• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Мамыр, 2020

Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылса да, алмаған тарбағатайлық қос батыр

3414 рет
көрсетілді

Алайда екеуіне де бұл атақ берілмеген.

Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл, келесі жылы басталғанына 80 жыл толады. Осы соғысқа Тарбағатай ауданынан 4831 азамат аттанса, 1630-ы қаза тауып, 1973-і хабарсыз кетіп, 1228-і елге аман оралған. Тарбағатайлық жауынгерлер Мәскеу, Ленинград, Курск, Тула қалалары мен Азия және Еуропа елдерін азат ету үшін көптеген шайқастарға қатысқан. Мен бүгін қан қасаптың бел ортасында болса да, ерліктері ескерілмеген қос тарбағатайлық Қабыкен Жарылғасынов пен Қотырбай Құдагелдінов жайында айтқым келеді. Бір таңғаларлығы, екеуі де майданда көрсеткен ерліктері үшін ең жоғары марапат – Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Алайда екеуіне де бұл атақ берілмеген.

Қабыкен Жарылғасынов 1920 жылы 1 қаңтарда Семей облысы, Зайсан уезі, Маңырақ болысында дүниеге келген. 7 сыныпты бітірген соң, яғни, 14 жасында комсомол ұйымына қабылданып, Шілікті совхозының Сталин фермасына (қазіргі Тасбастау) сауатсыздарды оқытуға жіберіледі. Кейін біраз жыл осы совхоздағы май зауытында мастер болып қызмет атқарады. 1940 жылы 20 жасында әскер қатарына алынып, КСРО-Жапон шекарасында әскерде болады. Осы жерден 1942 жылы соғысқа аттанып, Брянск, Украина, Курск, Орловск майдандарына қатысады. Гвардия  ефрейторы, жауынгер Жарылғасынов Берлин, Прага, тағы да басқа  қалаларды  азат  етудегі  ерліктері  үшін «Батылдығы үшін» (31.07.1943) медалімен және «Қызыл Ту» (06.08.1944), «Қызыл Жұлдыз» (10.03.1945) ордендерімен марапатталады.

1945 жылы 17 қаңтарда Польшаны азат ету кезінде Слабошевице ауданында Пилица өзеніне көпір салу барысында мұздай суық суға  қарамай, асқан төзімділікпен құрылыс жұмысын атқарып, көпірдің  уақытында бітуіне үлес қосып, табандылық көрсетеді. Осы іске өз взводының әскерлерін де тартып, жұдырықтай жұмылдырады.

1945 жылы 25 қаңтарда оңтүстік Карлсрее ауданында сапер  взводына қарқынды күшпен қайта шабуыл жасаған жаудың  автоматшыларынан тас жолды ашу кезіндегі шайқаста ефрейтор асқан батырлық көрсетіп, бірінші болып алға ұмтылып, 9 фашистті атып түсіреді. Сонымен бірге осы ұрыста ауыр   жараланған рота командирін борап тұрған жау оғына қарамай ұрыс алаңынан алып шығып, офицер өмірін ажалдан арашалап қалады. Осынау ерен ерліктері мен батылдығы үшін гвардия ефрейторы, сапер Жарылғасыновты 121-інші Сандомир жеке гвардиялық саперлер батальонының командирі, гвардия майоры Романов пен  корпус  инженері, гвардия подполковнигі Фастов қол қойып, Кеңес Одағының батыры атағына ұсынады. Бұл 1945 жылы 28 қаңтарда толтырылған марапаттау парағында көрсетілген.

Қабыкен ата соғыста үш рет жараланып, басынан контузия алып Украинада госпитальда болады. Соғыс аяқталған соң 1946  жылдың  мамыр  айына  дейін  Австрия,  Румыния, Чехословакия, Венгрия жерлерін  картаға  түсіруші  отряд  құрамында болып, осы  жылдың  күзінде  туған  жеріне  аман-есен оралады. Әскерде және соғыста болған күндерін жауынгер атамыз: «Әкемнің Оқас деген жолдасы маған құс атуды үйрететін, әсіресе дуадақ деген құсты шиті мылтықпен атып, мерген деген атқа ие болдым. Осы мергендігімнің пайдасы әскерге барғанда тиді, тактикалық жаттығу кезінде үштен оқ береді, бесатармен атамыз. Сонда менің үш оғым бір жерден өтеді. Мені Тамбов қаласындағы бір айлық мергендер оқуына жіберді. Оқуды жиырма күнде аяқтап, үшінші полктың 7-інші корпус 53-інші бригадада барлаушы мерген болдым. Менің міндетім – немістің мергенін, оның қарауындағы пулеметшілерін, қару-жарақтарының қай жерде екенін анықтау. Қасымда фотоға түсіретін адам болды. Өзіме берілген барлық тапсырмаларды жауапкершілікпен атқардым» деп еске алып отыратын.

Соғыстан  келген соң Қабыкен ата 1947 жылы Ташкент  қаласындағы жоғары заң оқу орнына қабылданып, оқуды үздік бағамен тәмамдайды. 1950-1960 жылдары Самарда, Шіліктіде  милиция, ал Ақжарда тергеуші қызметтерін атқарады. Сонымен бірге  Тарбағатай  аудандық комсомол ұйымының екінші хатшысы қызметінде болған. Кейін денсаулығына байланысты Ақжар  совхозында жылқышы болып, зейнеткерлікке шығады. Бейбіт өмірде Қабыкен ата домбыра шертіп, ән айтқан және қолөнермен  айналысып, жасаған бұйымдары талай көрмеде жүлделі орын алған.  Өмір  жолы осындай еңбек пен ерлікке толы батыр атамыз   2009 жылы желтоқсанда 90 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Бүгінде жұбайы Әминә Нығметжанқызы мен бірге өсіріп жеткізген 9 баласынан тараған ұрпақтары өсіп-өнуде. Үш немересі заң саласында табысты қызмет етуде. Олар: Мұхтар - Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің запастағы подполковнигі, қауіпсіздік қызметінің басшысы, Мұхит - полиция қызметкері, Азамат - өрт сөндіру қызметінде. Ал шөбересі Жанғали Нұрсұлтан қаласындағы Ұлттық Ұлан сапында.

Ал екінші батыр Қотырбай Құдагелдінов 1909 жылы туған. Туған  жері белгісіз. Соғысқа Тарбағатай ауданынан шақырылып, 1942 жылдың сәуір айынан соғысқа қатысқан. Капитан Құдагелдінов 301-інші Сталин дивизиясы 1050-інші Сталин атқыштар полкінің 8-інші атқыштар ротасының командирі болған.

Марапаттау парағынан үзінді: «1945 жылы 2 ақпанда Ортвиг  селосы ауданында (Германия) Одер өзенінен өту кезіндегі  шайқаста жаудың күшті қарсылық көрсетуіне қарамастан капитан  Құдагелдіновтің басшылығымен рота батыл әрекет етіп, тез арада  өзеннен  өтіп, маңызды бекіністі қолға түсірді. Немістер 12 танкінің  күшімен жоғалтқан шебін қайтарып алу үшін бірнеше рет белсенді шабуыл жасады. Құдагелдінов 20 адамнан тұратын топпен өз шептерін асқан ерлікпен қорғап, 70-ке жуық немістің көзін жойды. Жау өз танктерінің абсалюттік басымдылығын және полк бөлімшелерінде оқ-дәрілердің жоқтығына орай 1945 жылы 4 ақпанда екі жаяу батальон және сол жағында 34, оң жағында 20 танкпен шабуылға шығып, кеңес әскерінің 2 атқыштар батальонын  және 3-інші атқыштар батальонының 8-інші атқыштар ротасының  әрқайсысын жекелей толық қоршауға алды.

        Шайқастың осындай ауыр кезеңі мен жаудың үздіксіз  шабуыл көрсетуіне қарамастан 2-інші атқыштар батальонының    жауынгерлері мен офицерлері, әсіресе 8-інші атқыштар ротасы асқан ерлік пен қайсарлық көрсетті. Капитан Құдагелдінов осы сәтте абыржымай, қоршау кезінде ұрысты дұрыс ұйымдастыра білді. Жеке батылдығы  өз қарамағындағы  жауынгерлерінің  рухын көтерді. 17 жауынгер батыл және шебер командирдің  басшылығымен екі күнде жаудың 12 шабуылына тойтарыс берген. Ержүрек капитан Құдагелдінов қираған үйге бекініп, оны тірек пункітіне айналдырып, үйге кірмекші болған фашистерді қақ маңдайдан атып тастап отырған. Қоршаудың бірінші күні жаудың  жойқын 12 шабуылынан кейін Құдагелдинов бекінген үйдің жанында немістің ажал құшқан 156 адамы мен гранатамен қираған 3 танкісі қалды. Екі танкті рота командирі, капитан Құдагелдіновтің өзі қиратты. Келесі күні таңертең фашистер 12 танкімен тікелей шабуыл жасап, үйді қоршап өрт қойды. Өртенген үйдің  шатыры мен төбесі қирап, сарбаздарға  құлады. Бірақ  қайсар  жауынгерлер жаудың  жойқын  шабуылына  тойтарыс беруін тоқтатпады. Олар тағы да 13 шабуылды тойтарып, қарсыластың 200-дей әскері мен офицерлерін шығынға  ұшыратты. Жау әскері бірнеше рет үйдің терезелері мен дәліздеріне кіруге ұмтылғанда автоматтың штыгы арқылы жойылып отырды. Ал оқтар мен гранаталар жау шабуылшыларын жою үшін есеппен жұмсалып, әр оқ пен граната тек мақсат үшін қолданылды».

       Осы ерлігі ескеріліп, гвардия капитаны Құдагелдіновті 1945 жылы 10 наурызда Сталиндік 1050-інші атқыштар полкінің командирі, гвардия подполковнигі Гумеров Кеңес Одағының  Батыры атағына ұсынған, алайда капитан Құдагелдінов 1945 жылы  13 сәуірде «Қызыл Ту» орденімен марапатталған.

Ерлігі ескерусіз қалған екі тарбағатайлық жауынгер де Берік Әбдіғалиұлы құрастырған «Ұмытылған  қаһармандар» атты үлкен жинаққа енген.

Бұл кітапты Қабыкен Жарылғасыновтың қызы Қанипа Байтұманова және немересі Мұхтар Кәкімұлынан алып, оқып, таныстық.

(Суретте: Мақала авторы Қ.Қабидолдин және Қабыкен Жарылғасыновтың қызы Қанипа Байтұманова)

Ол кісілерге зор ризашылығымызды білдіреміз. Бұл кітапта Екінші дүние жүзілік соғыста ерен ерлік көрсетіп,  Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылса да, түрлі себептермен осы құрметті марапатқа ие болмаған қазақстандық жауынгерлердің ерліктері туралы жазылған. Кітаптың құндылығы сол, мұнда Ресей Қорғаныс министрлігі архивінің қорларында сақталған құжаттардың көпшілігі алғаш рет жарияланған. «Осы жинақ кітапқа енгізілген қаһармандардың есімдері тек жақын туыстарына ғана таныс. Көпшілік бұларды білмейді. Олардың майданда жасаған ерліктері соғыста бірге болған жолдастарының арасында  мойындалғанымен, партия және штаб басшылары тарапынан ескерусіз қалды. Тарихи әділдік үшін ұмытылған батырлар туралы айту – біздің міндетіміз. Кітапқа енген Кеңес Одағының Батыры  атағына  ұсынылған 133 майдангердің көбі жаяу әскер және 26 артиллерист, 14  пулеметші, 8 сапер, 5 танкист, 4 танкіге қарсы өздігінен  жүретін  (СУ, ИСУ ) атқыш  5 снайпер, 4 санитар, 3 байланысшы, 2 кавелерист, 3 десант, 1 әуе десанты , 1 ұшқыш, 1 инженерлік әскер және IIXН-нің (НКВД) 1 қызметкері болған. Ұлты бойынша 118 қазақ, 6 орыс, 3 өзбек,  3 татар, 2 ұйғыр, 1 тәжік болған. Бұлардың әрқайсысы ерлік жасады. Ұлы Жеңіске өз үлесін қосты. Жиналған құжаттар бойынша біздің сегіз отандасымыз екі рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Екеуі капитандар Сағадат Нұрмағамбетов пен Сейітхан Темірбаев бір рет Батыр атағын алса, қалғандарына екі ретінде де берілмеді. Олар саперлар:  қатардағы жауынгер Құдайберген Жансеріков, аға сержант Мінайқұл Сағындықов. Атқыштар ротасының командирі,  лейтенант Қабыш Көктаев, 248 фашистің  көзін жойған снайпер, аға сержант Зейтін  Байжанов және майор В.Гутов пен лейтенант В.Гутовский. Шығыс Қазақстан облысы Алтай (Зырян) қаласының  тұрғыны, майор Александр Несмянов үш рет Кеңес Одағы  Батыры  атағына ұсынылды. Үш ретінде де берілмеген» деп жазады Берік Әбдіғали.

«Ұмытылған  қаһармандар»  кітабындағы Кеңес Одағы Батыры  атағына ұсынылса да, марапатқа ие болмаған барлық 133 майдангер қандай құрметке де лайық. Оларға бүгінгі тәуелсіз еліміздегі ең жоғары марапат «Халық қаһарманы» атағы берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

 Қуаныш Тілеуханұлы ҚАБИДОЛДИН,

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы Абай атындағы орта мектебінің шебер педагог санатындағы тарих пәнінің мұғалімі