Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Президент қызметіне кіріскен бір жылдан астам уақыт аралығындағы бастамаларына баға берді.
«Қазақта «Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды» деген нақыл сөз бар. Осы орайда мемлекеттілікті нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды бастамалар қолға алынды. Ең алдымен, қоғамның береке-бірлігі бекем болуы керек. Бұған билік пен халық арасында тұрақты диалог орнату арқылы қол жеткізуге болады. Осыған орай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Оның негізгі мақсаты – қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған ауқымды шаралар ұйымдастыру, өзекті мәселелерді талқылап, тиімді ұсыныстар әзірлеу. Бүгінге дейін кеңестің екі отырысы өткізілді. Саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыру бағыттары бойынша көптеген ұсыныс жасалды. Қоғамды алаңдатқан түрлі мәселелер қызу талқыға түсті» ,- деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Президент саяси реформаларға да тоқталды.
«Заман талабына сай саяси реформалар жүргізілуде. Қазір менің бастамаммен Парламентте бірқатар маңызды заңнамалық өзгерістер талқылануда. «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы қарастырылып жатыр. Бұл еліміздің демократиялық дамуын айқындайтын өте маңызды құжат болатынына күмән жоқ. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота бөлетін болады. Осыған орай заңға тиісті толықтырулар енгізу қарастырылуда. Сондай-ақ, саяси партияларды тіркеуді жеңілдету, парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру үшін заңнамаға маңызды түзетулер жасалмақ. Осы өзгерістер саяси үдерістерді одан әрі либерализациялау жолындағы нақты қадам болады деп сенемін. Жан-жақты саяси реформалар жалғасады. Бұл – біздің стратегиялық таңдауымыз»,-деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде былтыр «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғанын атап өтті. Соған орай алдағы төрт жылда ұстаздардың еңбек ақысын екі есе арттыру тапсырылды.
Президент бастамаларының бірегейі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы екені белгілі. Одан бөлек ол бизнесті дамыту шараларын атап өтті.
«Отандық бизнесті дамытуға арналған бірқатар бастама жүзеге асты. Менің тапсырмам бойынша шағын және микро бизнес өкілдері үш жылға табыс салығынан босатылды. Олардың қызметі алдағы үш жыл бойы тексерілмейді. Сол үшін мораторий жарияланғанын білесіздер. Қазіргі төтенше жағдай кезінде де кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетілуде»,- деді Қ.Тоқаев.
Халықтың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмады.
«Биылдан бастап жыл сайын көп балалы және мүгедек балалары бар 10 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған әлеуметтік көмектің жаңа түрлері енгізілді. Мысалы, көп балалы отбасыларға табысына қарамай жәрдемақы беріле бастады. Жарты миллионнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі кепілсіз несиесі өтелді. Бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған»,- деді Қ.Тоқаев.