Жемқорлық індеттің зиянкестігі мемлекет үшін аты жаман вирустың зардабынан кем емес. Оған қарсы жетілдірілген заңнамалық құжаттар қабылданып жатқанымен қоғамға ендеп кірген бұл дерт әбден жайылып барады.
Жедел күрес жүргізетін Ұлттық бюроның қызметі қаншалықты сапалы болғанымен жемқорлықты жоя алатын емес. Жуырда Парламент Мәжілісі індетке қарсы күрестің заңнамасын жетілдіруді мақсат еткен толықтырулар мен өзгертулерді қамтыған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Қабылданған күнде бұл заңның қаншалықты тиімді боларын алдағы өмір көрсетеді.
Негізгі күрес қоғамның өз ішінде қатты дамып, адамның санасына пара алудың қаншалықты зиян екендігі сіңірілуі керек. Өз мемлекетінің жетілуіне, елінің таза болуына мүдделі болған Еуропадағы өркениетті елдердің азаматтары жемқорлықты жаппай көрсетіп, оған қарсы күреске шыққан. Соның арқасында олар ашық, таза тәртіпке қол жеткізді. Ал біз кеңестік кеңкелестік режімнен ұры-қарының идеологиясын басымызға сіңіріп, өкіметке болыспа, оған ешкімді сатпа деген жаман әдетті ұстап қалғанбыз. Сайып келгенде ол өзімізге зиян екенін сезінбейміз. Соның кесірінен адамдардың бір-біріне деген, мемлекетке деген сенімі төмендейтінін, экономикалық даму да тоқырайтынын ұға қоймаймыз.
Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдар аралығындағы күрес стратегиясын іске асыру үшін Солтүстік Қазақстанда да «Қызылжар - адалдық алаңы» атты кеңсе жоба қолға алынған. Өткен бейсенбі күні сол кеңсенің 2020 жылдың І тоқсанындағы жұмысын қорытындылаған ведомствоаралық комиссияның отырысы болды. Осы уақыт аралығында кеңсеге 15 адам қайрылған екен. Оның 13-нің құқы сыбайластықтың кесірінен бұзылғаны анықталып, қалпына келтіріліпті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы өзінің сөзінде осындайға жол берілген ұжымдардың басшылары тәртіптік жауапкершілік тартқанын атады.
Комиссияның отырысына қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов өзінің сөзінде: «Бұл іске қоғам өкілдерін барынша көп тартуымыз керек. Тек барлық қоғам болып күрескенде ғана індетті жоя аламыз», деді. Отырыста жемқорлық әрекетті көрген адам болса дереу 1424 телефонына хабарласу керектігі де йтылды.
Солтүстік Қазақстан облысы