Жамбыл облысының Қордай ауданы өңірдегі күрделі ауданның бірі. Қазіргі кезде аудан әкімдігі тарапынан ауылдарда білім беру сапасын арттыру, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан орталығы Қордай ауылындағы №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы мен №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейі де бұл бастамаға лайықты үлес қосып келеді. Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет аталған білім ошақтарының жай-күйімен танысты. Білім нысандарын аралаған әкім аталған мектептердің жағдайымен жақынырақ танысып, шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселелердің аудан деңгейінде шешу жолдарын қарастырды.
Ең әуелі Рүстем Дәулет облыс бойынша үздіктердің қатарынан көрініп жүрген №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-лицейінде болды. Мектеп директоры С.Сарғасқаева аудан әкіміне мектеп ғимаратын көрсетіп, оқушылардың жетістіктерімен бөлісті. Аталған білім ошағы соңғы жылдары білім саласындағы тәуекел дәрежесін бағалаудың 39 критерийі бойынша барлық талаптарды орындап, соңғы үш жылда алдыңғы қатардан көрініп келеді. Аталған мектепте бүгінде 1400-ден астам оқушы білім алады. Мұнда 50-ден астам түрлі мектеп үйірмелері жұмыс істейді. Нәтижесінде аталған мектеп оқушылары облыстық, республикалық сайыстарда, тіпті халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып, аудан намысын қорғап жүр. Алайда осындай үлгілі білім беру мекемесінде өзекті мәселелерде де бар болып шықты. Біріншіден оқушылар үшін ең қажетті спорт және акт залының төбесінен су ағып, қолайсыздық тудыруда екен. Бұдан кейін мектеп үшін бассейн мәселесі өзекті. Пайдаланылмай тұрғанына біраз жыл болған хауыз күрделі жөндеуді де талап етеді. Аудан әкімі мен мектеп директоры оның орнына спортпен айналысатын балаларға арнап күрес залын ашып, мектеп жанында орналасқан спорт мектебінің оқушылары үшін жаттығу залын жасау керектігі туралы ортақ шешімге келді. Сонымен қатар, мектеп директоры С.Сарғасқаева «Мектебімізде шығармашылықпен айналысуға ниет білдірген оқушылар саны көп, дегенмен шеберхана мен еңбек сабағына қажетті заттардың болмауы қиындық туғызып тұр. Осыған қолдау білдірсеңіз», деп, аудан әкіміне сұранысын жеткізді. Рүстем Дәулет еңбек кабинетінде де болып, оқушылардың жасаған бұйымдарын көрді. Ол аудан әкімдігінің білім бөлімімен бірлесіп қажетті заттар алу үшін ұсыныс беруді тапсырды.
Сондай-ақ, ол мектеп ауласындағы абаттандыру жұмыстарына да көңіл бөліп, мұндағы жарықтандыру жұмыстары, орындықтарды жаңарту, гүлзарларды қалыпқа келтіру және даладағы спорт алаңшаларының стандартқа сәйкес болуы керектігін баса айтты. Ал, мектептің ауласындағы сыртқы жұмыстары бойынша ауыл әкімі Б.Сахатовқа тиісті тапсырма берді. Кейіннен Рүстем Дәулет №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейде де болды. Былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен білім нысанының жағдайымен танысқан әкім мектепті безендіру бойынша директорға сын ескертпелерін айтты. Сонымен қатар, мектеп басшысына тиісті шаралар қабылдау қажеттігі жөнінде де тапсырма берді.
Аудан әкімі Рүстем Дәулет мектептерді аралау барысында «Әбу Насыр әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлы тұлғалардың тәрбиелік мәні бар қанатты сөздері мектептің көрнекі орындарында жазылу керек. Даналардың сөздері өскелең ұрпақты тәрбиелеуде таптырмайтын құрал», деп мектеп директорларына ақпараттық безендірулер туралы ұсынысын жеткізіп, оқушылардың білім сапасын арттыру жөнінде тапсырмалар берді.
Жамбыл облысы