Кеше Алматыда Rixos қонақүйінде «Kasakhstan OnLike-2013» халықаралық медиаконгресі өтті. ҚР Журналистер одағы мен Қазақстан Интернет қауымдастығы ұйымдастырып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникация қызметінің қолдауымен өткен алқалы жиынға 250-ге жуық қазақстандық БАҚ-тың бас редакторлары, интернет-ресурстарды пайдаланушылар, танымал медиасарапшылар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, блогерлер, саясаттанушылар, баспасөз-қызметі компанияларының басшылары қатысты. Спикерлікке Қазақстан, Ресей және Украинаның танымал медиасарапшылары шақырылды.
Кеше Алматыда Rixos қонақүйінде «Kasakhstan OnLike-2013» халықаралық медиаконгресі өтті. ҚР Журналистер одағы мен Қазақстан Интернет қауымдастығы ұйымдастырып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникация қызметінің қолдауымен өткен алқалы жиынға 250-ге жуық қазақстандық БАҚ-тың бас редакторлары, интернет-ресурстарды пайдаланушылар, танымал медиасарапшылар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, блогерлер, саясаттанушылар, баспасөз-қызметі компанияларының басшылары қатысты. Спикерлікке Қазақстан, Ресей және Украинаның танымал медиасарапшылары шақырылды.
Жиынды ашып, құттықтау сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев төрткүл дүниеде интернеттің шапшаң қарқынмен дамып, соған сәйкес нарықта жаңа медиа пайда болып отырғанын, сондықтан мемлекет жаңа медиа өкілдерімен ынтымақтастыққа мүдделі екенін жеткізді.
– Елімізде интернетті пайдаланушылардың жалпы үлес салмағы ресми ақпарат бойынша халық санына шаққанда 62 пайыздан асып отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш одан әрі өсе бермек. Отандық интернет кеңістігін дамыту, ең алдымен қазақ тілді интернет ресурстарының санын көбейтіп, олардың сапасын арттыру жұмысын жолға қою, керек болса материалдық тұрғыдан көмек көрсету – біз үшін күн тәртібінде тұрған басты мәселе. Бұл жерде велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Көп нәрсе бізге дейін де ойластырылған. Сондықтан жақсылығын алып, жамандығын кері ысырып отыруымыз керек. Бүгінгі кездесудің маңыздылығы да осында жатыр, – деді вице-министр.
А.Қырықбаевтың айтуынша, бүкіл әлемде біріздену үдерістері жүріп, әсіресе, мәдениетімізге қауіп төндіріп жатқанда, оған қалай төтеп береміз, осындай ауқымды ғаламдық мәселелерді қалай шешеміз дегенде, еліміз алыс-жақын шетелдің алдыңғы қатарлы жаңа медия өкілдерімен жақсы қарым-қатынаста болып, олардан білмейтінімізді үйреніп, тәжірибе алмаса білуіміз қажет. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған іс-шара соның бір парасы. Сондай-ақ, вице-министр биылдың өзінде мемлекет тарапынан Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен жүзге жуық отандық, оның ішінде аймақтық газет-журналдардың барлығын интернет жүйесіне көшіруге жағдай жасау жөнінде шешім қабылданып, арнайы қаржы бөлінгенін, бүгінде ол жұмыстың ойдағыдай атқарылып жатқанын, жылдың аяғына дейін нәтижесін көретінімізді де жеткізе кетті.
Жиында «Жаңа медиа және саяси коммуникация», «Жаңа медиакоммуникация экономика саласында», «Масс-медиа эволюциясы: қағаздан санға», «Жаңа БАҚ-қа модельді бизнес» атты тақырыптар пленарлық отырыстар мен секцияларда талқыланды.
– Мұндай жиындар, алқалы басқосулар жиі-жиі болып тұрғаны абзал, – деді бізбен әңгімесінде Қазақстан баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев. – Өйткені, қазіргі бұқаралық ақпараттың дамуы жыл сайын артып, тіпті күн сайын өзгерістер болып жатыр. Форумда «неге қазақ тіліндегі интернеттің даму қарқыны баяу» деген мәселе де көтерілді. Олай дейтініміз, бүкіл әлемдегі қазақша сайттардың саны елуге жетпейді екен. Орыс тілінде мыңдаған, ал ағылшын тілінде есепсіз. Қазақстанда сайттардың орыс тілінде болсын, қазақ тілінде болсын контенті, дамуы шамалы. Яғни, мағынасы аз, ақпараты аз, жылдам келмейді. Ендеше, осы мәселелерге көңіл аударуға тиіспіз.
Қорыта айтқанда, мұндай форумдар осы салада тәжірибе алмасудың платформасына, іскерлік қарым-қатынастары мен әріптестік байланыстарды дамытуға көмегін тигізбек.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».