• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 05 Мамыр, 2020

«ҚазМұнайГаз» дағдарысқа қарсы стратегия әзірледі

218 рет
көрсетілді

Әлемдегі эпидемиялық жағдай сан-са­ла­лы кәсіпорындар мен алпауыт ком­­паниялардың дағдылы тыныс-тір­шілігін жаңа бағытқа өзгерткені рас. Қазақ­станның мұнай-газ саласында мемлекет мүдделерін білдіретін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы да дер кезінде дағдарысты басқару тобын іске қосып, жедел штаб құрған болатын. Штабтың үйлесімді жұмысының және жүзеге асы­рыл­ған алдын алу шара­лары­ның нәти­жесінде кәсіпорындар қалып­ты режім­де жұмысын жалғастырып келеді. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төр­ағасы­ның орынбасары – қаржы дирек­торы Дәурен Қарабаев компания қыз­метінің бірінші тоқсандағы алдын ала қо­ры­тындылары мен нарықтағы жағдайдың компанияға әсері туралы баяндады.

Ең әуелі «ҚазМұнайГаздың» басты міндеті қызметкерлердің ден­­сау­лығы мен әл-ауқатына қам­қор­лық жасау екенін атап өткен басқар­ма төрағасының орынбасары эпидемиялық жағдай кезін­де­гі жедел іске қосылған дағдарысты басқару тобының ілкімді жұмысына тоқталды.

– Бірінші тоқсандағы негізгі өндірістік көрсеткіштер орындалды. Мұнай және газ конденсатын өндіру деңгейі 5,9 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың бірінші тоқ­санындағы деңгейге жуық. 4 млн тоннаға жуық немесе өзіміз өндір­ген мұнайдың 69%-ы экспорт­талды, – деді Дәурен Қарабаев. Алай­да коронавирус індеті мен мұнай өндірісін ұжымдық қысқарту туралы ОПЕК+ келісімімен мұнайға әлемдік сұраныстың күрт төмендеуі осы жылдың екінші тоқсанында ҚМГ өндірісін шектеуге әкеліп отыр. Оның айтуынша, ОПЕК+ келісіміне сәйкес Қазақстан өндірісті тәулігіне 390 мың баррельге қысқартуға тиіс. Осыған сәй­кес Энергетика министрлігі мұ­най өндіруді шектеуі қажет жеке жер қойнауы учаскелерінің тізбесі бар Үкімет қаулысының жобасын әзірледі.

Алайда мұнай тасымалдау мен газ өндіру салаларының жағдайы жаман емес. Себебі осы екі секторға мұнай бағасының құбылуы қатты әсер етіп отырған жоқ. Газ тасымалдау көлемі 28,3 млрд текше метрге дейін өсіп отыр. Өсім негізінен Қазақстан арқылы газ транзитінің ұлғаюына байланысты.

Жаһандық пандемияның ҚМГ өңдеу секторына да әсер еткені аталды.

– Бірінші тоқсанда отандық мұ­най өңдеу зауыттарында көмірсутек­ті қайта өңдеу көлемі 3,3 млн тоннаны құрады және өткен жылмен салыстырғанда сәл жоғары болды. Бірақ 2020 жылдың сәуірін­де Қазақстанның ірі қалаларында карантиннің енгізілуіне байланысты Қазақстандағы мұнай өнімдерінің негізгі түрлеріне сұраныс едәуір төмен­деді. Біз зауыттардың жүкте­месін азайттық. 25 сәуірден бастап Павлодар зауыты жоспарлы про­филактикалық жөндеу жұмыстарына тоқтатылды, – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев.

Бұған қоса ол дағдарысқа қарсы шаралар ретімен таныстырып өтті. Жедел шара ретінде, қазірдің өзінде 2020 жылға жоспарға қарағанда 87,4 млрд теңге күрделі шығындар алып тасталған, осы ретте 5 жыл ішінде күрделі шығындардың азаюы 406,4 млрд теңгені құрайды. Ал 2020 жылға арналған жалпы және әкімшілік шығындар, орталық аппараттағы консалтинг қызметтері мен басшылықтың сыйақы қорынан бас тартуды қоса алғанда, 15,7 млрд теңгеге азайтылды. Операциялық шығындар 24,2 млрд теңгеге төмендетілген. 2020 жылы қысқартылған жалпы қаражат сомасы 127,3 млрд теңгені құрайды.

– Біз негізгі өндіріске байланыс­ты емес операциялық, әкімшілік және күрделі шығындардан бастадық. Сонымен қатар маркетинг және ло­гис­тика саласында жұмыс іс­тейміз. Айналым капиталы да оңтай­ланды­рылған, – дейді Дәурен Қарабаев.

Атқарылып жатқан іс-шаралар кешенінің уақытша емес, тұрақты не­гізде жұмыс істейтінін айтқан ол, қыс­қа­мерзімді шаралардан басқа 2021 жылдың соңына дейін жүзеге асырылатын дағдарысқа қарсы стратегия даярланатынын атап өтті.

– Біз басқару моделін өзгерту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Нәти­жесінде ҚМГ басқаруға икемді, тез әрекет етуге және бизнес үшін ең аз шығындармен дағдарыстың салдарын еңсеру үшін тиімді шешімдер қабылдауға қабілетті компанияға айналуы тиіс. Көптеген функциядан бас тартамыз және стратегиялық мәселелерді шешуге назар аудару үшін еншілес компаниялармен өзара ықпалдастықтың тетіктерін қайта қарастырамыз, – деді Дәурен Қарабаев. Оның айтуынша, барлық күш келесі жылға дейін екі негізгі мәселені шешуге жұмылдырыла­ды. Біріншіден, компания қызметін нарықтың жаңа жағдайларына бейімдеу және икемді өндірістік және кадрлық әлеуетті сақтай отырып, компанияның қаржылық жағ­дайына жағымсыз факторлардың әсерін азайту. Екіншіден, дағдарыс аяқталғаннан кейін жұмысын қайта жандандыру үшін қор, технология мен құзыреттерді жинақтау.

Барлық мұнай-газ секторы сияқ­ты, қазіргі ахуал кезінде бола­шақ көрсеткіштерге қатысты нақты бол­жам жасау қиын. Саланың ерек­шелігіне қарай, ел экономикасын қолдау және үздіксіз өндірістік про­цесті қамтамасыз ету үшін ҚМГ өнді­ріс­тік қызметін тоқтатпай, нарық­тағы жағдайды жіті бақылай отырып, мүдделі тараптармен бірге қажетті шаралар қабылдайтын болады.