Әлем назарындағы ең ірі кеніштің бірі – Теңізде қауіпті індеттің таралуы тиылар емес. Мұнда бүгін тағы 15 жұмысшыдан коронавирус инфекциясы анықталып отыр.
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штабтың мәліметіне сүйенсек, бүгін коронавирусқа шалдыққан 15 жұмысшының оны – ер адам, ал, бесеуі – әйел.
– Олар Теңіз кенішінде мердігерлік және қосалқы мердігерлік компанияларда жұмыс істеген. Бәрі де осы кезге дейін коронавирус жұқтырған науқастармен байланыс жасағаны үшін карантиндік стационарда болды. Олардан зертханалық анализ алынып, ПТР тестілеудің диагностикалық зерттеуі нәтижесінде коронавирус инфекциясы анықталды.
Қазір науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес, ем қабылдап жатыр. Науқастармен байланыста болғандар анықталып, медициналық бақылауға алынды. Қауіпті індет ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде, -деп хабарлады өңірлік жедел штаб.
Бүгін Атырау облысында коронавирус инфекциясымен 161 адам тіркелді. Оның ішінде Теңіз кен орнының 97 жұмысшысы бар.