• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Мамыр, 2020

Жамбыл облысы: Мойынқұмда маңызды мәселе көп

1036 рет
көрсетілді

Мойынқұм ауданы Жамбыл облысының орталығынан шалғай жатқанымен мұндағы әлеуметтік және өндірістік нысандардың, су шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуеті жоғары. Сонымен қатар, Мойынқұм ауданы бүкіл облысы жерінің жартысына жуық аумағын алып жатқандығымен де ерекшеленеді. Ауданда мал шаруашылығын дамыту үшін жайылым қоры да  жеткілікті.

Дей тұрғанмен, ауданда бірқатар мәселелер де бар. Айдарлы ауылындағы №2 орта мектепте мектепке дейінгі балаларға арналған «Балапан» шағын орталығы жұмыс істейді. Алайда, ғимарат 50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында Айдарлы ауылында болып, аталған мәселеге назар аударды. Аталған білім ошағында білім көрсеткіші ойдағыдай. Мұндағы лингвистикалық, ағылшын және робототехника кабинеттерімен танысқан әкім мектеп түлектерімен байланыстың оң жолға қойылмағанын айтты. Бұл орайда мектептің әкімшілігі түлектерді мектеп тіршілігі мен мәселелесіне барынша тартуға ықпал ететін «Tulek.kz» сайтына тиісті деңгейде мән бермей отырғандығын жеткізді. Енді бұл мектептің мәселесі қалай шешіледі? Облыс әкімшілігі тарапынан қандай көмек бар? Бұл орайда Бердібек Сапарбаев білім ошағының күрделі жөндеу жұмыстарына көмектесуге уәде беріп, аудан әкімі Мәден Мұсаевқа нысанның жобалық-сметалық құжаттарын уақыт созбай дайындауды тапсырды.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында халықтың тұрмысын арттыруға арналған пилоттық жоба жүзеге асуда. Бірақ, аталған жобаның шалғай ауылдарда орындалуы қандай деңгейде? Мойынқұм ауданы, Кеңес ауылдық округіне қарасты бір ғана Айдарлы ауылына бұл мақсатқа 630 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Пилоттық жоба аясында 1708 бас мал сатып алынған. Алайда, тұрғындар олардан өндірілген сүтті өткізетін жердің жоқтығын айтып шағымдануда. Сонымен қатар, Айдарлы ауылының тұрғындары ауыз судың сапасына да наразылықтарын білдіруде. Олардың айтуынша, су құрамында фтор қосындысы көп. Сондай-ақ, ауылдықтар Мәдениет үйі құрылысына қатысты да мәселе көтерген болатын. Енді бұл мәселелер өңір басшылығы тарапынан қалай шешіледі деген мәселе тұрғындар үшін өзекті. Пилоттық жоба бойынша алынған малдың сүтін өткізу мәселесіне Бердібек Сапарбаев өз пікірін білдірді. Ол Шу ауданындағы кәсіпкерлердің бірінде тұрған сүт өңдейтін модульді цехты осы іске жұмылдырудың маңыздылығына назар аударып, Мәден Мұсаевқа бұл мәселені жан-жақты қарастыруды тапсырды.

Мойынқұм ауданындағы Бірлік ауылының кіреберісінде блок-бекет орналасқан. Бұл жерден күніне 150-200 адам өтеді. Мұнда 4 полиция, 2 медицина қызметкері мен 2 санитар маман жұмыс істеуде. Бірлік ауылы Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туған жері. Бердібек Сапарбаев батырдың ауылына да атбасын бұрып, блок-бекеттің жайымен және жалпы ауылдың ахуалымен танысты. Бір кездері Бірлік ауылы ауданның орталығы болған. Сол кезден қалған ауылдағы үлкен аурухана бүгінде дәрігерлік амбулаторияға айналған. Мұнда бүгінде жалпы саны 20 адам еңбек етеді. Оның ішінде 2 дәрігер, 16 екінші буын медицина қызметкері бар. Бұл нысандар көршілес Хантау, Биназар, Айдарлы сынды үш елді мекеннің тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Аталған емдеу мекемесінің бір корпусы жөндеуді талап етеді. Ал, Бердібек Сапарбаев бұл мәселені шешу үшін, коммуналдық шығындарды азайту үшін амбулаторияның бір бөлігін басқа мақсатқа пайдалану керектігін, жергілікті халықтың қажеттілігін ескеріп, мұнда қандай мекемені орналастыруға болатынын аудан әкімі жан-жақты ойластыруы керектігін жеткізді. Аудандағы мұнан өзге де мәселелер сараланды. Кейбір әлеуметтік мәселелерді шешудің жолдары да қарастырылды.

 

Жамбыл облысы