• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Мамыр, 2020

Өмірзақ Шөкеев: Дүрлігудің қажеті жоқ, барлығы ұйымдасқан түрде реттеліп, өз қалпына келеді

262 рет
көрсетілді

Кеше, яғни 1-мамыр күні Өзбекстан Республикасындағы «Сордаба» су қоймасы бұзылып,  Мақтаарал ауданындағы «ЦГК» каналына 300 миллион текше метр су келіп құйылғандықтан ауданда жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай қалыптасып отыр.

Өзбекстан республикасының Су шаруашылығы министрі Ш. Хамраевтың берген ресми мәліметіне сәйкес,  қазіргі таңда «Сордаба» қоймасынан су жіберу жұмыстары толық тоқтатылған. Дегенмен түнімен аққан сарқырама су  «ЦГК» каналына жиналды. Аталған каналдың су жіберу қуаттылығы секундына 120 текше метр.  Бірақ каналға түнімен секундына 180 текше метр су ағып келген.  Осыны ескерген облыстық төтенше жағдай жөніндегі тиісті қызметтер Мақтаарал ауданындағы 4 елді мекеннен 5400 адамды эвакуациялауға мәжбүр болды. Бірқатар тұрғындар өз көліктерімен туған - туыстарына баруды қаласа, қалғандары эвакуация барысында Атакент кентіндегі мектептерге жайғастырылды. Осы жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев эвакуацияланған тұрғындар  былтырғы Арыстың тәжірибесіне сәйкес тиісті медициналық қызмет, азық-түлік секілді барлық заттармен қамтамасыз етілетінін айтты.

«Қазір енді Өзбекстан министрінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, су басқан өңірдің барлығын қайтадан аралап, көріп шығамыз. Су басу қауіптері болмайтын жағдайда ондағы барлық тұрғын үйлер полициямен қорғалатын болады. Әзірге тұрғындардың малдары қауіпті аймақтан түгел шығарылды. Ешқандай шығын жоқ. Енді тұрғындардың үйлері, мүліктерінің бәрі күзетілетін болады.  Егер де судың деңгейі әлі де көтерілетін болса, Мақтаарал ауданындағы тағы да қосымша  4 елді мекенді эвакуациялайтын боламыз. Ол Нұрлыжол, Фирдауси, Жантақсай, Жайлыбаев елді мекендері. Аталған әр елді мекенде төтенше жағдайды тұрақтандыру үшін жақын арадағы аудандардың күштері жұмылдырылды. Айталық, Нұрлыжол елді мекеніне Шардара ауданының әкімдігі,  Фердауси, Жантақсай ауылдарына Келес ауданы,  Т. Жайлыбаев ауылына Сарыағаш ауданы жауапты болып бекітілді. Сондықтан менің айтатыным, тұрғындарға дүрлігіп, көшеге шығып, дүрбелең  жасап, жолға шығудың қажеті жоқ. Барлығы ұйымдасқан түрде реттеліп, өз қалпына келеді.

Бұл жергілікті масштабтағы төтенше жағдай. Сондықтан бұл жерде Арыстағы тәжірибеге сай алгоритмде жұмыс істейтін боламыз. Бәрі ұйымдасқан түрде реттеледі, қалпына келеді.  Бұл төтенше жағдайды игеруге облыстың толық мүмкіншілігі бар», деді Өмірзақ Шөкеев.