«Анам да болған Қара жер, панам да болған, Қара жер!» депті бабаларымыз. Тіршілік атаулының иесі де, киесі де Қара жер деп білген олар бұл сөзді Жаратушының өзіне балап айтқандай, тіршіліктің көзі ғана емес, өзі деп біліп қайрылғандай. Бәлкім, есте жоқ ескі кездерде Қара жер, Көк аспанды ұлы қамқоршы тіршілік иесі деп біледі. Сондықтан да біз осынау киелі тіркестегі екі сөзді бірге жазып отырмыз. Тіпті көне тас, қола дәуірлері дейміз бе, скифтер, ғұндар, сарматтар, массагеттер кезеңдері дейміз бе, әйтеуір талай-талай мемлекеттер, империялар дәуірлеген, талай-талай тарихтың теперішін көріп, Жер бетінен жоғала жаздаған, алайда майысса да сынбай, осынау Ұлы далада малын бағып, оған қоса жанын бағып жүрсе де әлем өркениетінен қалыспай өз мәдениетін, ғажайып салт-дәстүрін, өмір сүрудің өзіндік ерекшелігін қалыптастырған біздің бабаларымыз емес пе еді.
Бұл мақаланы жазуға түрткі болып, қолыма қалам алуға себепші болған дәл қазіргі сәттегі еліміздегі ішкі әлеуметтік жағдайдың күрделеніп кетуі еді. Оның басты қозғаушы күші әлемдік мұнай бағасының құлдырауы. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, «СОVID-19» атты дерттің бүкіл Жер шарының біраз бөлігін шарпи бастауы келіп қосылды.
Ел болып жұмыла күрессек, бұл пәлекеттен де құтылармыз. Онсыз да теңселіп тұрған теңгеміз құлдырап барып, АҚШ-тың бір доллары 440-450 теңгеге теңесті. Қабылданған төтенше жағдайға байланысты үрей билеген жұрт дүкендердегі азық-түліктің қымбаттай бастағанына қарамай, жаппай қор жинауға кірісті. Барлық дүрбелең атаулы жұқпалы вирустың (коронавирус) зобалаңына үстіміздегі жылдың наурыз айының басында Вена қаласында өткен мұнай экспорттаушы елдер ұйымы мен ұйымға кірмейтін мемлекеттердің тиісті министрліктерінің кеңейтілген отырысындағы қырғиқабақтың кесірі келіп қосылды. Сол отырыста ең көп мұнай өндіруші Сауд Арабиясы мен Ресейдің ұстанымдары ортақ мәмілеге келе алмай қара алтын өндіру төңірегінде дүрбелең тудырған. Эр-Рияд жағдайға орай мұнай өндіруді төмендетуді ұсынса, Мәскеу қасарысып, бұл ұсыныстан бас тартып, мұнай өндіру қарқынын төмендетпейтінін мәлімдеді. Оның үстіне, коронавирус келіп киліккен елдердің мұнай өнімдерін пайдалануды төмендетулеріне тура келді. Өндірілген мұнай көп, тұтынушы аз. Осыдан келіп, жыл басындағы бір барреліне берілетін баға екі еседей құлдырап, 30 доллардан төмен деңгейге жетіп жығылды. Мұнай ғана емес, металдар бағасы да төмендеп кетті. Айталық, мырыштың құны – 16%-ға, мыс – 12%-ға, темір – 4%-ға, ферроқорытпалар – 1,2%-ға төмендепті. Мұнай бастаған Жер астынан өндіріп жатқан кеніміздің құны құлдыраған соң олар өздерімен бірге онсыз да бағасы түсіп, бағы жанбай тұрған теңгемізді де сүйрей жөнелді. Тәуелсіздік алған соң көп кешікпей (1993 жылдың 15 қарашасы) айналымға шыққан ұлттық валютамыз – теңгеміздің парқы қазіргіден 100 еседен астам құнды екені еске түскенде ішіңе мұз жұтқандай күйге түсесің. Неліктен солай болды? Оны тереңдете талдап түсіндіру біздің міндетіміз емес, оған экономикалық біліміміз де, қабілетіміз де жете бермейді.
Осы жылдың ақпан айында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев мырза баяндамасында елімізде 8 мыңнан астам кен орны тіркелгенін, соның ішінде 317 көмірсутек (мұнай, газ, конденсат), 910 қатты пайдалы қазбалар кен орны, 3 мыңнан астам кең таралған пайдалы қазбалар, 4 мыңға жуық жерасты сулары кен орындары барын айтты. Бәрекелді! Мұндай байлық көп елдердің түсіне де кірмесі анық. Жыл он екі айдың он бір айында бір үйлі жанның бала-шағасын ағарғаннан тарықтырмайтын сүтті сиыр сияқты республика халқын молшылыққа батырып қоятын игілік емес пе бұл. Осы кен орындары арамыздан өзге жұрттың өкілдері болса да талай-талай миллиардерлерді «Форбсқа» тіркеттірді емес пе?! «Мақтансаң мақтан, қазағым», «Елімде бар ерінге тиеді» деп үйренгенбіз... Ең өкініштісі – осынау байлықтарымызды «тауды бұзып, тасты үгітіп» қопара, қотара аламыз деп жүргенде оның да түбі көріне бастапты. Тағы да жоғарыда айтқан министр мырза геологиялық барлау жұмысын қазірден бастап қолға алу қажеттігін, өйткені көптеген кен орындарының түбі көрініп, сарқыла бастағанын, 2021-2025 жылға арналған жаңа бағдарламаны іске асыру үшін көмірсутегін барлауды іске асыруға 680 млрд теңге, қатты пайдалы кен орындарын іздеуге 100 млрд теңге инвестиция тарту керек екенін айтты.
«Алтынды тауым Алтайым» деп мақтанышпен айтып жүрген Шығыс Қазақстан облысындағы Орлов, Малеев, Тишин, Риддер-Сокольный кен орындары 2025-2040 жылдары жабылуы мүмкін екен. Шемонайха, Юбилейно-Снегирихин, Зырянов сынды моноқалалардың маңындағы қорғасын-мырыш кендері толық игеріліпті. Кен орындарының, елді мекендерінің атауларының өзі айтып тұрғандай олар, негізінен кеңестік кезеңде табылып, жанашымастықпен оңайын алып, қиынын қалдырып игерілген байлық Кеңес өкіметінің, дәлірегі Ресейдің игілігі болатын. Тіпті бұл кенттердің жұмысшылары да Қазақстанда тұратындарын мойындамайтынын көріп едік. Енді қазір қалдық болса да олардың иесі өзіміз екенін сезініп, барын ұқыптылықпен кәдеге асыру қажет болар. Иә, министрдің айтысына қарағанда, әлі де Жер-Ананың әр түкпірге тыққан қаттысы, сұйығы бар, қазынасын қалай да іздеп табу керек екен.
Іздеген, тапқан жақсы-ау. Ең жаманы, инвестициясын құйған шетжұрттық алпауыттар тапқандарынан қомақты үлес алар. Оған үйрендік қой. Сонда деймін-ау, өмір, әсіресе ұрпағымыздың тіршілігі бірер ғасырмен шектеле ме? Бұл – «Ертеңім пұл болмаса, күл болсын, бүгінгі нәпақамды ертеңге қалдырмайын» деген пиғыл емес пе!
Осындайда жарты ғасырға жуық уақыт бұрынғы болған бір әңгіме жиі-жиі ойыма орала береді...
Сонау 1974 жылы журналистік сапармен Вьетнам Демократиялық Республикасында болғаным бар. Америкамен қанқұйлы соғысты жеңіспен аяқтаса да аласапыран ауыртпалықтан кейін жарасын жалап жазатын сырттандай күй кешіп жатқан кезі болатын. Бәрібір жұрттың аш-жалаңаш жүрсе де әндерін айтып, көңілді жүргендерінің куәсі болдық. Иә, олар папоротниктің ұлпасын сорып, бір-екі қалақ суға піскен күрішті қорек қылса да өте бақытты еді. Себебі, олар қаһармандықпен өз тәуелсіздіктерін қорғап қалған еді. ВДР Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі хатшысы Лю Ки-Ки деген азамат бізді қабылдағанда айтқан әңгіме еді, ойға дүркін-дүркін орала беретін...
«Біздің жерімізде де қазба байлық жетерлік. Кен атаулының атасы деп білетін алтынымыз тіпті мол. Француз отаршылары шамалары келгенше алтынымызды молдап өндіріп әкетуге тырысып-ақ бақты. Тауыса алмады. Ақыры қуылып тынды. Америка агрессорларының бір мақсаты сол алтында болатын. Олар да бұл ойларын орындай алмады. Қазір алтын өндіретін кен орындары шегендеулі. Халқымыз қанша қиыншылық көрсе де оған тиіспейді. Кезінде біздің ең жақын, жанашыр еліміз Лиевенсо да (Кеңес елін вьетнамдықтар солай атайды) алтын өндіруге қол ұшын бермек болғанда да біздің үкімет келісімін бермепті. Себебі ұлт көсемі Хо Ши Миннің: «Жер астының алтыны – келешек ұрпақтың еншісі. Қандай жағдай болса да оған тиісуге болмайды» деген өсиетін бұза алмапты. Бәлкім әлі де бұл өсиетті бірнеше ғасыр бойы бұзбайтын болармыз. Вьетнамдықтар жер үстінің байлығымен-ақ аштан өліп, көштен қалмайды» деп еді хатшы....
Ал біз әрі кетсе осы ғасырдың ішінде-ақ заманақыр болатындай, соған дейін Қаражердің мәйегін сығып алып үлгерейік деп жүргендейміз. Өзіміз елімізде өткен ЭКСПО-ның алды-артында жиі қайталаған Күннің, желдің, судың қуатын молдап пайдаланатын «жасыл экономикаға» көбірек күш салсақ қанеки. Бұлардың «кені» бізде жетерлік қой. Бүгінгі әр азамат, барша жұрт, тіпті мемлекет ұрпақтың, алдағы ғасырларда осы жерді мекен ететін ұрпақты ұмытуға хақы жоқ екенін білуі керек.
Тіпті күні кешегі өзіміз көбіне күстаналай беретін кеңестік кезеңнің тұсында да еліміздің кеңшарлар мен ұжымшарлары өрісін төрт түлікке толтырғаны, егістігі мен бау-бақшасында астығы мен жеміс-жидегін жайқалтқаны өтірік емес қой. Рас, ол өндірілген байлықтардың игілігін негізінен Мәскеу, Ленинград (Санкт-Петербург) сынды Ресей қалаларының көргені де рас. Қазір ұят болғанда, ет өнімдерімен өзімізді толық қамтамасыз ете алмай шет елдерден етті де импорттап отырмыз. Ол ғана емес, өткен жылы құс етінің 49, ірімшік пен сүзбенің, шұжықтың 39 пайызын шеттен тасыппыз. Біз мал өнімдерін ғана айтып отырмыз. Себебі, ет жетпейді, ет пен сүт өнімдерін беретін мал жетпейді. Қазір ет өңдейтін кәсіпорындар 45 пайыз қуатында ғана жұмыс істейді екен. Соңғы 7 жылда елімізде 70 тауарлы сүт фермасы ашылыпты, алайда сүт өнімдерінен жылына 52 мың тонна қышқыл сүт өнімдері, 49 мың тонна ірімшік, сүзбе және құрғақ сүтті сырттан тасиды екенбіз?
Шүкір, өзіміздің қаладағы, даладағы жұртымызды тойындыра алардай сиыр, қой, жылқы дегендей мал басының әр түлігі миллиондап саналады екен. Ең өкініштісі, қазақтың суы мөлдір, шөбі шүйгін даласында жайылған малдың етінің ерекше дәмді екенін жақындағы өзбек ағайындарды қойғанда, алыста жатқан арабтар да біліп алғандары сонша, құнын келістіре төлеп, малды тірідей алып кететін болыпты. Сатушы кім қымбат баға беріп жатса, малын соған береді. Бұл нарықтың бұлжымас тәртібі, оған ешкім қой дей алмайды. Өткен бір жылдың ішінде шет елдерге 156 мың бас ірі қара, 246 мың қой сатылыпты. Әрине, бұл үрдіс сатушы шаруа үшін пайдалы сауда, ал малын өйтіп сата алмай, ірі қалалардың базарларына әр ауылдан машинамен тасымалдайтын делдалдарға болымсыз бағаға сататындар қаншама.
Бұл мақаланы жазуға, тіпті айта-айта көп қайталанған жер мәселесін қозғауға итермелеп, қолға қалам алдырған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталайық.
Біріншіден, туған жер, біз мекендеп отырған Ұлы дала – қазақ елінің Отаны. Оның қадіріне жетіп, қасиетін кие тұта алмай жүрміз дегенді айту. Қойнауын жаны ашымастықпен қопарып, қазынасын өзіміз ғана алып қоймай, шет жұрттарға да мырзалық танытып, шүлен таратқандай үлестіргенді азайтайық. Хо атайдың (ВДР-дің көсемі Хо Ши Мин) «Ұрпақты ұмытпайық» деген ұлағаты бізге де айтқан өсиеттей.
Екіншіден, рас, заман талабына сай, технологияның дамыған бүгінгідей кезеңінде қуат көзінің көп қажет болатыны түсінікті. Сондықтан «жасыл экономикаға» түсер салмақты арттыра түссек» деген ой келеді.
Үшіншіден, арзан мұнайды құбырмен айдай бермей, бензин, керосин, солярка сияқты жанар-жағар майларды, бидайымызды эшелондап өткізбей, ұндай, кеспе, вермишель сияқты жартылай даяр өнім түрінде сатайық, малымызды тірідей сатқанды азайтып, ет, одан жасалар шұжық, сүрі, қазы-қарта түрінде өткізейік. Бұл мыңдаған жұмыс орнының ашылуына себепші болмақ.
Төртіншіден, жер үстіндегі ризықты молайту басты парыз деп ойлаймын. Адамзатты ғасырлар бойы асырап келген осы жер үстінің байлығы емес пе. Неше жыл бойы «Жер сатылмасын!» деп халқымыздың ұрандатқаны тегін емес.
Бесіншіден, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа алғашқы Жолдауында өзіміздің қайсыбір пысықай латифундистердің миллиондаған жерді жекешелендіріп алып, не егістікке, не жайылымдыққа бермей ұстап отырғандарын сынап еді. Бұл әңгіменің соңы да сиырқұйымшақтанып бара жатқандай. Тіпті ауылдардың айналасын иемденген қожайындар тұрғындардың бір-екі сиыр, бес-алты қой-ешкісін жайылымға шығартпай отырған фактілер туралы жиі оқып, телехабарлардан жиі көріп жүрміз. Сондықтан, ауыл шаруашылығына қарасты жерлер тек қана мемлекеттің меншігі болуы керек. Қолынан іс келетін малшылар мен егіншілерге белгілі бір уақытқа жалға немесе кепілдікке берілсе, тиімді болар еді деп ойлаймыз.
Алтыншыдан, қазір шаруасын ғылыми негізде ұйымдастырып отырған фермерлер өте аз. Шағын ауылдардан шыққан мал иелері әрі кетсе жүздің арғы-бергі жағында сиыр, бірер үйір жылқы, екі-үш жүздің төңірегінде қой-ешкі өсіріп, оған жалдайтын малшы іздеп әуреге түседі. Әр ауыл немесе бірнеше ауыл осынау ірілі-ұсақты мал иелерінің басын қосып, кооператив ұйымдастырудың тиімділігін тәжірибе көрсетті. Сүт, ет өнімдерін шығаратын, орталықтандырған кәсіпорындары өздерінде болса, екі ортада жүріп, «мал» тапқыш делдалдардан да құтылар еді. Бірлесіп егіншілерін, пішенші, жем-шөп даярлайтын бригадаларын құрып, оларды ауылшаруашылық техникаларымен қамтамасыз етіп отырса, бүкіл кооператив бір басшыға бағындырылса және әркімге қажетті субсидиялық көмек көрсеткенше іріленген шаруашылыққа қажетіне қарай беріп отыру жеңілдер еді. Ірілендірілген шаруашылық болса мал тұқымын асылдандыруды да қолға алар еді. «Өзімдікі деген басын ұстайды» дегендей, ендігі меншік иелері кооператив иелері болмақ. Табыс әркімнің үлесіне (қосқан малының санына) қарай және еңбегіне қарай бөлінбек. Бұл агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін үнемі миллиардтап қаржыландырып отыратын «ҚазАгроның» жұмысын да жеңілдетер еді.
Бабаларымызды бауырынан өргізіп, асырап-сақтап келген, өзімізді һәм ұрпағымызды да болашаққа қамсыз-мұңсыз жеткізетін иеміз де, киеміз де болған Қара жеріміздің қадіріне жете алмай жүргенімізді мойындайықшы, ағайын. Қарағанды қаласының айналасындағы жасанды тау-террикондарды, Шығыс Қазақстанның Риддер, Зырьян, Шемонайха сияқты қалаларының шахталарынан шығарылған төбе-үйінділерді, тіпті еліміздің әр түкпірінде қиыршық тас өндіріп, жер тәніне жазылмастай жарақат салып кеткен ашық карьерлер жүрек сыздатады. Осыларды көргенде Жер-бесігімізге әлі жанашырлықтан гөрі жаныашымастық пиғылдан арыла алмай жүргендейміз.
Техниканың әбден дамыған заманында олардың «азығы» мұнайды, темір тектілерді өндіруді доғарайық деуден аулақпын, тек Жерді асыға-аптыға тонауды азайтайық, «экономикамыздың драйвері» деп өзіміз жиі қайталайтын ауыл шаруашылығына, былайша айтқанда, жер үстінің байлығына көбірек күш салып, Қара жердің қадірін кетірмейік дейтін ой еді айтпағымыз.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері