Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында пандемиядан кейін халықаралық қатынастар қалай өрістейтіні жайлы айтты.
«Бүгінде бүкіл әлем дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл, әсіресе, осы пандемиядан кейін анық байқалады деп ойлаймын. Осындай сын сағатта әр мемлекет, ең алдымен, өз азаматтарының қауіпсіздігін ойлайды. Бұл – заңды нәрсе. Бірақ мұндай күрделі кезең халықаралық ынтымақтастыққа сызат түсірмеуі керек. Соңғы апталарда мен бірқатар елдердің және халықаралық ұйымдардың басшыларымен телефон арқылы сөйлестім. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейнесаммитіне және Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес мүшелерінің онлайн форматындағы жұмыс кездесуіне қатыстым»,- деді Қ.Тоқаев.
Ел Президенті індетке қарсы тұрудың негізгі жолы – серіктес елдермен бірге күш жұмылдыру екенін атап өтті.
«Қазір пандемиямен күрес жүргізу бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажет. Осыған орай біз серіктес елдермен бірге күш жұмылдырып отырмыз. Бұл – індетке қарсы тұрудың негізгі жолы. Жалпы, сыртқы саясатымыздың сабақтастығы сақталатын болады. Өзіміздің дәстүрлі және жаңа серіктестерімізбен өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыта береміз»,- деді Мемлекет басшысы.
Президент одан бөлек инвестиция тарту мәселесіне тоқталды.
«Сонымен қатар кез келген мемлекет үшін басқа елдерден инвестиция тартудың маңызы зор. Сондықтан біз де сыртқы саясатта экономикалық дипломатияға баса мән береміз. Бұл – Қазақстанның ұзақ мерзімге арналған стратегиясындағы басым бағыттың бірі. Алдағы кезеңде де солай болып қала береді. Сыртқы саясат сөз жүзінде емес, іс жүзінде сындарлы болуға тиіс. Дипломатия саласы да індеттің салдарынан сабақ алғаны жөн»,- деп атап өтті Қ.Тоқаев.