Ауылда да өмір бар. Өмір болғанда қандай! Қиындығы, қызығы, қызуы мол, қайнаған өмір. Ауылда тұрып та бизнесті өрістетуге, қызметте өсуге болады. Міне, мұны нақты істе дәлелдеумен жүрген қыз-келіншектеріміз қатарының жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны қуантады. Каменка ауылына келін болып түскеніне ширек ғасырдан астам уақыт өткен кәсіпкер келіншек, қоғам белсендісі Эльмира Мырзагелдиева осынау шоғырдан ойып орын алған.
Түптің түбінде тағдырының түбегейлі өзгеретіні, ауыл адамдарымен етене тірлік кешетіні Таразда туып-өсіп, сондағы №47 орта мектепті тәмамдаған қала қызының ойы түгілі түсіне де кірмеген. Алайда ол өзі келін болып түскен әулетке тез сіңісіп кетті. Бүгінде қазақы салт-дәстүрге бір кісідей жетік, ауыл-аймаққа сыйлы келін, екі баланың қамқор анасы, туған елінің нағыз патриоты, іскер әйел. Ауылда тіккен туын биікте желбіретіп келеді. Бұл ауылда туғанмен, қалаға кетуге бүйрегі бұрып тұратын қайсыбір қаракөздеріміз үшін үлгі-өнеге әрі олардың намыс-жігерін жанитын ерлікпен пара-пар іс демей көріңіз.
Оның қазір де ауылдан іргесін қозғалтқысы жоқ. «Ауыл – қазақтың алтын тамыры ғой. Оның гүлденіп, көркеюіне хал-қадерімізше үлес қоса беретін боламын», дейді Э.Мырзагелдиева ағынан жарылып. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері елімізде шағын және орта кәсіпкерлік ісін дамытуға айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Міне, осы мемлекеттік қолдаулардың бақуаттылыққа бастайтынын жақсы ұғынған Эльмира Әленқызы бизнесін 2000 жылы күйеуі Ғабиден екеуі үй ауласына қазақы үй тігіп, қымызхана ашудан бастапты. Бұлардың әдемі бапталған бал қымызынан кімдер дәм татпады десеңізші! Биені сауып, қымызды бабына келтіретін де Эльмираның өзі. Бертінде ол жекеменшік тамақтандыру орнын ашты. Э.Мырзагелдиеваның үлкен жолдың бойында орналасқан «Диана» дәмханасы келушілеріне мінсіз қызмет көрсетуде. Мұнда бес-алты ауыл азаматы жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпкер келіншек аудан орталығындағы үлкен бір мейрамхананың әкімшісі қызметін қоса атқарады.
Ол аудан мен облыс көлемінде өткізіліп жататын қоғамдық және қайырымдылық іс-шаралардың барлығына дерлік белсенді атсалысады. Сондай-ақ өзінің кәсіби һәм саяси білімі мен біліктілігін ұдайы жетілдіріп отыруды да әсте ұмытпайды. 2015 жылы Назарбаев Университетте «Жоғары менеджменттік басшылық» бағдарламасы бойынша білім алып, ЕҚЫҰ-ның семинар-тренингінде, команда құру және көшбасшылық ету, «Даму-Бизнес», «Бизнес-кеңесші», «Бизнес-Бастау» бағдарламалары аясында арнайы курстарда біліктілігін жетілдірген.
Бүгінде өңірді көгалдандыру жұмыстарына, сондай-ақ «жасыл экономиканың» дамуына өзіндік үлесін қосуда. 2015 жылдан бері «Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесі аудандық филиалының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі басқармасының, Nur Оtаn партиясының мүшесі, «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің құқығын қорғау комиссиясы жұмыс тобының мүшесі ретінде ауқымды жұмыстарды жүзеге асырумен келеді. Оның айтуынша, елдің дамуы мен экономикасындағы жаңғыруларға, жалпы халықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға атсалысумен қатар, экономикалық еріктілікті қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл – адамдардың табысы мен тұрмыс сапасын көтеруге және жақсартуға мүмкіндік беретін үдеріс. Бақытты да бақуатты әйел – табысты мемлекет атануымыздың да кепілі.
2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі жүзеге асырылғаны белгілі. Сарапшылар тобы атап өткендей, жобаға қатысушылар жеңімпаз атанбаса да, өз саласының кәсіби шебері әрі еліміздің айтулы азаматы болып қала бермек. Эльмира Әленқызы – осынау жобаға қатысушылардың бірі. Ол үшін өткен жылдар өзге де жетістіктерімен есте қалды. Атап айтқанда, Астанада өткен алғашқы Ауыл әйелдерінің форумында үздік жетекші ретінде «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанованың қолынан Алғыс хат алғаны, сірә, естен кетер ме?! Облыс орталығында алғаш ұйымдастырылған Халықаралық әйелдер кәсіпкерлігі форумына қатысу мәртебесіне де ие болды. Мұның барлығы қарапайым ғана ауыл әйелінің зиялы қауым өкілі, бизнесвумен ретінде қалыптасып, әріптестерін нәтижелі еңбек пен жаппай кәсіпкерлікке, берекелі іске жұмылдыру жолында жүзеге асырған ілкімді жұмыстарының жемісі екені анық.
Э.Мырзагелдиева жетекшілік ететін аудандық іскер әйелдер кеңесінің мүшелері ауданда ашылған «Дулат баба» кесенесі аумағын абаттандыру мақсатында 50 түп жеміс ағашының көшетін отырғызды. Сондай-ақ республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында тұрмысы төмен бірқатар отбасы балаларының керек-жарағын түгендеп, мектеп формасын алып беруге көмек көрсеткен. «Кәсіпкерлік нәзік жандылар үшін де жат емес. Қазірдің өзінде ауданда оннан астам іскер әйел бар. Олар негізінен сауда, қоғамдық тамақтандыру, мейрамхана бизнесі, қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Біз негізінен ауыл әйелдерінің жеке кәсібін ашуы үшін кәсіпкерлік негіздерін оқып-үйренуіне ықпал етеміз. Шеберлік сыныптарын да ұйымдастырамыз. Бір жылдың өзінде «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша арнайы оқыған 16 әйел өздерінің бизнес-жоспарын сәтті қорғап, тиісінше жеңілдетілген несие алып, жеке кәсіп бастады. Алдағы уақытта да қатарымыз толыға бермек», дейді Эльмира.
Жалпы, өмір, тіршілік, кәсіпкерлік – аналарға да ауыр міндеттер жүктеуде. Э.Мырзагелдиева үшін де тағдыр сынағы аз болмапты. Осыдан он жылдай бұрын ойда жоқта отағасынан, есейіп қалған тұңғыш ұлынан айырылу оған ауыр соққы болып тиді. Жекеменшік иеліктеріндегі жиырма бес жылқының бір күнде қолды болып кетуі де қымызхана бизнесіне едәуір шығын келтірді. Алайда мұның барлығы қайсар келіншекті мойыта алмады. Өзіне, еңбегіне сенген еңбекқор жан жасымай, қасарыса ілгері ұмтылумен келеді. Үлкен әулеттің бас иесі де өзі. Бүгінде ұлы Жалғас Алматыда, қызы Диана ТарМУ-да білімдерін жетілдіруде. Диана да анасы секілді қайсар, қиындыққа шыдамды, мақсаткер тұлға болып қалыптасып, өмір майданында шар болаттай шыңдалудан өтуді ойлаған болар, аталған оқу орнының әскери кафедрасында қосымша оқуды таңдаған екен. Эльмира күні ертең ұлы – әке, қызы – ана орнын басып, ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыруға өзіндік үлестерін қосатынына нық сенімді.
Баймаханбет АХМЕТ,
журналист
Жамбыл облысы,
Т.Рысқұлов ауданы