Кеңестік кезеңде арнаулы және жоғары оқу орындарын бітірген ауылшаруашылық мамандары салалық құрылымдарға жолдама бойынша жіберілетін. Сондықтан да социалистік жүйе бойынша құрылған совхоздар мен колхоздар зоотехник-селекционер, ветеринар, агроном, инженер-механик секілді мамандардан аса бір зәрулік көре қоймайтын.
Бүгінде сол дәуірдегі ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің орнын негізінен фермерлер мен шаруа қожалықтары басты. Олардың дені инфрақұрылымдық жүйелерден қашықта, желдің өті мен жердің шетінде орналасқан. Айталық Ақтөбе облысында 7500-ден астам фермер мен шаруа қожалығы тіркелген. Бұл аз күш емес. Ауыл шаруашылығы өнімдері түрлерінің 80 пайызын өндіретін ұсақ және орташа құрылымдар бүгінде өздеріне қажетті мамандарға зәру болып отыр.
Оларды маман тапшылығынан құтқарудың басты жолдары қандай болмақ? Бұрынғыдай жолдамамен жіберетін маман жоқ. Сонда не істеу керек? Бұл үшін бұған дейін аталған мәселені арнаулы немесе жоғары оқу орнын аяқтайтын түлек және жұмыс беруші арасында жасалған үшжақты келісімдер арқылы шешу жолдары қарастырылған болатын. Мұндай тәсіл белгілі бір уақыт аралығында нәтиже берді. Әйтсе де соңғы кезде мұндай келісімшарттардың дайындалуының арқауы босап, тіні тарқатылып кеткені айқын сезілуде.
Екіншіден, арнаулы оқу орындарын бітірген жас мамандардың шалғайдағы шаруа қожалықтарына барғысы келмейтіні де тұйыққа тіремей қоймайды. Бүгінгі өзекті мәселенің бірі осы десек шындықтан ауытқи қоймаспыз. Соның салдарынан аудандарда бірінші кезекте ветеринар, тракторшы-механизатор және сауыншы секілді қарапайым мамандарға деген сұраныс өсе түсуде.
Әрине облыс орталығында аталған санаттағы мамандарды әзірлейтін кәсіптік орта білім беретін оқу орындары жеткілікті. Бұл істің басында Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжі тұр. Олар нарық сұранысына сай кадрларды әзірлемейді десек ұшқарылыққа ұрынар едік. Өз деңгейінде оқытып келеді. Әйтсе де соңғы кезде аталған оқу орындарындағы материалдық-техникалық база деңгейінің төмендеп кеткені, оның жұтаңдығы қажетті іске қолбайлау болып жүргені жасырын емес.
Сонымен бірге мұнда бұған дейін қалыптасқан жұмыс берушілермен қарым-қатынас әлсірей бастағаны да байқалады. Егер аталған іс алдағы уақытта жүйелі түрде қайта жолға қойылатын болса, тиісті нәтижелерге жетуге жол ашылары анық.
Әйтеуір бұл мәселе Ақтөбе облыстық білім басқармасының назарында екені көңілге бір медеу. Яғни аталған басқарманың шешіміне сәйкес бірнеше жыл бұрын кейбір жұмысшы мамандықтарды дуальды жүйе бойынша оқыту шаралары қолға алынған. Бұл тәсіл қысқа мерзімге есептелген. Білім басқармасының техникалық кәсіби білім бөлімінің жетекшісі Венера Шавкилованың айтуынша, оқытудың мұндай жүйесінің тиімділігі жоғары. Айтарлықтай көп қаражат жұмсалмайды.
Оның айтуынша, салалық колледждерде студент-оқушының бір жылдық оқу ақысына мемлекеттен 350 мың теңге жұмсалады екен. Жарайды, бұл қаражат өзін өзі ақтап, қайтарымын берсе бұған ешкімнің таласы бола қоймас. Әйтсе де колледжді аяқтағаннан кейін оқуының ақысына жоғары баға төлеген түлек шалғайдағы шаруашылықтарға барып жұмыс істейтініне ешкім кепілдік бере алмайды дейді ол.
Ұсақ фермерлер мен шаруа қожалықтарының қаржылай мүмкіндіктері шектеулі екені белгілі. Соның салдарынан олар маман-кадрлар әзірлеу жөніндегі келісімшарттардан да бойларын аулақ салуы әбден мүмкін.
– Қазіргі кезде жергілікті және жоғары атқарушы органдар тарапынан басты қолдау негізінен ірі ауылшаруашылық құрылымдары мен агрофирмаларға жасалып жүр. Бұл дұрыс та шығар. Әйтсе де, материалдық игіліктің басым бөлігін өндіретін ұсақ шаруа қожалықтары солардың тасасында қала бергені дұрыс емес, – дейді Алға ауданындағы «Тілеу» шаруа қожалығының жетекшісі Александр Мандрыкин. Орташа және ұсақ шаруашылықтардың бәрі бір күнде төрт аяғынан тең басып, іріленіп кете алмайды. Сондықтан да адымын ашып, бауырын жазу үшін оларға мемлекет тарапынан берілетін субсидия көлемін көбейту қажет. Сол кезде олар тапшылық көріп отырған маман мәселесін де түбегейлі шеше алады, деп түйіндейді өз ойын алғалық фермер.
АҚТӨБЕ