Елордалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастамасымен Нұр-Сұлтан қ. әкімі Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Нұрлан Қыдырбаев, «Астана – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі, қалалық мәслихаттың депутаты Мирас Шекенов, сондай-ақ аудан әкімдері мен қалалық басқарма басшыларының қатысуымен онлайн кеңес өтті.
Нұрлан Қыдырбаев парасаттылықты қалыптастыру және қоғамның мемлекеттік органдарға сенімін арттыруға бағытталған алдын-алу шаралары туралы атап өтті.
Департамент басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі басымдықтары мен 2020 жылдың бірінші тоқсанында анықталған жемқорлық қылмыстары жөнінде толығырақ айтып берді.
Сонымен, жыл басынан бері департаментпен 15 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Оның ішінде квазимемлекеттік сектордағы 2 облыстық маңызы бар басшы және 1 қалалық маңызы бар басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Лауазымды тұлғалардың шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласудың 2 фактісі және жүйелік сыбайлас жемқорлықтың 1 фактісі анықталып, 6 қылмыс тіркелген.
Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының мақсатсыз пайдаланылуын жедел бақылау барысында Департаментпен 12 қылмыс анықталған.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабына сәйкес мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы 29 ұсыныс жолданған. Еңбек ұжымдарында департамент басшылығының қатысуымен 22 кездесу өткізілген.
Жиынның қорытындысы бойынша Алтай Көлгінов аудан әкімдері мен қалалық басқарма басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтуді және мемлекеттік органдар мен әкімдіктің ведомстволық бағынысты ұйымдарында заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша кешенді шараларды әзірлеуді тапсырды.