ХХІ ғасырдың басы халықаралық жағдайдың қайта шиеленісуімен сипатталды. Қырғиқабақ соғыс қатері артта қалған әлемде мұндай шиеленіске сылтау болардай себеп жоқ та сияқты еді. Дегенмен, 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орын алған қанқұйлы лаңкестік оқиға халықаралық өмірге ислам мен христиандықтың текетіресі секілді жаңа қарама-қайшылықты алып келді. Ислам дініне «терроризм» сөзін тіркеп, әлемдік діни діңгектердің бірін бүкіл адамзатқа құбыжық етіп көрсеткісі келген әрекеттер көбейді. Исламға қарсы науқанға адам санасына әсері мықты ақпарат құралдарының материалдары да май құя түсті. Құран өртеу, Мұхаммед пайғамбарды карикатура кейіпкеріне айналдыру секілді діни ғана емес, адами түсінікке де жат, жантүршігерлік оқиғалар орын алды. Бұл әрекеттер Шығыс пен Батыстың арасындағы онсыз да ушығып тұрған жағдайды одан сайын өршітіп, әлемге дінаралық қақтығыс қатері төнді.
ХХІ ғасырдың басы халықаралық жағдайдың қайта шиеленісуімен сипатталды. Қырғиқабақ соғыс қатері артта қалған әлемде мұндай шиеленіске сылтау болардай себеп жоқ та сияқты еді. Дегенмен, 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орын алған қанқұйлы лаңкестік оқиға халықаралық өмірге ислам мен христиандықтың текетіресі секілді жаңа қарама-қайшылықты алып келді. Ислам дініне «терроризм» сөзін тіркеп, әлемдік діни діңгектердің бірін бүкіл адамзатқа құбыжық етіп көрсеткісі келген әрекеттер көбейді. Исламға қарсы науқанға адам санасына әсері мықты ақпарат құралдарының материалдары да май құя түсті. Құран өртеу, Мұхаммед пайғамбарды карикатура кейіпкеріне айналдыру секілді діни ғана емес, адами түсінікке де жат, жантүршігерлік оқиғалар орын алды. Бұл әрекеттер Шығыс пен Батыстың арасындағы онсыз да ушығып тұрған жағдайды одан сайын өршітіп, әлемге дінаралық қақтығыс қатері төнді.
Ядролық қарудан бас тарту, ірі сынақ алаңын жабу секілді бейбіт бастамаларымен танылған Қазақстан және оның Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев тағы да іргесі ажырай бастаған адамзатты татуластыруға мұрындық болып, бұрын басы қосылып, бейілдесе сұхбат құрып көрмеген әлемдік төрт дін өкілдерін ортақ мәмілеге бастар бастама көтерді. Өйткені, Елбасымыздың өзі айтқандай, «саяси жолмен реттеу әдістері нәтиже бермеген жерде Құдай сөзі жарастыру мен үміттің жалғыз құралы болып қалады».
130-дан астам этникалық және ондаған конфессиялық топ өкілдері өзара татулық пен түсіністікте өмір сүріп жатқан, басқа жұртқа «қоғамдық және ұлтаралық келісімнің қазақстандық үлгісін» танытқан еліміздің мұндай бастама көтеруге толық құқы бар еді.
Елбасының бастамасына адамзат болашағына көңілі алаңдайтын К.Аннан, Дж.Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н.Манделла, Ж.д’Эстен және басқа да әлемнің озық ойлы қайраткерлері толық тілектестік білдіріп, Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық, өңіраралық ұйымдар осы ұсынысты дінаралық тығырықтан шығарар бірден-бір дұрыс жол ретінде бағалады.
Қазақстан Президентінің жеке өзі ұйытқы болып, күш салуы арқасында осы бастама байыпты іске айналып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте Астанада өтті. Оған ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты.
Содан бері өткен он жыл ішінде осындай съезд төрт рет өткізіліп, мұндай басқосу халықаралық терроризм, экстремизм секілді сын-қатерлерге қарсы тұрар айтарлықтай күшке айналды. Уақыт өткен сайын съезде ортаға салынған ойлар мен қабылданған тұжырымдарды қолдаушылардың саны артып, оған қатысушылар құрамы да кеңейіп келеді.
Сөйтіп, елордамыз – Астана адамзат өркениетін тоғыстыру әрі табыстыру тұрғысынан жасалған батыл да мақсатты қадамның арқасында дінге тұтқа ордаға айналды деп айтуға толық негіз бар.
Таяу күндері Қазақстанның осынау ізгі бастамасының іс жүзіне асырыла бастағанына аттай он жыл толады. Тарих үшін қас-қағым сәттей осы уақыт ішінде дінді алауыздықтың көзі емес, татулықтың тірегіне айналдыру жолында орасан зор іргелі істер атқарылды. Елбасымыздың бастамасымен ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көш басшыларының съезі еліміздің мерейін тасытып, абыройын асқақтатып отырғаны сөзсіз.
Елімізде осы онжылдық белесті түйіндеп-тұжырымдау мақсатында, бүгінгі таңда халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден өкілдер қатысатын арнайы конференцияны өткізу жоспарлануда.
Әрине, адамзат игілігі үшін осы атқарылған істің өзі оны өз деңгейінде атап өтуге лайықты екені рас. Бірақ өзгеріске толы өмірдің адамзат баласына тартар тәуекелі толып жатқан уақытта, жеткен жетістікті тойлағаннан гөрі, сол қатерлердің алдын алып, кез келген жағдайға тас-түйін дайын болғанымыз абзал.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Сындарлы он жыл» атты кітабында «әлемдегі лаңкестіктің түпкі себебі дамудың теңсіздігінде жатыр» деп атап көрсеткен болатын. Соңғы кездері билік дағдарысы салдарынан Сирия, Египет және басқа да араб елдерінде орын алған жағдайлар осының дәлелі екені анық. Әсіресе, бұл елдердегі шиеленістер мен түрлі қақтығыстарға басқа елдердің, сондай-ақ әртүрлі радикалды діни күштердің араласуы едәуір алаңдаушылық тудырып отыр. Олар мұндай текетіресті өз пайдаларына шешуге тырысатыны белгілі. Бұл қақтығыстардың қай елге болса да абырой бермейтіні, керісінше, ондағы ұлтаралық және дінаралық ахуалды ушықтыра түсетіні сөзсіз. Кезінде кейбір шетелдік саясатшылар тарапынан ислам әлеміне лаңкесшіл деген жаман және жалған ат тағылғаны да баршамызға мәлім. Сол себепті, қазіргідей алмағайып заманда өркениеттер мен діндер арасындағы келісімді сақтау – әлем жұртшылығы, оның ішінде ислам дінін ұстанған елдер алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Осы тұрғыдан, бүгінгі таңда ұлт пен ұлыстар, діндер мен дінаралық конфессиялар арасындағы бейбітшілік пен келісімді одан әрі дамыту жауапкершілігін өз қолымызға алып, басқаларға үлгі көрсетіп отырғанымыз – еліміз үшін, Қазақстан халқы үшін зор мақтаныш және асқақ абырой. Бұл – еліміздегі сан алуан этностық топтар мен діндер арасында келісім мен төзімділік бар екенінің айғағы.
Дінтұтқа ордасына айналған Астанамызда өткізілгелі отырған конференция жоғарыда айтылған өзекті әрі шешімін таппай келе жатқан мәселелерді егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік болады деген сенімдеміз. Сондай-ақ, осы іс-шара барысында Қазақстан Республикасының әлемдегі өркениетаралық, дінаралық татулықты орнату тұрғысынан атқарып келе жатқан істеріне лайықты баға берілер деген ойдамыз.
Елімізде өтіп жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер съездері, оларда қарастырылған мәселелердің мән-жайы мен қабылданған шешімдердің мазмұны бұқаралық ақпарат құралдарында аз жазылып жүрген жоқ. Алдымызда келе жатқан осы айтулы датаға орай «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының «Егемен» баспасы «Дінтұтқа» жинағын шығарды. Осы кітапты құрастырып шығаруға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Ә.Мәми және бірқатар Сенат депутаттары мұрындық болған. Жалпы, Парламент Сенаты басшылығының Діндер съезін ұйымдастырып өткізуге белсене еңбек сіңіріп жүргені белгілі. Жылдар аралата өтетін Съезд Хатшылығының тізгіні де Сенат Төрағасының қолында.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қалай ұйымдастырылып, қалай өткізіліп келе жатқанын түгелдей қамтитын осы жинақтан қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Бәйгелди, Марат Тәжин, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Әбдімәлік Нысанбаев, Қайрат Лама Шәріп, Ержан Қазыханов, Алексей Волков, Парламент депутаттары Камал Бұрханов пен Жабал Ерғалиев, ғылым қайраткерлері Амангелді Айталы, Әбдеш Қалмырзаев, Нағима Байтенова, Меруерт Әбусейітова, дінтанушылар мен діни қызметкерлер Ержан қажы Малғажыұлы, Аманбек Мұқашев, Лимана Қойшиева, Қалижан Заңқоев, «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкерлері Әлисұлтан Құланбай, Дастан Кенжалин, Асқар Тұрапбайұлы, Анар Төлеуханқызы, Ләйла Еділқызы, Жақсыбай Самрат, Қазақстан Республикасының Бас раввині Ешая Когеннің, Еврей ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Петр Рубинштейннің мақалаларын, сондай-ақ Қытай мұсылмандары ассоциациясы төрағасының орынбасары Ян Чжибомен, АҚШ Конгресі Өкілдер палатасы комитетінің төрағасы Эни Фалеомаваегамен, Түркияның дін істері жөніндегі министрі Әли Бардакоғлумен, Ресей Мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Ғайнутдинмен болған сұхбаттарды ерекше атап өткен жөн. Мақала авторлары мен сұхбаттасушылар ұлтаралық татулықтың негізі – дінаралық келісімнің маңызы мен мәнін барынша кеңінен ашып көрсеткен.
Кітапты парақтай отырып, ол өткен онжыл дықта атқарылған істердің күнтізбелік жылнамасы емес, еліміз қолға алған өркениеттерді тоғыстыру, адамзатты табыстыру тұғырнамасына жасалған талдау болып табылады деген тұжырымға келдік. Шын мәнінде, бұл жинақ – өзінің ғана емес, бүкіл адамзат баласының болашағына алаңдайтын әркімге ой салатын, ойландыратын жинақ. Сондай-ақ, ол Қазақстанның әлемдік және конфессияаралық діни татулық жолында атқарған істерін зерттеп, сарапқа салатын ғалымдар мен дінтанушылар үшін маңызды көмекші құрал болып табылады деп сенеміз.
Амандық болса, елімізде дәстүрлі діндер съезі әлі талай рет өткізілер. Сол кезде де осындай өткен уақыт кезеңін түйіндеп, тұжырымдау және оны осындай жинақ ретінде алға тартар әдемі дәстүр жалғаса берер деген үміттеміз.
«Дінтұтқа» кітабын құрастырып шығарушыларға шын жүректен шыққан ризашылығымыз бен алғысымызды арнай отырып, аталған еңбек өз оқырманын тапсын деген тілек айтамыз.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.