• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Мамыр, 2020

Қызыл күреңнің күрмеуі шешіле ме?

1221 рет
көрсетілді

Торғай ауылының тұрғыны Жарасбай Мұқатов бір жарым жыл бұрын ұрланып, кейін табылған жылқысына күні бүгінге дейін қол жеткізе алмай жүр. «2018 жылғы 10 қараша күні биемді балам іздеп тапты. Қалам-Қарасу ауылының тұрғыны Дүйсенбай Қойбағаровтың 17 бас жылқысының ішінде жүр екен. Ауылдан хабарың бар ма, жоқ па, біз жақта үйірді адамның орнына айғыр бағады. Қызыл күрең төбелімді бөтен айғыр өз үйіріне қосып алыпты. Енді Д.Қойбағаров өзімдікі деп жылқыны бермей отыр» деген қария полицияға да, прокуратураға да шағымданғанын, бірақ әлі күнге дейін еш нәтиже болмағанын айтты. Әдетте ауыл арасында оп-оңай шешіле салатын болмашы ғана дау асқынып, күрмеуі қиын мәселеге айналды.

Тергеу тұйыққа тірелді

Аталған оқиғаға қатысты 2018 жылдың 11 қарашасында «Бөтен біреудің дүниесіне заңсыз иелік ету әрекеті» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

– Сол күні аудандық полиция бөлі­мінің анықтаушысы Нұрлыбек Нұржан «Біз жылқыңыз тұрған ауыл­ға барып күтіп тұрамыз, сіз куә адам­да­рыңызды алып сол жерге келіңіз», деді. Артынша куә адамдарды ертіп, айтқан жеріне бардым. Жылқының жарақаты бар еді, сол аяғы ісіп кеткен. Аяғын сылтып баса алмай тұр екен. Күдікті адамға соны меңзеп, «Мынау аяғындағы жарақатты көрдің бе? Міне, куә адамдарым танып тұр. Жылқы – менікі. Қазір алып кетемін» деп едім, ол «Бұл жарақат емес, жай қара дақ» деп бой бермеді. Ал Рүстем Оңғар деген учаскелік полицей «Бұл – екі адамның арасындағы дау. Дау шешілгенше жылқыны Дүйсенбай Қойбағаров баға тұрады» деді. Амалсыз жылқыны сол жерге қал­дырып кетуге тура келді, – деді Жарасбай Мұқатов.

Қария ертеңінде «Жылқыны тану тура­лы акт жасаңдар, Қойбағаровтың ауы­лына қайта барайық» деп поли­ция­ға тағы келеді. Бірақ поли­ция­да­ғы­лар ол күні қозғала қоймаған. Тек 3-4 айдан кейін акт жасаймыз деп ақсақалға келе­ді. Содан жылқының жарақатын емдеген үш-төрт мал дәрігері бар, жалпы он шақты куә адамды ертіп барады. Бірақ Дүйсенбай жылқыны көрсетпейді. Полиция егер ол рұқсат етпесе, жылқыны көре алмаймыз деген соң, кері қайтқан.

Жоқ іздеген қарияның айтуынша, кейін Дүйсенбай Қойбағаров күрең қызылды жасырып, орнына басқа жылқы әкеп қойған. Ал поли­ция сол бөтен жылқының құйрық қылын алып, сараптамаға жібереді. Осы­лайша 2019 жылғы 19 маусымда жәбірленуші «молекулалық-гене­ти­калық сот сараптамасының қоры­тындысымен» таныстырылып, арна­йы хаттама толтырылады. Хат­тама соңына: Жарасбай Мұқа­тов өз қолымен «Сараптама дұрыс жасалмаған, мен қарсымын. Тергеу­ші­лер Дүйсенбаймен ауыз жаласып алған. Комиссия, мен қайтадан тексерулеріңді сұраймын» деп жазып, қол қойған. Оның астында Жангелді аудандық полиция бөлімінің анық­тау­шы­сы Н.Нұржанның қолы тұр.

Жарты жылдан аса уақыт тергеу жүргізген аудандық полиция ақы­ры қылмыс құрамы анықталмады дегенді негізге алып, 2019 жылғы 29 маусымда істі жауып тастаған. Алай­да осы жылдың 24 қазаны күні Қос­танай облысы прокурорының орын­басары М.Қазиев аталған қылмыстық іс шикі қаралған, тергеу дұрыс жүргізілмеген деп танып, аудандық полицияның қылмыстық істі қысқарту туралы қаулысының күшін жою жөнінде жаңа қаулы шыға­рады.

 

Полиция жалған құжат жасаған ба?

Прокурордан пәрмен түскен соң, жиырма күннен кейін қызыл күрең төбелге қатысты қылмыстық іс қай­та жанданып, аудандық полиция бө­лі­мінің тергеушісі Е.Байболов «Жә­­бірленушіден қосымша жа­уап алу хаттамасын» толтырады. Хат­­тама мазмұны бойынша жоқ іздеу­ші Жарасбай Мұқатов кү­дік­ті Д.Қойбағаровтың үйірінде жүр­ген бөтен жылқыны жаза танып, қа­те­лес­кенін мойындайды. Тер­геу­ші­нің «Сіз 13.11.2019 жылы сағат 17.00-де Қалам-Қарасу ауылында азамат Д.Қойбағаровтың мал қорасында қамалып тұрған жылқыны дәл осы менің жылқым деп атап көрсеттіңіз. Егер сіз атаған жылқы өзіңіздікіне ұқсамаса, оны неге көрсеттіңіз?» деген сұрағына жәбірленуші «Мен бай­қамай көрсетіп қойдым. Менің жыл­қыма шамалы ұқсайды екен», деп жауап береді. Хаттаманың 2-бетіндегі жәбірленуші қол қоятын тұста ешкім­нің қолы қойылмаған. Одан кейінгі беттерде жәбірленуші төрт жерде қол қойып, соңына «Жауап дұрыс жа­зыл­ған. Оқып шықтым» деп жазып, оны тағы бір рет қол қойып соңғы рет растаған.

Алайда жәбірленуші Жарасбай Мұқатов «Бұл хаттаманы толтыруға мен қатысқан жоқпын, полиция сыртымнан жалған құжат жасап отыр. Хатта­мадағы жазу да, қол да менікі емес», деп азар да безер болып отыр. Қос құжатты қатар ұстап, ондағы жазу мен қойылған қолдарды салыстырып көрдік. Екі түрлі жазу. Қолдар да бір-біріне ұқсамайды. Бір қызығы, бұған дейін тергеушілер бұл екі құжаттағы жазу мен қолды салыстырып, оның кімдікі екенін анықтайтын ешбір сараптама жасамаған.

– Бір жарым жыл бойы бір бай­тал­дың соңында жүрмін. Жаныма батқаны – қолды болған қызыл кү­рең­нің күйігі емес. Бас аман болса, малдың орны толар. Мен полиция қызметкерлерінің әділін айтудың орнына істі көпе-көрінеу бұрмалап, барды жоқ қып, жоқты бар етіп көр­се­тіп отырғанына күйінемін. Әділдік қайда? – деп жәбірленген қария нау­рыз­дың соңында облыстық полиция де­партаментіне тағы арыз жазып қал­дыр­ғанын айтты.

1 сәуірде осы мәселе бойынша облыстық полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетовтің аты­на сауалхат жолдап едік. Жауабын 28 сәуірде ғана алдық. Электронды пош­т­а­мызға келіп түскен хатта: Egemen Qazaqstan газетінің сұрауы бо­йынша Жангелдин ауданының тұр­­ғыны Ж.Мұқатовтың арызы бо­йынша полиция Қылмыстық ко­декс­тің 389-бабы бойынша тіркелген сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Са­рап­тама тағайындалды. Сондай-ақ Қостанай облысы полиция депар­таменті өзіндік қауіпсіздік бас­қар­ма­сы Жангелді ауданы полиц­ия бө­лі­мінің қызметкерлеріне қатысты Ж.Мұқатовтың арызы бойынша қыл­мыс­тық іс жүргізуде», деп жа­зыл­ған.

Осылайша қызыл күрең төбелге қатысты қылмыстық іс екі рет жабылып, үш рет қайта қозғалды. Жағдай ушыға түсіп, тергеу материалдарын қолдан жасаған деген күдікке ілінген полицейлердің үстінен де қылмыстық іс қозғалып отыр. Тиісті органдар бұл жолы істің ақ-қарасын айырып, әділет үстемдігін орнатар деген сенім басым.

 

Қостанай облысы