Теңіз кенішінде қауіпті індетті жұқтырғандардың бірі «COC Realty» компаниясында жұмыс істеген екен. Соған байланысты аталған компанияның өзге жұмысшылары карантиндік стационарға оқшауландырылды.
Енді сол жұмысшылар карантин талабын жеңілдетуді талап етіп отыр. Алайда, олардың бұл талабына рұқсат берілген жоқ.
–«COC Realty» компаниясының 100-ге жұмысшысы 2 мамыр күні кешке өз талаптарын білдіру үшін жиналған. Бұрын бұл компанияның бір жұмысшысынан коронавирус инфекциясын жұқтыру фактісі анықталған еді. Соған орай барлық жұмысшы карантиндік стационарға ауыстырылды. Жұмысшылар тұрмыстық жағдай талабын жеңілдетуді талап етті. Соның ішінде ортақ темекі тартатын орынға баруға, ортақ орында тамақ ішуге, бірге уақыт өткізуге рұқсат сұрайды. Бұл оқшаулану режімінің талабын бұзу болып саналатындықтан, рұқсат беруден бас тартылды, -деп хабарлады Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штабтан.
Жұмысшылар сондай-ақ карантиннің енгізілуіне байланысты еңбекақыға үстемеақы қосылғанын қалап отыр. Өйткені, олардың көпшілігі екінші вахталық ауысымда жұмысын жалғастыруда.
–3 мамырда жұмысшылармен әкімдіктің қызметкерлері мен жұмыс беруші кездесті. Еңбекақы төлеу жөніндегі мәселе шешімін тапты, -деді өңірлік жедел штабтан.
Өңірлік жедел штабтың мәліметіне сүйенсек, Теңіз кенішінен жұмысшыларды тұрғылықты мекенжайына дейін шығару жалғасып жатыр. Осы кезге дейін 13 мыңнан астам жұмысшы өз өңірлеріне жеткізілді.