарын әртараптандыру және өнімділігі жоғары дақылдарды өндіруге қатысты жұмыстар жалғасуда.
– Қазір 19 мың тоннадан астам тұқым бар. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді несиелендіруге келетін болсақ, «Аршалы несиелік серіктестігі» арқылы көктемгі егіс науқанын өткізуге аудан бойынша 23 шаруа қожалығы 570 миллион теңгеге қаржыландырылды,–дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Рахат Мусинов.
Аршалылықтар 10-12 жұмыс күні ішінде егіс науқанын аяқтауды жоспарлап отыр.
Ақмола облысы