Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мәлімдемесінде «Біз індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерді қаржылай қолдап жатырмыз. Денсаулық сақтау министрлігі және әкімдер басқа да медицина қызметкерлеріне көмек көрсету үшін шаралар қабылдауда» деген болатын. Иә, әлемді әрі-сәрі күйге түсірген вирус нәубетімен күресіп жатқан ақ халатты абзал жандардың сауапты әрі жауапты қызметі мемлекет назарында. Осы орайда індетке шалдыққан пациенттермен тікелей байланыста жүрген Павлодар облыстық Жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігер-инфекционисі Қымбат Казкенова дәрігер болудың оңайға түспейтінін айтады.
Баянауыл өңірінің Кызылтау ауылында (қазіргі Жүсіпбек Аймауытов атындағы ауыл) туып өскен ол, Семей медициналық университетінің емдеу ісі факультетін тәмамдаған. Бұл оқу орнында ең шыдамды, төзімділер ғана оқи алады. Жеті жыл бойы табандылық танытып, оқуын бітірген соң туған жеріне келіп, еңбек жолын бастады. 2012 жылдың тамыз айынан бастап Павлодар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында еңбек етіп келеді.
Қымбат Темірбекқызы аталған ауруханада коронавируспен күрес жұмыстары жылдың басынан басталғанын, коронавирус жұқтыруы мүмкін адамдарды қабылдау мен зертханалық тексерулер жүргізіліп келе жатқанын айтады.
«27 наурызда қалада ең алғашқы коронавирус жұқтырған науқас тіркелді. Ол науқаспен қатынаста болғандықтан, біз де карантинге жабылдық. Елімізде індет жұқтырғандар саны күннен-күнге арта түсті. Біздің қаламызда да осындай жағдай орын алды. Әлемде эпидемиялық ахуалға байланысты карантинге жабылмас бұрын, аурухана әкімшілігі біздің келісімімізді алған болатын. Себебі індет ошағында жұмыс істеу өте қауіпті. Отбасымның рұқсатымен және өзімінің борышымды негіз етіп, өз келісімімді бердім», деген дәрігер бір айдан бері отбасын көрмеген екен.
«Жаңадан науқас тіркелген сайын көңіл-күйіміз түседі. Себебі жаңадан тіркелген әр науқас бізді отбасымыздан, балаларымызан 14 күнге алыстатады. Бұл қашан аяқталады, қашанға дейін созылады, ешкім нақтылап айта алмайды. Біз де білмейміз. Ата-анам қатты алаңдауда, анам қызым тезірек оралса екен деп жылап жүр. Әрине біздің бұл батылдығымыз, төзімділігіміз мемлекет тарапынан бағаланып жатыр. Қауіптілік санаты бойынша ақшалай сыйақылар берілуде. Бұл – дұрыс қадам. Тек алдағы уақытта да ақ желеңді абзал жандардың еңбегі ескерусіз қалмаса екен дейміз. Мәселен, біз инфекционист-дәрігерлер ылғи әртүрлі жұқпалы аурулармен жұмыс істейміз, қауіп-қатер өте жоғары. Сондықтан еңбегіміздің жемісін көргіміз келеді. Сәтін салса, отбасыма аман-есен оралып, анашымды уайымдатпай, 4 жасар баламды құшағыма тезірек алсам екен», дейді қауіп пен қатердің бел ортасында жүрген батыл дәрігер.