Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды міндеттеген болатын. Осы мақсатта Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен облыстың барлық аудандарын аралап шыққан еді. Сол кезде сарысулықтар бірқатар мәселелерді көтерген. Нәтижесінде Президенттің бұл тұжырымдамасы тұрғындар тілегінің тасада қалмайтынын көрсетті.
Саудакент ауылындағы аурухананың жайы талай жылдан бері өзекті. Тоқсаныншы жылдардың орта шеніне дейін аудан орталығы болған ауылда бүгінде 6007 адам тұрады. Бірақ пайдалануға берілген 1987 жылдан осы уақытқа дейін ауылдағы аурухана жөндеу көрмеген. Ауылдағы денсаулық сақтау нысаны тозған, бүлінген. Алайда Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру негізінде аталған аурухана облыстың даму жоспарына еніп, жөнделетін болды. «Аллаға шүкір дейік, мемлекеттің қарапайым халыққа жасап отырған жағдайы көп. Бірақ соның ішіндегі ұзақ жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе – Саудакент ауылдық ауруханасы осы күнге дейін жөндеу көрмеген екен. Мемлекет қолдауының нәтижесінде аурухана жөнделетін болды. Әкімшілік те нысанның қазіргі пайдаланып отырған бөлігін күрделі жөндеуден өткізіп, жылу жүйесін жаңарту мәселесін көтерген халықтың үніне құлақ асты», дейді Саудакент ауылының тұрғыны Орынтай Дүйсенов.
Ал бүгінгі аудан орталығы – Жаңатас қаласы үшін тұрғын үй мәселесі күн тәртібінен түспейтін мәселелер қатарында. Себебі мұнда жұмыс орны артқан сайын адам саны да көбейіп, тұрғын үй кезегі артуда. Осы орайда, жарты ғасырлық тарихы бар қалада мемлекеттік бағдарламалар аясында көпқабатты тұрғын үйлер қайта жаңғыртылып, оны пайдалануға беру жылдан-жылға іске асып келе жатқан жүйелі жұмыстардың бірі. Бүгінгі таңда коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде жалпы саны 1586 адам тізімде тұр екен. Қазір аталған мәселені шешу, тұрғындарды, әсіресе жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін барлық мүмкіндік қарастырылуда. Бұл Жаңатас қаласының тұрғындары үшін қуанарлық жағдай. Биыл қалпына келтірілетін 2 шағын аудандағы 90 пәтерлік екі үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Егер екі үй қалпына келтірілсе, кезекте тұрған 180 отбасы баспаналы болады.
– Жаңатас қаласындағы қалпына келтіруге жарайтын үйлер жылдан-жылға жергілікті, облыстық және республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға жөнделіп, осындағы кезекте тұрған халыққа берілуде. Бұл жергілікті халыққа үлкен үміт пен сенім сыйлайды. Бердібек Сапарбаевтың ақпан айындағы ауданға сапары кезінде мен көп балалы ана ретінде қаладағы көпқабатты үйлерді жөндеу жұмыстарын жалғастыру туралы ұсыныс білдірген едім. Рахмет, сөзіміз жерде қалмапты. Биліктің халықпен етене жұмыс істеуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының салиқалы саясаты деп білеміз, – дейді Жаңатас қаласының тұрғыны, көп балалы ана Нұрсая Есжанова.
Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Жамбыл облысының даму жоспарына Сарысу ауданынан бірталай нысан еніп отыр. Аталған жоспар аясында ауданның Жаңаталап ауылындағы 104 және Ұйым ауылындағы 133 абонентке «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында су құбыры тартылып, ауыл тұрғындарының ауыз су бойынша мәселесі толық шешіледі. Аудан әкімдігінің мәліметінше, ауыз су жүйесінің жаңарту жұмыстары биыл 31 желтоқсанға дейін жүріп, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы, бүгінгі таңда Сарысу ауданындағы 25 ауылдың 15-і таза ауыз сумен қамтылған. Жергілікті билік келесі жылы ауыз су мәселесі түбегейлі шешілетінін жеткізді. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Ақтоғай ауылындағы Ақтоғай орта мектебі 2003 жылы пайдалануға берілген. Алайда сол уақыттан бері аталған білім ошағы жөндеу көрмеген. Сондықтан 380 орындық типтік ғимарат күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Қазір жобалық-сметалық құжаты дайындалып, сараптама қорытындысы шыққан. Бұл да Жамбыл облысының даму жоспарына еніп отыр. Сол сияқты, ауданның Тоғызкент ауылындағы «Жанна» балабақшасы да күрделі жөндеуден өтетін болды.
Сарысу ауданы бүгінде су тапшылығын көріп отырған облыстағы бірден-бір аудан. Әрі облыс орталығынан шалғайда орналасқан. Бүгінде өңірдегі алқаптарды тиімді пайдалануға су қоймаларынан шығатын тоғандар мен сужетектерінің тозығының жетуі шаруаларға үлкен қолбайлау болып отыр. Жалпы, ауданда 2 су қоймасы мен 16 ішкі су жүретін канал және 8 бөгет бар. Аудан аумағынан 6 өзен ағып өтеді. Бірақ су тапшы. «Жаңа Кәрітоған» арқылы су өтетін «Сарыөзек» каналынан 5 ауыл егістікке су алады. Каналдың басынан 600 литрлік су салынса, су пайдаланушыларға дейін 200 литр су әрең жетеді. Каналды калың қамыс, табиғи шөп басып, бұрынғы бетон арық әбден ескірген. Соның салдарынан 400 литр су шығын болады. Бұл мәселені жою үшін каналдың табаны мен ернеулерін бетондау қажет екен. «Сарыөзек» каналы арқылы Ұйым ауылының егістік алқаптарын суландыру үшін қазір каналдың су өткізу мүмкіндігі бойынша қиындық туындауда. Ұзындығы 2500 метр «Сарыөзек» каналын бетондау бойынша Жаңаталап ауылдық округі тарапынан жобалық-сметалық құжаты жасалып, «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік мекемесіне ұсыныс беріліпті.
– Саудакент ауылының маңындағы халықтың нәпақасын айналдыруға септігі мол бақша суына байланысты көтерген мәселеміздің облыстың бас жоспарына кіргені қуантып отыр. Кезінде 45 гектарға дейін бақша еккен Ұйым ауылының тұрғындары «Сарыөзек» тоғаны арығының бетондалатынын естіп қуануда. Кезінде бұл тоғаннан Ұйым ауылының екі шетіне де бақша егіліп, осы ауданды пияз, сәбіз, қияр, қызанақпен қамтып қана қоймай, сонау солтүстік облыстарға дейін жөнелтетін. Мына 30 млн текше метр су жиналатын «Ынталы» қоймасынан алынатын су Ұйым, Жаңаталап, Игілік, Өндіріс, Саудакент ауылдарының барлығына қара күзге дейін жететін. Алайда тоған бетондарының тозығы жеткен соң канал басынан шығатын 600 литр судың 200 литрі ғана Ұйым ауылына әрең жетеді. Енді «Сарыөзек» су тоғанында кезең-кезеңімен бетондау жұмыстарының іске асатынына ауыл болып қуанып отырмыз, дейді Ұйым ауылының тұрғыны Сайлаубек Қалыбеков.
Сонымен қатар Жайылма ауылдық округін сумен қамтамасыз етіп отырған «Бүркітті» су қоймасының «Бүркітті» суағар каналы бар. Бірақ әбден тозығы жеткен суағардың отырған, жалғанған жерлері ашылған. Сол үшін «Бүркітті» су қоймасының жағалауын бекітіп, жаңадан бетондау керек. Ал ұзындығы 1548 метр болатын каналдың суағарын ауыстыру да басты мәселе. Дегенмен бұл су қоймасының да жобалық-сметалық құжаты дайындалған. Бұл ретте Жайылма, Қызылдиқан, Маятас ауылдарының шаруалары мемлекетке алғыстарын білдіруде.
Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібектің тікелей бастамасымен «Күлтөбе» каналы тазаланып, Саудакент ауылының 6 көшесіне бақша суы келгенін де жергілікті жұртшылық Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының шарапаты деп біледі. Ауыл тұрғындарының күшімен мұнда 3 рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 500-ден астам адам тартылған. Нәтижесінде 15 көшенің тұрғындары ауласындағы бақшаға су алып, есік алдындағы жерге бау-бақша мен жеміс талдар егуде. Сол сияқты, ауылдардағы жолдардың жөнделуі де тұрғындардың қуанышын еселеуде. Сарысу ауданы бойынша ағымдағы жылы жөнделуі жоспарланған көшелер көп. Аудан орталығы Жаңатас қаласындағы 11 көшенің жол жабындысына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлінген. Сондай-ақ Тоғызкент ауылындағы Саңырық батыр көшесінің жол жабындысына орта жөндеу, Әбілда ауылына кіреберіс жолдың жабындысына орта жөндеу, Көкдала-1, Игілік, Өндіріс, Маятас, Ұйым ауылдарының кіреберіс жолдарының жабындысына орта жөндеулер жүргізу үшін қаржы бөлініп отыр. Мұның бәрі де мемлекет қолдауының нәтижесінде мүмкін болуда.
Жамбыл облысы